Лента новостей
0

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы қатынастарын халықаралық-құқықтық реттеу

zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 20.02.2017 18:06 Фото: zakon.kz

 Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы қатынастарын

халықаралық-құқықтық реттеу

 

Елімізде неке және отбасы қатынастарын мемлекеттік қорғау және қолдау мақсатында 1998 жылы 17 желтоқсанда «Неке және отбасы туралы» Заң қабылданды.

Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес: отбасы дегеніміз - некеден, туыстықтан, дүниеге бала әкеліп, оны тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын өзара жәрдемдесуге тиісті адамдардың тобы. Біздің елімізде неке ер мен әйелдің арасында пайда болады.

Халықаралық құқықтағы неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы қатынастарын реттейтін нормалар қатарына «Адам құқықтары туралы» Жалпыға бірдей Декларация, «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды қорғау туралы» Халықаралық пакт, «Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық қатынастар және құқықтық көмек туралы» 1993 жылғы 1 қаңтардағы Минск Конвенциясы, Қазақстан Республикасы заңымен 1999 жылғы 30 желтоқсанда ратификацияланған «Шет елден алимент өндіріп алу туралы» 1962 жылғы 5 қыркүйектегі Конвенция, «Некеге тұруға келісім беру, неке жасы және некеге тіркеу туралы» 1966 жылғы халықаралық Конвенция, сонымен бірге, 1966 жылғы «Азаматтық және саяси құқықтары туралы» пактінің факультативты протоколы, «Бала құқығы туралы» 1959 жылғы халықаралық Декларация, Біріккен Ұлттар Ұйымының 1959 жылғы «Балалар құқығы туралы» Конвенциясы, «Балалар құқықтарын қорғау және халықаралық бала асырап алу туралы» 1993 жылғы 29 мамырдағы Халықаралық Конвенция жатады. Қазақстан Республикасы осындай көптеген конвенцияларды мойындап, осы бағыттағы халықаралық ұйымдарға мүше болып табылады.

Отбасы - қоғамның ең басты ұясы болғандықтан, мемлекет оған ерекше қамқорлықпен қарайды, мүмкіндігіне қарай көмектеседі, кім-кімнің болсын сырттан заңсыз араласуына жол бермейді және қорғайды. Әрине некеге отырған, отау тіккен адамдарға мемлекет те белгілі бір талаптар қояды. Тек осындай талаптар орындалған жағдайда ғана, мемлекет неке, отбасына қамқорлық жасау туралы міндеттемелер қабылдайды. Мұндай талаптар кездейсоқ емес, олар азаматтардың кемелденуіне және қоғамның мүдделеріне байланысты туындайды. Сондықтан, отау тігу үшін заңда көзделген шарттарды сақтау қажет. Отбасы құқығы бойынша неке - бұл ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен, заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалатын еркек пен әйел арасындағы тең құқықтық одақ.

Отбасы құқығының материалдық-құқықтық нормалары түрлі мемлекеттерде үлкен алуандылықпен көзге түседі, ал бұл өз кезегінде осы саладағы шетел қатысуымен болған құқықтық қатынастарда коллизиялардың пайда болуына алып келеді. Экономикалық құрылымның ерекшеліктерімен қатар, отбасы қатынастарын реттеуге, сонымен қатар, ұлттық, тұрмыстық, діни ерекшеліктер мен салт-дәстүр әсер етеді.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының жаңа кодексі құқықтық қабілеттілік пен әрекет қабілеттілігі туралы заңды анықтама бермейді. Отбасы құқығында құқықтық қабілеттілік пен әрекет қабілеттілігі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіндегі мағанада қолданылады. Азаматтық әрекет қабілеттілігінің өзгеруі отбасылық қатынасқа да тікелей әсер етеді. Азаматтық әрекет қабілеттілігінің шектелуі немесе жойылуы отбасылық құқықтық қабілеттіліктің шектелуіне немесе жойылуына әкеледі.

Осылайша, отбасылық құқықтық әрекет қабілеттілігі дегеніміз мүліктік және мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді иелену тәсілі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 13 бабының 2 бөліміне сәйкес азаматтық құқықтық қабілеттілік туған кезден бастап пайда болады. Отбасы құқықтық қатынасына қатысты құқықтық қабілеттілік туғанынан басталып, белгілі бір жасқа жеткенде кеңейе түседі.

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы құқығында құқықтық қабілеттілік құрамына кіретін құқықтық мүмкіндіктер көп түрлі. Мысалы некеге отыру, бала асырап алу, қамқоршы немесе қорғаншы болып тағайындалу қабілеттіліктері. Бұл қабілеттіліктердің барлығы белгілі бір жасқа жеткенге дейін құқық субъектісінің өзінің әрекетімен де, оның заңдық өкілімен де жүзеге асырылмайды.

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы құқығы некелесу, туыстық, бала асырап алу және баланы отбасы тәрбиесіне қабылдаудың басқада нысандарына орай, пайда болатын, яғни отбасы қатынастарын реттейтін құқық саласы болып табылады. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы құқығының пәнін құрайтын қоғамдық қатынастар мүліктік немесе өзіндік (мүліктік емес) болуы мүмкін. Мүліктік және өзіндік құқықтың басқа да салаларының бірінші кезекте азаматтық құқықты реттейтін пәнін құруы мүмкін. Бірақ, аталған қатынастардың басымдығы, бір жағынан, азаматтық құқықта, екінші жағынан, отбасы құқығында бірдей емес. Азаматтық құқықтың негізгі міндеті мүліктік қатынастарды реттеу болып табылады. Ол өзіндік қатынастарды, олар мүліктік қатынастардан туындайтын болса, немесе қандай да болмасын өзіндік қатынастарды реттеу туралы арнайы нұсқау болса ғана реттейді. Бұған керісінше өзіндік қатынастарды реттеу отбасы құқығының негізгі міндеті болып табылады. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы құқығының пәніне кіретін мүліктік қатынастар жеке адамның құқықтары мен міндеттеріне байланысты болады. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы құқығының азаматтық құқықтан айырмашылығы да, міне, осында жатыр.

Сонымен бірге, жеке қатынастардың артықшылығы жөнінде қозғағанда мынаны ескерген жөн: бұл қатынастардың барлығы бірден құқықтық реттеуге жатпайды. Профессор О.С. Иофоде атап көрсеткендей, неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы қатынастырына жататын заңды тұрғыда нормалаудың обьектік мүмкіндіктерінің белгісі бір дәрежеде шектеулі болады да, сырттан бақылаудың ырқынына шығып кетеді.

Отбасы құқығын зертттеуші кеңес ғалымы Е.Н. Вороженкин: «өзіндік сенімге ие бола алмаған отбасылық қатынастарды жасанды деп есептеу керек. Көп жағдайда мұндай қатынастар тоқталуы тиіс немесе ол басқа жолымен реттелді», - деп жазды.

Демек, мемлекет те некелі болып өмір құрған отбасына, белгілі мөлшерде талап та қояды. Талаптар коя отырып, мемлекет некелілерге, отбасына камқорлық көрсетуге міндеттенеді. Бұл талаптар тегіннен -тегін емес, ол азаматтардың (жеткен жетістігі мен есеюіне және т. б.), коғамның (жақсы отбасы — игіліктің негізі) қамы үшін қойылады. Сондықтан, отбасын құру үшін заңда қаралған жағдайлар жасалуы керек. Некелік жас ерлер үшін — 18 жас, әйелдер үшін 17 жас болып белгіленген. Кейбір жағдайларда әйелдер үшін некелік жас бір жылға қысқартылуы мүмкін. Некелік жасты бір жылға қысқарту үшін некеге тұруға ниеттенген қыз өтінішті өзі жазуы керек. Мұндай өтінішті кызбен келісе отырып, оның ата-анасы немесе асырап алған басқа да туысы жазуына да болады. Некелік жастың бір жылға кемітілуі туралы мәселені жергілікті әкімшілік шешеді. Әдетте, некеге тұруға қабілеттілік адамның 18 жасынан басталады деп танылған (адамдар бұл құқығын өз еркінше шешіп, өз ісіне өзі жауап береді). Егер некеге тұру 17 жасқа толмайынша рұқсат етілмесе, 18 жасқа толғанда бұл мәселе толығынан шешілетіні белгілі. Мұның өзі, атап айтқанда, ерлі-зайыптылардың бала тәрбиелеудегі тең құқығын, мүліктерді пайдалану, тағы басқа отбасы өміріндегі тең құқықтық міндеттер мен мәселелерді шешіп, айқындау үшін де қажет.

Қорыта келгенде, отбасыға мынадай анықтама беруге болады: қазіргі заманғы отбасы - ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы некеге құрылған негізгі әлеуметтік топ, отбасыға сонымен бірге ұрпақтары (ұл-қыздары) да кіреді.

Отбасы нақты қоғамда өмір сүреді, сондықтан отбасының жалпы сипатымен қатар өзі өмір сүретін қоғамдық қатынастардың мазмұнына сәйкес ерекше белгілері де болатыны түсінікті.

Көбіне, некеге тұрушылардың екеуінің екі мемлекетте болуы, олардың некелеріндегі жастарының айырмашылығы, әрекет қабілеттілігі, некені тоқтату салдары туралы сұрақтарды шешу қиын мәселе болып табылады.

Біздің заңнамада осы неке және отбасы қатынастарына байланысты қандай ережелер қолданылатынына ерекше назар аударған жөн.

Біріншіден, Қазақстан Республикасының Конституциясына сейкес ер адамдар мен әйелдердің тең құқықтарға ие екендігін алға тартқан жөн. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасылық қатынастар үшін ерлі-зайыптылардың отбасындағы сұрақтарды шешудегі тең құқықтық жағдайда болуы үлкен маңызға ие болып табылады және бұл отбасындағы бала тәрбиесінде де қатысты болып келеді. Біздің неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы құқығы саласындағы заңнама бала мен ананы жан-жақты қорғауға бағытталғандығын айту керек. Неке және отбасылық қатынастарда тегіне, әлеуметтік, мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге деген қөзқарасына байланысты кез-келген өзге жағдайлар бойынша кемсітушілікке жол берілмейді. Бірқатар мемлекеттердің отбасы құқығына әр адамның басшылығы тән болып табылады: көптеген мемлекеттерде осы күнге дейін отбасындағы әйел мен ер адамның теңсіз құқықтық жағдайлары орын алуда. Бұл мемлекеттердің отбасылық заңдарында неке шарты деген түсінік бар, онда некеге тұрғанша неке шарты бекітіліп, ер адам мен әйел адамның мүлкіне деген құқықтарын анықтайды.

Көптеген мемлекеттердің заңнамасы бір ғана некенің (моногамия) болуын бекітеді. Бірақ, қазіргі күнге дейін Азия мен Африканың көптеген мемлекеттерінде көп әйел алушылық (полигамия) танылады. Некеге тұру кезінде қалындыққа ақы төлеу және басқа да архаикалық әдет-ғұрыптар күні бүгінге дейін сақталуда. Бұның бәрі неке және отбасы құқығындағы әйелге қатысты дискриминацияның болуын білдіреді. Бірқатар елдердің заңнамасы мен тәжірибесі нәсілдік кемсітушілікке жол береді: түрлі нәсіл мен дінге көзқарастары бөлек адамдарға некеге отыруға тыйым салынады.

Осы жекеленген неке және отбасы заңнамасындағы әр түрлі жағдайда екі мемлекеттің азаматы некеге отырған уақытта коллизиялық сұрақтарды шешу үлкен маңызға ие болып табылады. Батыс мемлекеттерінде неке және отбасы құқығы қатынастарындағы коллизиялық нормалар алуандылыққа ие. Некелік құқық қабілеттілік, яғни некеде тұру жасы, некеге тұруға кедергілердің болмауы - мұның барлығы түрлі мемлекеттерде ерлі-зайыптылардың өздерінің жеке заңдарымен анықталады. Некені тоқтатқан кезде түрлі азаматтыққа ие ерлі-зайыптылар арасында бірқатар мемлекеттерде ер адамның азаматтық заңы қолданылады.

Бір мемлекетте сол елдің заңының талаптарын сақтай отырып жасалған неке сол мемлекетте танылғанмен, басқа мемлекеттерде танылмауы да мүмкін, ондай жағдайды халықаралық құқықта «ақсаңдаған неке» («хромающие браки») деп атайды.

Некедегі ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастары бірқатар мемлекеттерде ер адамның жеке заңымен анықталады. Мысалы, Венгрияның «Халықаралық жеке құқық туралы» Заңының 30-тарауына сай, неке жарамдылығының материалдық-құқықтық шарттары некеге тұрушылардың «ортақ жеке заңдарымен анықталады». Егер де бұл тұлғалардың заңдары әртүрлі болып келсе, онда некенің жарамдылығы сол екі тараптың жеке заңдарымен жарамды деп танылса, жарамды болып баға беріледі.

Венгрияда некенің нысана отыру жерінің құқығы қолданылады. Қытай Халық Республикасында Қытай азаматы шетел азаматымен некеге тұратын болса, онда некеге отыру жер заңы қолданылады. Ал некені тоқтату кезінде - некені тоқтату туралы мәселені шешетін орган - сот елінің құқығы қолданылады. (Қытай Азаматтық құқығының жалпы ережелерінің 147-бабы).

Венгрия мен Румынияда некені тоқтату туралы сауалды шешу кезінде негізгі қағиданың бірі болып, ерлі-зайыптылардың заңдары танылады.

Қазіргі заман жағдайында, халықаралық қатынас пен әріптестіктің дамуы кезінде қазақстандық азаматтардың шетел азаматтарымен некелесуі көптеп орын алып отыр. Мұндай некені бекіту, өз кезегінде балалар мен олардың ата-аналарының түрлі азаматтықта болу жағдайларын көбейтеді.

Қазақстан Республикасында қазақстандық азамат пен шетел азаматының некесі, сонымен қатар шетелдіктердің де некесі бекітіле береді. Біздің заңнама, өз азаматтарымыздың басқа шетел мемлекетінің азаматымен некелесуге тыйым салып, ол үшін рұқсат сұрауды талап етпейді.

Біздің азаматтардың шетел азаматтарымен некелесуі, сонымен қатар шетел азаматтарының өздерінің арасында некелерін бекітуі Қазақстан Республикасының заңнамасына бағынады. Басқа сөзбен айтқанда, бұл салада «некеге отыру жер заңы» немесе «Іех loci celebrationis» деген коллизиялық кағида қолданылады. Неке біздің заңнамада көзделген нысан бойынша жасалады, яғни азаматтық хал актілерін жазу органдарында, осы некені тіркеудің бекітілген ережелерін сақтай отырып тіркеледі. Қазақстан Республикасында некеге тұру туралы келісім некеге тұрушылардың өздерімен жасалуы тиіс болып табылады. Бірқатар елдерде (Испания, Перу т.б.) некеге тұрушылар сенімхат беріп, өкіл арқылы некеге тұруларына жол беріледі. Біздің заң мұндай өкілдік етуге жол бермейді.

Шетелдіктердің де некеге тұруларының материалдық шарттары олардың ұлттық заңнамасымен емес, біздің заңнама бойынша анықталады. Мәселен, қазақстандық неке және отбасы заңнамасына сәйкес некеге отыру үшін екі жақты келісім, белгілі бір жасқа толу және тағы басқа талаптар қойылады.

Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» кодексінің 11-бабында «Егер тұлғалардың бірі басқа некеде тіркелген болса, онда ол жаңа некеге отыра алмайды» делінген, яғни егер шетелдіктің өз заңы көп әйел алушылыққа жол берсе, онда ол біздің республикамызда некеге отыра алмайды.

Шетелдік азамат, егер оның өз заңы екі некеге рұқсат бергеннің өзінде бізде некесін тіркеуді талап ете алмайды. Кейбір мұсылмандық елдерде (Түркия, Ирак) екі некеге рұқсат етілмейді.

80-жылдары Болгариямен, Вьетнаммен, Венгриямен, Финляндиямен бекітілген құқықтық көмек керсету туралы шарттарда некені бекіту нысаны неке бекітілген мемлекеттің заңымен анықталатындығы айтылады.

Материалдық шарттар жағдайында құкықтық көмек керсету шарттары қамтып кеткен. Мысалы, Вьетнаммен КСРО-ның арасында жасалған құқықтық көмек көрсету шарттарында ерлі-зайыптылардың мүліктік жағдайы сол азаматы болып табылатын мемлекеттің заңнамасымен шешіледі деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасының Азаматтық туралы Заңында Қазақстан Республикасы азаматының шетел азаматымен некеге тұруы немесе онымен некені тоқтатуы азаматтықтың өзгеруіне алып келмейді деп көрсеткен.

Бір некелесушінің өз азаматтығын өзгертуі екінші азаматтың азаматтығының өзгеруіне алып келмейді.

Халықаралық жеке құқықтағы отбасы және неке қатынастарын реттейтін заңнамалар бойынша ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттер атқарады.

Қазақстанның заңнамасы бойынша да және халықаралық жеке құқықтағы отбасы және неке қатынастарын реттейтін заңнамалар бойынша да бірлескен өмір кезінде жиналған мүлік ортақ меншік болып табылады. Әдетте, отбасындағы мүлік ерлі-зайыптылардың екеуінің еңбегінің нәтижесінде жиналады. Кейде зайыбы жұмыс істемеуі, үй шаруасында және бала тәрбиесімен айналысуы мүмкін. Әрине, егер отбасында мүліктің кімдікі екендігі туралы дау туған жағдайда, олар мүліктің тағдырын шешу жөніндегі өтінішпен сотқа жүгіне алады. Сот мүліктің пайда болуына қатысты барлық мән-жайды ескере отырып, мәселені әділетті шешуі тиіс. Сот ерлі-зайыптылардың тәртіп жағдайын (екеуі де өмір салтын ұстана ма немесе бір жағымсыз қылықтарға бой ұрған ба, ішімдікке салынған емес пе т.б.), бір-біріне деген, балаларына деген қатынасын ескереді. Ортақ мүліктегі кейбір заттар (пәтер, машина т.б.) ерлі-зайыптылардың бірінің атына жазылады. Тіпті осындай жағдайдың өзінде ол ортақ мүлік болып табылады. Сондықтан ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінің келісімінсіз ол заттарды сатуға, алмастыруға, сыйлауға және мұраға қалдыруға құқығы жоқ. Ерлі-зайыптылар ортақ мүлік тағдырын өзара келісіп шешуі тиіс.

Өз мүлкіне келтірілген зиян үшін ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өзі жеке жауап береді. Егер ерлі-зайыптылардың біреуі қылмыс жасаудың нәтижесінде басқаның мүлкін бүлдірсе, ол өзінің жеке мүлкімен жауап береді, ал егер ол жетпесе, онда ортақ мүліктегі өз үлесінен төлейді. Егер жалпы ортақ мүлік жасалған қылмыстың нәтижесінде пайда болса немесе көбейсе, онда екіншісіне келтірілген зиянның орны жалпы мүлік есебінен толтырылады. Әрине бұл мәселелердің бәрі осы іске қатысты барлық деректер жан-жақты тексерілуі негізінде сот арқылы шешіледі.

Айтылғандардан көргендей, ерлі-зайыптылар арасындағы қатынас жалпыға мәлім моральдық нормаларға ғана емес, заң нормаларына да орай құрылады. Дау туған жағдайда, мүліктің тағдырын сот шешеді, сот алдында олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жауаптылығы да бірдей болады.

Жалпы, бұл мәселе бойынша арнайы ережелер құқықтық көмек туралы арнайы келісімдерде болуы мүмкін. Мысалы, Венгрия, Болгария және Польшамен жасалған келісімдерге сәйкес егер ерлі-зайыптылар бір мемлекет азаматы бола тұрып, басқа мемлекеттің аумағында тұрып жататын болса, онда ол қатынастарда олардың тұрып жатқан мемлекетінің заңы қолданылады. Мұндай шарттар, сонымен қатар, ол азаматтардың бөлек мемлекеттерде тұратын кездегі қатынастарын да реттейді. Егер, Қазақстан Республикасы азаматы — Ресейде тұрып, ал оның зайыбы — Польшада тұратын болса, онда олардың арасындағы некелік қатынастар олардың азаматтығына сәйкес шешіледі.

Бірақ, сонымен қатар некедегілер бірдей азаматтықта да болмауы мүмкін. Мысалы, Қазақстан Республикасында тұрып жатқан азамат Қазақстан Республикасы азаматы болып, оның зайыбы Ресейдің азаматы бола отырып, Ресей Федерациясында тұрып жататын болса, онда бұл жағдайды өзара келісім реттеп отыр. Оған сәйкес, олардың қатынастары олар соңғы тұрған жердің заңымен анықталуға жатады.

Қортындылай келе, барлық мемлекеттер заңнамалары неке, отбасы қатынастарын реттеуге бағытталған нормалармен қамтылған және олар прогресивті түрде, яғни ынталандыру мақсатында да орын алады. Сонымен қатар, халықаралық құқық жағынан қарастырсақ, бұндай қатынастарға тыйым салынбаған. Көп мемлекеттердің ішкі заңнамалары бойынша бұл қатынастар реттеледі, және бөлек жағдайларда бір мемлекет азаматы мен екінші мемелекет азаматтарына неке қиюға, отбасын құруға арналған нормалар мен келісім шарттар жасалады. Олар халықаралық құқық маңызын арттырады.

 

 

Астана қаласы Есіл аудандық сотының судьясы

Кашкинбекова С.К.

 

 

zkadm
Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: