Лента новостей
0

Алқабилердің қатысуымен қылмыстық істерді қараудың мәселелері

zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 19.06.2017 18:23 Фото: zakon.kz

Алқабилердің қатысуымен

қылмыстық істерді қараудың мәселелері

 

Каратаева Гульнур Еркиновна

Қарағанды облысының қылмыстық

істер жөніндегі мамандандырылған

ауданаралық сотының бас маман -

 сот отырысының хатшысы

 

 

 

1. Алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық іс бойынша сот процесін ұйымдастыру.

Алқабилер қарауға тиісті қылмыстық іс сотқа түскен кезде соттың төрағасы істі сотта іс жүргізуге қабылдау туралы мәселені шешеді. Судья келіп түскен іс бойынша басты сот талқылауын тағайындау немесе алдын ала тыңдау жүргізу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

Басты сот талқылауы тараптарға сот отырысының болатын орны мен басталатын уақыты хабарланған кезден бастап кемінде үш тәуліктен кейін және оның тағайындалуы туралы қаулы шығарылған кезден бастап он бес тәуліктен кешіктірілмей басталуға тиіс. Іс бойынша куә болып танылған адамдарға сотқа шақырту қағазы толтырылады. Басты сот талқылауына үзіліс жарияланған кезде айдауыл күзетімен әкелу туралы тапсырыс хаты (требование) жолданады. Сот талқылауы басталмас бұрын сот отырысының хатшысы сот залының дайындығын тексереді және іс бойынша келіп отырған мемлекеттік айыптаушының (прокурор), қорғаушының (адвокат), жәбірленуші немесе жәбірленуші өкілінің, шақырылған куәлардың келгендігін, сотталушының айдауыл күзетімен жеткізілгендігі жөнінде анықтап алады. Содан кейін іске қатысушы тараптардың жеке куәліктерін немесе құжаттарын тексереді. Сот отырысының хатшысы сот отырысына келмегендердің келмеу себептерін анықтап алуы қажет. 16 жасқа дейінгі адамдар, егер олар тарап немесе куә болмаса, сот отырысы залына жіберілмейді. Залға сондай-ақ мас адамдар жіберілмейді.

Соттың сот отырысы залына кіруінің алдында сот приставы «сот келе жатыр» деп хабарлайды. Төрағалық етуші сот отырысын ашық деп жариялап, қандай қылмыстық іс қаралатынын және ашық немесе жабық түрде жүргізілетінін хабарлайды. Сот отырысының хатшысы сот отырысына қатысуға тиісті адамдардың келгені туралы баяндайды және келмегендердің келмеу себептерін хабарлайды.

«Алқабилер туралы» ҚР-ның 2006 жылғы 16 қаңтардағы №121 санды Заңы қабылданып, қолданысқа 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. ҚР ҚІЖК-сі «Алқабилердің қатысуымен істер бойынша іс жүргізу» атты 14-бөліммен толықтырылды. Ерекшеліктеріне тоқталып кетсем, ҚР ҚІЖК-нің 66-тарауы, сот отырысын тағайындаудың ерекшеліктері деп көрсетілген. Айыпталушының істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші болған кезде судья алдын ала тыңдау жүргізеді. Алдын ала тыңдауды міндетті түрде прокурордың, соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш білдірген сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен жабық сот отырысында жеке дара жүргізеді. Егер іс бойынша сотталушылардың ең болмағанда біреуінің істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші болса, алдын ала тыңдау іс бойынша барлық сотталушылардың және олардың қорғаушыларының қатысуымен жүргізіледі. Төрағалық етуші сотталушыға айыптаудың мәнін түсіндіреді және ол ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы берген өз өтінішін растайтынын-растамайтынын сұрайды. Сотталушы ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өз өтінішін растаса, онда судья осы өтінішті қанағаттандырылғаны туралы шешім қабылдайды. Істі бұдан әрі жүргізу осы Кодекстің 42-тарауында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады. Судьяның істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы қаулысы түпкілікті болып табылады. Қаулы бұдан әрі істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауынан сотталушының бас тарту себептері бойынша қайта қаралмауға тиіс. Алдын ала тыңдау қорытындылары бойынша судья осы Кодекстің 322-327 баптарында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды. Судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда сот істі алқабилердің қатысуымен қарайтындығын көрсетеді және осы сот отырысына шақырылуға тиіс алқабиге кандидаттардың санын анықтайды, олардың саны 25-тен кем болмауға тиіс. Істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауын тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейін судья сот отырысының хатшысына, алқабилерге іріктеу үшін, осы сот отырысына саны қаулыда көрсетілген алқабиге кандидаттардың келуін қамтамасыз ету туралы өкім береді. Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейін төрағалық етушінің өкімі бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бірыңғай және қосалқы (жылдық) тізімдерден алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргізеді. 1 адам алқаби ретінде сот отырысына жылына 1 реттен артық қатыса алмайды. Қылмыстық істі қарауға қатысу үшін алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейін, олардың тегі, аты, әкесінің аты және мекен-жайы көрсетіле отырып, алдын ала тізім жасалады, оған сот отырысының хатшысы қол қояды. Алдын ала тізімге енгізілген алқабиге кандидаттарға, сот талқылауы басталғанға дейін 7 тәуліктен кешіктірілмей сотқа келетін күні мен уақыты көрсетілген хабарлама тапсырылады.

Басты сот талқылауына қатысу үшін алқабиге кандидаттарды іріктеу кезінде хатшы төрағалық етушіге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуі туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегін көрсете отырып билет жазып береді. Сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың 25-нен азы келсе не сот талқылауына қатысудан олардың кейбіреулерін босатқаннан кейін немесе төрағалық етуші судья өздігінен бас тартулар мен қарсылықтар білдірулерді қанағаттандырғаннан кейін олар 16-дан азайып қалса, төрағалық етуші сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетіспейтін санын қосалқы тізіммен толықтыру туралы өкім етеді. Істі сотта қарайтын алқабилер алқасы, жеребе тастау арқылы негізгі құрамдағы 10 негізгі алқабиден және қосалқы 2 алқабиден құрылады. Қосалқы алқабилер сотта істі қарауға қатысады және егер де негізгі алқаби белгілі бір себептермен сот отырысына қатыса алмаса, онда оны қосалқы алқабидің кез келгені алмастыра алады.

2. Алқаби кандидаттарына қойылатын талаптар

Ал, осы алқаби болу үшін қылмыстық іс жүргізу Кодексіне сәйкес қандай талаптар қойылатынына тоқталайық. Алқабилердің тізімдерін жасау кезінде жиырма бес жасқа толмаған, өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар, судьялар, прокурорлар, тергеушілер қызметшілер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, наркологиялық немесе психоневрологиялық диспансерде тұрған есепте тұрған адамдар енгізілмейді.

Алқабиге кандидаттардың тізімдеріне азаматтарды енгізуде шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайлар бойынша қандай да бір шек қоюға жол берілмейді.

Сонымен қатар, алқабиге кандидаттардың тізімдерінен, қылмыстық іс бойынша сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамдар, өздерінің жазбаша өтініші бойынша алып тасталады.

Аса ауыр санаттағы қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу аяқталған кезде тергеуші айыпталушыны іс материалдарымен таныстыру кезінде оған соттың оның ісін алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш беру құқығын түсіндіреді. Сонымен қатар, мұндай өтінішті айыпталушы сотта алдын ала тыңдау жүргізген кезде де мәлімдеуге құқығы бар және бұндай өтініш міндетті түрде қанағаттандырылуы тиіс. Яғни, өзіне қатысты қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен немесе онсыз судьяның қарауы туралы шешімді айыпталушының өзі қабылдайды.

Алқаби істі тыңдау кезінде сот отырысының залынан кетуге; істі тыңдау кезінде сот құрамына кірмейтін адамдармен төрағалық етушінің рұқсатынсыз іс бойынша сөйлесуге; істі қарау барысында мәліметтерді сот отырысынан тыс жинауға; жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзіне белгілі болған мәнжайлар туралы мәлеметтерді жария етуге, сондай-ақ, кеңесу бөлмесінің құпиясын құқылы емес.

Егер алқаби өз міндеттерін атқармаса, сондай-ақ, осы бапта көзделген шектеулерді сақтамауы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген жауаптылыққа, сондай-ақ, төрағалық етушінің алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттету мүмкіндігіне әкеп соғады.

Осы алқабилердің қатысуымен сот тергеуі, сот жарыссөзі өткен соң судья негізгі он алқабимен бірге кеңесу бөлмесіне бөлінеді. Өздеріне түсініксіз мәселелер бойынша алқабилер судьядан түсінік ала алады. Кеңесу бөлмесінде алқаби судьямен тең дауыс беріп отырып, сот әділдігін, іс бойынша шешім шағарылады. Демек, алқаби судьямен тең дауыс бере отырып, сот әділдігін жүзеге асырады. Бұл халықтың сот төрелігіне қатысудың айқын көрінісі болып табылады.

3. Алқабиге үміткерлерде немқұрайылылық басым

Сонымен қатар, сотқа қатысқан алқабидің жұмыс орны сақталып, әрбір сотқа қатысқан күніне судьяның жалақасының жартысы, шамамен 6-7 мың теңге төленеді. Алқабидің сотқа қатысуы оның азаматтық борышы болып табылады.

Өкінішке орай, қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдар алқабилерге үміткерлерге тізімді жасаған кезде немқұрайлы қарауы, біздің азаматтарымыздың алқабиге кандидат ретінде сотқа шақырылған кезде түрлі себептерді айтып келмеуі, алқабиді іріктеу кезінде кандидаттардың кейбір өзіне қатысты мәлеметтерді жасырып қалуы, іріктелген алқабилердің де сот процесі кезінде немқұрайлы болуы сот әділдігін жүзеге асыруда бірқатар қиындықтар әкелетінін жасыруға болмайды.

Алайда, бұл қиындықтар болашақта өз шешімін тауып, алқаби қатарына сайланған әрбір азамат өзінің алдында тұрған зор жауапкершілікті нақты ұғынады деп ойлаймын. Өйткені, бұл міндет сотқа тартылған адамның тағдырын шешетін, өзінің парасаттылығына, ақылына, ар-ожданына, өмірден жинаған мол тәжірибелік көзқарасына сүйене отырып, байыпты төрелігін айтатын өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Алқабилер соты халықтың сотқа деген сенімін нығайтуда және қоғамдағы сот төрелігін жүзеге асыруда алға жетелейтін күш болып табылады.

Қорытынды сөз:

Алқабилер соты - қоғам үшін өзіндік демократияның мектебі деуге болады.

Алқабилер соты - нағыз халықтық сот, онда қарапайым адамдар халықтың атынан заңдылықты анықтау мен әділдікке жету үшін сот төрелігіне араласады. Алқабилердің кәсіби соттардан айырмашылығы, олар арнайы білім, теорияға сүйенбей-ақ, істі мәнісі бойынша өмірлік тәжірибеге сүйеніп шешуге тырысады. Олар қоғам мен қарапайым халыктың мүддесін қорғайды. Алқабилер адамгершілік, ар-ождан, мораль, тәжірибеге сүйеніп шешім қабылдайды.

Алқабилер соты халық пен мемлекет арасындағы байланыстырушы алтын көпір секілді. Елімізде азаматтық қоғамның биліктің жүзеге асырылуына көптеп тартылуы, қоғам белсенділігі, азаматтық қоғамды қалыптастыру мен шешімдердің заңдылығына халықтың сенімін арттыруға әкеледі.

 

 

 

zkadm
Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: