Лента новостей
0

Медеу Арынбаев: Қыдырәлі, Ерлан үшеуміз жиналып серт берген кездеріміз де болды

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 01.07.2016 18:55 Zakon.kz
«АБК» алдын-ала жобаланып, құрылған топ емес. Бұл аяқ астынан, намыстан құрылған топ.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында «Тамшылар» әнімен халыққа танылған «АБК» тобының құрылғанына биыл 20 жыл. Трио ерекше ән орындау мәнері мен сапалы музыка ырғағымен көптің жадында қалды. Топтың сол жылдардағы жетекшісі әрі мүшесі, бүгінгі әйгілі продюсер Қыдырәлі Болманов. «АБК» тобы тарағаннан кейін «Ұлытау» тобын құрып, жары Қарақатқа продюсер болған ол, 6 шілде күні Астанада мерейтойлық концерт өткізбек ниетте. Айтулы шараға орай, «АБК» тобының бұрыңғы мүшесі, танымал әнші, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, композитор, Медеу Арынбаев zakon.kz тілшісіне арнайы сұхбат берді.

Медеу Уәлиханұлы «АБК» тобын құру, трио болып ән айту идеясы қайдан пайда болды?

- «АБК» алдын-ала жобаланып, құрылған топ емес. Бұл аяқ астынан, намыстан құрылған топ. Қыдырәлі Болманов, Ерлан Көкеев және мен бас қосып, «қайдасын» әнін орындап көрдік. Шынын айту керек, 90 жылдары нағыз талантты деп, ауыз толтырып айтар санаулы ғана әншілер болды. Енді-енді еңсесін тіктеп, аяғына тұрып келе жатқан Қазақстан, 1995-1996 жылдары көптің алдында тек «Азия даусының» әншілері жүрді. Солардың қатарынан бізде орын алдық. Жарқ етіп шыққан топ жоқ, сол жылдары әсіресе өзге ұлт өкілдерінің өнері, орыс тіліндегі әндер ерекше сұраныста еді. Ал біз үшеуміз «Азия даусының» қатысушыларымыз, қазақ тілінде "әу" дейтін санаулы әншілердің қатарында болдық. Дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп орындап, ұмыт қалған туындыларды эстрадаға салып айтып жүретінбіз. Ал басқалар жеңіл әндерді орындап, попса стилінде ән шырқайтын. Оның барлығы елдің көңілінен шығып, қошеметке ие болатын, бізден әлде қайда алда жүретін. Ол жылдары мен «Үкілі Ыбырай», «Гәкку» әндерін орындап жүргем, Қыдырәлі болса «Сүгірдің термесін» айтып, Ерлан «Екі жирен» халық әнін шырқайтын. Бұл әндер попса әндерінің орындалуына қарағанда, әлде қайда қиын болатын. Оған аранжировка жасап, өңдеу біраз уақытты алатын. Содан, бір күні үшеуміз жиналып, қанекей бұрыңғы әндердің бірін, гитараның сүйемелдеуімен айтып көрейікші дедік. Таңдау «Досмұқасан» тобының «қайдасын» деген әніне түсті. Сол жылдары кәсіпкерлердің ісі өрге домалап, жаңа-жаңа түнгі клубтар ашылып жатқан уақыт еді. Әнімізді де билеуге лайықты, заманауи үлгіде орындап шығуға тырыстық. Қазір есімде жоқ, "қала күні" ме екен, әйтеуір мерекелік шара болатын, сонда тәуекелге бел байлап алғаш рет сол өңдеген әнімізді айттық. Бірден жақсы қабылданды, әсіресе мына жастардың әнге деген ықыласы өзгеше болды. Сол кезде түсіндім, халыққа ырғақты, заманауи ән керек екенін. Жалпы айтқанда бізге де, халыққа да істеген дүниеміз ұнады. Ол кезде продюсер деген түсінік мүлдем жоқ болатын, десекте сол кештен кейін Қыдырәлінің топты алға қарай сүйреуге, көпке таныстыруға, жаңа әндер, туындылар жасауға ынтасы оянды. Оған оның қабілеті де, күш-жігері де жетерлік еді. Бірнеше күннен кейін хабарласып, Медеу тағы бір ән орындасақ қалай болады деді. Мен бірден келістім. Ендеше, бала кезімізден айтып жүрген сазгер Ахмедия Есмұхановтың «Тамшылар» әнін айтып көрейік деп ұсындым. Қыдырәлі мен Ерлан бірден қолдады. Сол әнді жазуға кірісіп кеттік. Бірақ, топ құру деген ой әлі ешкімнің ойына келген емес, тіпті ол туралы әңгіме де қозғалмайтын. Бейнеклип түсіруге Қыдырәлі жүгірді, қажетті қаржыны да өзі тапты. Клип түсірілді, қосымша концерттерге шақыру ала бастадық. Ары қарай «Азия даусы» конкурсына трио болып қатысып, өнерімізді паш еттік. «АБК» триосы деп ат қойдық топқа. Бірге ән айту бәрімізге үйреншікті бола бастады. Өнеріміз өрге жетелеп 5 жыл бірге сахна төріне шықтық. Бұл жылдары продюсерге тиесілі ауыр жүкті Қыдырәлі өз мойнына алды, мен музыкалық әрлеу жағына, ал Ерлан жарнама жағына ат салысты. Барлығымыз бірге жұдырықтай жұмылып жұмыс істедік. Осының нәтижесаінде 1996 жылы «АБК» триосы пайда болып, көптің ықыласына бөленді.

Репертуарды қалай таңдадыңыздар?

-Біз алдын-ала ән жаздырған жоқпыз. Кешке үшеуміздің біреуіміздің үйіне жиналып, қолымызға гитараны алып, әндететінбіз. Сондай кештердің бірінде барлығымыз Қырғызстанннан келген әншінің «Ода любви» атты әнін орындадық. Бәрімізге қатты ұнады. Дереу авторынан біз осы әнді айтсақ болады ма деп рұқсатын алдық. Ол жылдар бір қызық еді ғой, қазіргідей авторлық құқық, талап, шарт деген түсінік болмайтын. Бастысы автордың келісімін алсаң жарайды. Екінші күні студияға барып, ән жаздық. Ол бірден хитке айналды. Көшеде екінің бірі айтып жүрді десем артық айтқаным емес. Содан «говори о любви, Әсел» деген әндерді айттық. Осы «Әсел» деген әнді Ерлан екуіміз таңдағанбыз, бізге қатты ұнайтын. Меніңше сол жылдары бізбен бәсекеге түсетін топ болмады. Қазіргідей емес, ол кездің талабы бөлек болатын, телеарналарға да жиі шығып, өнер көрсететінбіз. Ұнаған әндерімізді жақсылап жазып, сапасына мән беретінбіз. Оған қоса біз көпке таныс әндерді, отырыстарда гитарамен шырқайтын әндерді таңдайтынбыз. Сондықтан болар көбі халықтың көңілінен шығып жататын. Кез-келген әнді ақылдасып, келісіп, әркім өз ойын айтып таңдадық. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығардық, бір үйдің балаларындай жұмыс істедік. Тасымыздың өрге домалағаны да содан болар. Әрине бір әнді жабылып үш адам орындаған қиындау, десекте репертуар таңдарда біз жүректен шыққан әндерімізді халыққа тарту еттік. Бойымызда жастық жалын, көзде от бар, сол себептен болар халыққа әдемі топ ретінде танылдық.

«АБК» тобы құрылғанға дейін үшеуіңіз жеке-жеке ән айтып жүрдіңіздер. Сол жылдары топ болып жұмыс істеген ұтымды болды ма? Әлде қазір жеке ән айтып жүре беруім керек пе еді деп ойлайсыз ба?

-Бәрімізге белгілі, тоқсаныншы жылдардың басы оңай болмады. Халықтың басым бөлігінде тұрмыстық жағдай нашар, қаражат жағы тапшы еді. Кейде отырып ойланамын, осы тағы бір-екі жыл жеке ән айтып жүре тұрғанымда халық мені Медеу Арынбаев деп танырма еді. Менің өнеріме тәнті, қолдау танытам деген жандар болды. Тіпті ән жазу да жоспарымда тұрған. Ерланның да өз ойы, жоспарлары болды. Енді Қыдырәлі бізден бірнеше жыл бұрын сахнаға шыққан, бізге қарағанда оның тыңдармандары көбірек еді. Мойындау керек, дәл сол жылдары «АБК» тобын құрып ән айту өте тиімді болды. Бір қызығы бірге жазған үш-төрт қана өлеңіміз бар болатын. Сол ән қоржынымызбен гастрөлдік сапарға шықтық. Концерттің басында жеке-жеке шығып ән айтып, соңында сол қоржынымыздағы үш-төрт әнді орындайтынбыз. Солай ел аралап, өнер көрсетіп жүрдік. Тезірек ән жазып, репертуарымызға жаңа туындылар қосуға тырыстық. Жеке орындауымыздағы әндерді де қатар жазып жүрдік. «АБК» тобы бәрімізге табысты болды, гонорарымыз да көңілімізден шығатын. Тапқан табысымызды тең бөліп, жартысынан көп бөлігін топтың "ертеңіне" керек деп сақтап қоятынбыз. Бәріміз оған келісіп, ешқандай қызғанышсыз, тартыссыз еңбек еттік. 100 пайыз бір-бірімізге сендік. Тіпті үшеуміз жиналып серт берген кездеріміз де болды. Тек соңғы жылдары ғана Ахмет Байтұрсыновтың «аққу, шортан, Һәм шаян» атты өлеңіндегідей, үшеуміз еркелікке салып, жан-жаққа тартысып кеттік.Үлкендігімізді Ерлан көтермей, топтан бізге айтпай кетіп қалды. Ал негізінде халықтың игілігіне бөленген, ауыз толтырып айтарлықтай топ болып өнер көрсеттік.

Қыдырәлі Болманов бір сұхбатында топтың жетекшісін таңдарда, енді қазіргі тілмен айтқанда продюсерін сайлағанда барлығымыз отырып дауыс бергенбіз дейді. Сонда Ерлан Көкеев екеулеріңіз бір ауыздан Қыдырәлі Болмановты сайлапсыздар. Ол топты алға жетелейді деп сенімді болдыңыздар ма?

-Қыдырәлінің бойында бірбеткейлік, алдына қойған мақсатынан таймайтын мінезі бар. Ал сезімталдығы бұл бөлек әңгіме. Продюсер кез-келген қамалды ала білетін, тіл табыса білетін адам болуы керек қой. Жалпақ тілмен айтқанда менің жобам, менің тобым деген өткір мінезді жан болғаны шарт. Сол қасиет оның бойында бар. Расын айту керек, мұндай қайтпайтын мінез не менде, не Ерланда жоқ. Сондықтан болар, біз көңілімізді өнерге бөліп, ал Қыдырәліге ұйымдастыру жағын бердік. Ол кезде продюсер жоқ қой, сондықтан жетекші тізгінің сен ал деп шештік.

Қыдырәлі Болмановтың «Ұлытау» атты тың жобасы туралы ойыңыз қандай? Бұл топ несімен ерекшеленеді?

- «Ұлытау» аспапты этно-рок стиліндегі музыкалық ұжым. Яғни, фольклорлық рокты орындайды. Біздің қазақтың күйлерін рок стиліне салып, ойнап жүр. Бұл бастамалары әсіресе шетелдерде өте жақсы қабылданып, қошеметке ие. Батыстың халқына мұндай музыкалық стиль кішкене ерсі. Өйткені оларға бейтаныс бағыттағы музыканы, яғни күйлерді рок стилінде есту. Топтың ұтымды түскен тұсы да осы болар, өнер сүйер қауымға біздің музыканы өздерінің тілінде, стилінде жеткізу. Шынын айту керек, «Ұлытаудың» бүгінгідей жетістіктерге, сыйлықтарға ие болуы ол біріншіден Қыдырәлінің еңбегі. Қазір «Ұлытаудың» өзінің имиджі, музыка сахнасында ойып тұрып, орын алатын дәрежесі бар. Осыдан 15 жыл бұрын бұл топ алғаш рет ел алдына шыққанда көбі таңдай қағып, тамсанған. Орталарында қазақтың күйін бұлай неге өзгертті деп сөккендер де кездесті. Дегенмен, мұндай ықыласқа бөлену ол әрине еңбектің арқасында. «Ұлытаудың» да еңбегінің, Қыдырәлінің продюсерлік біліктілігінің, жігерлілігінің, қайтпас мінезінің арқасында «Ұлытау» Қазақстанда «Ұлытау» болып тұр. Бастысы, кәсіби музыканттар, өңдеу жағынан сапасы өте жоғары рок музыканттар. Бүгінгі күні инструменталды топтар көп. «Сазген» деген сияқты. Өкінішке орай өз елімізде бұлай стадион жинамайды. Инструменталды музыка өзімізде өте қоймас. Бұл тек қана «Ұлытауға» ғана емес, барлық инструменталды топтарға байланысты. Музыкант ретінде айтатыным халық көп қызықпайды, сондықтан болар көптеген инструменталды топтардың екінші, үшінші сатыда жүргені. Кейбірі артынан вокалды инструменталды ансамблге айналып кетеді. Соңғы 10-15 жылда көптеген инструменталды топтардың да жоғалып кеткені содан болар. Өйткені сұраныста жоқ. Барлығы қазір фонограмма болып кетті.

Қыдырәлі Болманов «Ұлытау» тобынан бөлек, Қарақат Әбілдинаның да продюсері. Егер Болманов болмағанда Қарақат Әбілдина бүгінгідей елге танылар ма еді?

- Қарақат өте талантты, керемет әнші деп білемін. Консерватория түлегі. Қарақат домбырасын қолына алып, көптің алдында ән салғанда бүкіл ел құлағының құрышын қандырып отырып, тапжылмай тыңдайды. Қыдырәлі де, Қарақат та музыканттар. Сондықтан болар, бірін-бірі түсініп, көп жағдайда қолдайды. Екеуі тамаша жұп, олардың махаббаты көздерінен-ақ аңғарылады. Елге үлгілі отбасы, талантты әртістер ретінде таныс. Бірақ Қарақат алғашқы жылдары елге дәстүрлі әндерімен танылған. Ол қазір эстрадада ән айтып жүр, ал негізінде дәстүрлі әндерді дәл осы Қарақат сияқты орындайтын әншілер саусақпен санарлық. Қазір «той бизнес», «шоу бизнес» дейміз, әрине ол жерлерге де барып ән салады ғой. Шақырту алды, күнкөріс деген сияқты. Дәстүрлі әншілердің бүгінгі жағдайын сіздер менсіз де біліп отырсыздар. Бұл жерде Қыдырәлінің продюсер ретінде көрегендігі, сезгендігі болар, Қарақатты эстрадаға шығарғандығы. Қарақат жеке концерттерінде дәстүрлі әнші ретінде өзін басқа қырынан көрсете білер, бірақ халыққа қайткенде де күнделікті азық ол заманауи әуен. Халықты жетелейтін әндер бір бөлек, ал иегінде жүретін әндер мүлдем бөлек. Қазақ эстрадасында өкінішке орай бір бағытта жүру өте қиын, қолыңнан келсе жан-жақты болғаның абзал. Өнердің ішінде сегіз қырлы болуын керек. Әсіресе қазақ эстрадасында. Дегенмен де Қарақаттың алар биігі әлі алда, бағыты дәстүрлі ән деп ойлаймын.

6 шілде күні мерейтойлық концертке қатысасыз ба?

-Ия 6 шілде күні елордамыз Астанаға барамын. Қанша жыл иық тірестіріп еңбек еттік, 3-4 өлеңді бірге айтуға бел буып отырмын. Ерлан екеуміз Қыдырәліні достары ретінде қолдаймыз, барып ән айтамыз. Сол жылдардағы әндерімізді шырқаймыз, көптің жақсы көретін әндерін естисіздер.

20 жылдан астам уақыт Қыдырәлі Болмановты танисыз, қиын кездерде сүйеу бола білген досыңызға қандай тілек айтасыз?

- Мен білетін Қыдырәлі ол сол баяғы досым. Бүгінде әріптесім, замандасым. Кемелеріміз әрине әр бағытқа кетіп қалды, баяғыдай араласамыз деп айта алмаймын. Өйткені әркімнің өз тірлігі, жұмыстары бар. Сондықтан көп жағдайда уақыт та табыла бермейді. Осындай үлкен жобалардың алдында, концерттің алдында жиірек хабарласамыз. Қыдырәліге ең бастысы денсаулық тілеймін. Өзін-өзі күтсе екен деймін. Оның бойында Шыңғысханның мінезі бар, сондықтан өзін сақтасын. Ол өте еңбекқор, әр жобасына, тобына, бастамасына үлкен жауапкершілікпен қарайды, алдына жан салмайды, өзін аямайды. Мен өнер адамы ретінде айтып отырмын, өзін көбірек күтсе екен деп тілек білдіремін. Ол әлі талай белесті бағындырып, бұдан да биік жетістіктерге жетеді. Оны тіпті бәрімізге дәлелдеп те келеді. Еңбегінің жемісін көрсе екен деп тілеймін.

Медеу Уәлиханұлы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет, сау болыңыз!

Сіздерге де көп рахмет, сау болыңыздар!

Әйгерім Тарина

Фото: www.time.kz

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: