Новости
В других СМИ
Загрузка...
Читайте также
Новости партнеров

Қызылордада көне шаһардан Хан шатырына ұқсас ғимарат орны табылды

Қазіргі таңда көне шаһарды «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының мамандары зерттеу үстінде.

Фото : www.inform.kz20 июня 2018, 17:50

Сыр өңіріндегі көне шаһардың бірі - Қышқаладан археологтар елордадағы «Хан-Шатырға» ұқсас ғимарат орнын тапты. Ғимарат керамикалық тастармен әрленген. 8 бұрышты. Онда 4 гүлзар тұғыры бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда көне шаһарды «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының мамандары зерттеу үстінде. Тарих деректеріне сүйенсек, аталмыш шаһар жайында 1242 жылы итальян саяхатшысы Джованни Плано жазып қалдырған екен.

Ол өз жазбасында ескі қала жайында біраз деректерді айтып кеткен.

«Қышқала дегенімізбен, қаланың тарихи аты ұмыт қалған. Біздің жобамызбен шаһар ХІІІ ғасырдың орта тұсында өмір сүрген. Көненің көзіндей қастерлі мекен 50 гектардай аумақты алып жатыр. Қала үйлерінің жалпы биіктігі 1-1,5 метрді шамалайды. Олардың күйдірілген қыштан соғылғаны көрініп тұр. Алайда өткен ғасырдың 50-жылдарында қыштан жасалған ғимараттардың басым бөлігі бұзылып кеткен. Қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан», - деді экспедиция жетекшісі Мадияр Елеуов.

М.Елеуовтің айтуынша, бұл қастерлі мекен ірі сауда және қолөнер орталығы болуы мүмкін. Себебі, аталмыш мекен Жібек жолы бойында орналасқандықтан сондай деңгейге көтерілген деуге негіз бар. Табылған қыш ыдыстардың сынықтары сондай жорамал жасауға негіздейді.

Осындай қайнаған тіршілік ауаны Х-ХІ ғасырларда басталған. Ол ХІІІ ғасырдағы Алтын Орданың сауда байланыстары өркен жайғанға дейін дәуірлеп тұрған. Археологтар көне шаһардың әзірге тек екі қазбасын ғана аршып үлгерген. Оның бірі - мавзолей болса, екіншісі - шаруашылық тұрғынжайы болуы мүмкін. Ескі кезеңнің шежіресінен хабар беретін бұл орын орта ғасырдағы бай тарихымызды тағы бір мәрте дәлелдей түседі. Шаһардың бүкіл аумағын алып жатқан көптеген төбешіктер мен ойпаңдар - бұрынғы құрылыстың ізі. Археологтардың айтуынша, қаланың ізін табуға цифрлық үш өлшемді топографиялық бөлшектік түсіру мен биіктен түсірілген суреттер мүмкіндік берген.

«Біздің болжауымызша, қала мәдениеті қалыптасқан. Сәулеті жағынан да ерекшеленіп тұр. Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен қалалардың орталығы болған деген негіз бар. Біз қалашықтың шетінде орналасқан кесененің орнын аршып алдық. Қасбеті қима өрнекпен әрленген екен. Оның биіктігі 3 метрге жуықтайды. Оның мүжілуіне табиғи жағдайлар да әсер етуі әбден мүмкін. Атап айтқанда, желдің, дауылдың, жаңбырдың әсері тиюі ғажап емес. Осындай жағдайлардың әсерінен батысқа қарай құлағаны аңғарылады. Қыш материалдардың негізінде жасалған зерттеу қала тіршілігінің хронологиялық шеңберін ХІІІ-ХV ғасырларға жатқызуға мүмкіндік береді», - деді зерттеуші Дөкей Талеев.

Жалпы алғанда, ірі сауда орталығы болғаннан кейін мұнда түрлі мәдениет, сан алуан өнер түрлері тоғысқаны аңғарылады. Осында зергерлік шеберхана болғаны да көрініп тұр.

Оған қатысты нақты археологиялық айғақтар кездеседі. Көне шаһар Сырдария ауданына қарасты Қоғалыкөл ауылынан шығысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан.

Мұнда архелогиялық жұмыстардың басталғанына бір айға жуықтады. Алғашқы зерттеу 1899 жылы В.Каллаурдың бастамасымен іске асқан.


Больше важных новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

сообщить об ошибке
Сообщить об ошибке
Текст с ошибкой:
Комментарий:
Сейчас читают
Читайте также
Загрузка...
Интересное
Архив новостей
ПнВтСрЧтПтСбВс
последние комментарии
Последние комментарии