Лента новостей
0

Аймақтық БАҚ-тың бүгіні мен болашағы бағамдалды

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 13.07.2017 22:26 Zakon.kz
Қазіргі күнде байланыс пен ақпарат күнделікті өміріміздің барлық саласына дендеп еніп, айнымас бөлшегіне айналды.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Аймақтық журналистика: бүгіні мен болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды оқу орнының ақпараттық-имидждік қызметі.

Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдерін бас қосқан жиында өңірлік баспасөзді дамыту, салада туындап отырған мәселелер және журналистиканың заманауи талаптары сынды мәселелер негізгі әңгіме өзегіне айналды.

Шарада алғашқы болып сөз алған «Қазақстан Тараз» телеарнасының директоры, белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген аймақ журналистикасының өткені мен бүгініне кеңінен тоқталып, қазіргі заман талабы – ақпаратты жедел әрі сапалы тарату ғана емес, сондай-ақ көпшіліктің қызығушылығын дәл тауып, оқырманмен байланыс орната білу екенін айтты. Сонымен қатар, ол ақпараттық салаға айрықша маңыз беру кез келген заманауи мемлекеттің көкейтесті мәселесі екендігін әңгімелеп, бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға қатысты бірқатар өзекті мәселелерді алға тартты.

Жамбыл облыстық «Знамя труда» газетінің бас редакторының орынбасары Көкен Оршабеков соңғы уақытта басылымдар таптаурын үрдістен алшақтап, жаңашылдыққа ұмтылысын тілге тиек етіп, өңірде орыстілді мамандарға деген тапшылық сезіліп отырғандығын айтты. Жас журналистердің кәсіби білімін шыңдап, танымдық көкжиегін арттыру жайын «Жамбыл – Тараз» газетінің директор-бас редакторының міндетін атқарушы Ерман Әбдиев қаузады.



– Жастарды журналистикаға тарту, оларды ынталандырып, ақпараттық қолдау көрсету біздің ұжымның басты назарында. Әулиеата өңірі журналистикасында біз аға буын мен жас толқынның арасындағы байланыстың арта түсуіне әрдайым ниеттіміз. Осы тақілеттес жиындар дәстүрге айналып, оған тек аға буын журналистер ғана емес, алдағы уақытта жас тілшілер де тартылса деген тілегіміз бар, – деп атап өтті Е. Әбдиев.

Сондай-ақ, басқосу барысында республикалық «Хабар» телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Нұржан Мергенбай, республикалық «Казахстанская правда» газетінің аймақтағы меншікті тілшісі Михаил Те, «Арай» жастар газетінің бас редакторының орынбасары Тұрсынбек Сұлтанбек және өзге де жиынға қатысушылар тақырып төңірегінде пайымды пікірлерін білдіріп, келелі ойларымен бөлісті.

Дөңгелек үстел соңында институт ректоры Дария Қожамжарова құрылғанына биыл елу жыл толып отырған оқу орнының бағындырған белестері мен келешек жоспарлары жайында әңгімелеп, бүгінде масс-медиа заманауи мемлекет дамуының негізгі көрсеткішіне айналып отырғандығын айтты.

– Журналистер еңбегінің маңыздылығының қандай екендігі көзіқарақты азаматтардың баршасына белгілі. Өйткені, газет материалдары, теле және радио бағдарламалары қоғамдық пікір мен құндылықтарды қалыптастырады. Біздің жемісті ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да әдеттегідей салиқалы өзара тиімді қарым-қатынаста болатынына сенімім кәміл. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының қызметін жан-жақты көрсетудегі қолдауларыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Д. Қожамжарова.

Сонымен қатар, институт басшысы бір топ журналистерді «Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 50 жылдығы» мерекелік медалімен марапаттап, сый-сияпат көрсетті.



– Қазіргі күнде байланыс пен ақпарат күнделікті өміріміздің барлық саласына дендеп еніп, айнымас бөлшегіне айналды. Әлбетте, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» олардың рөлі қай кезеңде де, қай уақытта да ерекше рөл атқарғаны мәлім, десе де 21 ғасырда маңыздылығы айрықша арта түсті. Осы орайда жалпы журналистиканың мәселесі бір төбе де, аймақтық журналистиканікі бір төбе екендігін айтқан ләзім. Педагогикалық оқу орны жамбылдық жұртшылықтың «көзі, құлағы һәм тілі» болып жүрген өңірлік баспасөзді одан әрмен дамыту жайын қаузайтын жиындарды түрлі тақырып аясында ұйымдастырып, журналист қауымының басын қосып отыруды дәстүрге айналдыруды көздеп отыр, – дейді ТарМПИ-дың ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: