Горячие новости
Читайте также

Заң терминдерін мемлекеттік тілге дұрыс аудару - бүгінгі күннің өзекті мәселесі

Оқытушы, құқық магистрі

Фото : 20 марта 2014, 17:13

Омар Бауыржан Мұсаханұлы, оқытушы, құқық магистрі.

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.

Заң факультеті «Азаматтық құқық және іс жүргізу» кафедрасы


Заң мамандығындағындағы заңдардың, нормативтік құқықтық актілер мен т.б. құжаттардың едәуір бөлігін терминдер құрайды. Ал, осы терминдердің негізгі мақсаты - бір ұғымды білдіріп, бірыңғай түсінілуі тиіс. Заңдарды, нормативтік құқықтық актілерді және т.б. құжаттарды әзірлейтін қызметкерлер мен аудармашылар жаңа терминдерді және бұрыннан қолданылып жүрген немесе түрлі өзгерістерге ұшыраған терминдерді күнделікті жұмыста дұрыс қолдана білуі керек. Ұлттық заңнама терминологиясында шешімін таппай отырған өзекті проблемалардың бірі – заңдардағы, нормативтік құқықтық актілердегі және т.б. ресми құжаттардағы терминдердің бірізге келмеуі және дұрыс аударылмауы [1, 1].

Жалпы жағдай. «Тіл туралы» Заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі», – деп жазылған. Бірақ осы қағиданы ойдағыдай жүзеге асыруда мемлекеттік органдарда нақты әрекет тіпті жеткіліксіз [2, 1].

Қазіргі таңда ресми құжат жобаларының барлығы дерлік алдымен орыс тілінде әзірленіп, содан соң қазақ тіліне аударылатыны баршаға мәлім. Орыс тіліндегі мәтіндер жұмыс барысында бірнеше рет талқыланып, пысықталады. Ал қазақ тіліндегі мәтіндерде терминдер бірізділігінің сақталмауының бірден-бір себебі – орыс тілінде әзірленген ресми құжаттарды қазақ тіліне аудару жөніндегі күрделі жұмысты, яғни құжат мәтінінің қазақша нұсқасына жауапкершілікті аудармашыға жүктей салу. Тиісті саланың мамандары оқып-тексермеген терминдер аудармашының ғана ой-өрісіне байланып, кейбір өрескел қателер кетіп жататыны да осыдан. Сондай-ақ, аудармашылардан құжаттардың жедел дайындалуын талап ету заң терминдерінің бірізді, ал кейбір жағдайларда мәтіндердің теңтүпнұсқалы болмауына әкеп соғады. Осыған байланысты жұмыс барысында заң маманы болғандықтан қолданыстағы кодекстер мен заң әдебиеттеріне көптеп жүгінуге тура келеді. Сол кезде кодекстер мен заң әдебиеттеріндегі терминдер мен мәтіндерді оқи отырып, өзің түсінбейтін жағдайлар көптеп кездесетіндігі қынжылтады. Бүнгі күні аудармадағы қателіктер күн тәртібінен түспей тұрған мәселелердің бірі. Мұндай келеңсіздіктер мамандарды бей-жай қалдырмауы керек деп ойлаймыз. Мәселен, бір ғана мысал ретінде ауқымды нормативтік құқықтық акті болып есептелетін, реттеу объектісі өте кең заң құжаттарының бірі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің қазақ тіліндегі нұсқасында орын алған кемшіліктерді айтуға болады. Соның бір ғана түрін талдап қарағанда, мынаны байқауға болады, мәтіндегі сөз тіркестерінде жалғаулар артық жалғанып, аудармалар бұрмаланып кеткен. Мәселен, ҚР Азаматтық кодексінің Жалпы бөліміндегі бірнеше бапқа талдама жасағанда, мынадай кемшіліктерді байқадық. Мысалы, ҚР Азаматтық кодексінің Жалпы бөліміндегі 3-бабының 4-тармағында : «Азаматтық қатынастар, егер әдеттегi құқықтар , соның iшiнде iскерлiк қызмет өрiсіндегі әдеттегi құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелуi мүмкiн»-деп көрсетілген. Мұндағы « әдеттегi құқықтар» -дегеніміз не? Қазақта «әдеттегi»- деген сөз «күнделікті» деген мағына береді. Сонда «әдеттегi құқықтар »-дегеніміз, «күнделікті құқықтар»- деген сөзбе? Ал, ҚР Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімінің орыс тіліндегі нұсқасында 3-статья. 4. «Гражданские отношения могут регулироваться «обычаями» , в том числе « обычаями делового оборота» , если они не противоречат гражданскому законодательству, действующему на территории Республики Казахстан»-деп көрсетілген. Мұндағы «обычаями»- сөзі «әдет-ғұрыптағы»- деген мағына береді. ҚР Азаматтық кодексінің Жалпы бөліміндегі 223-бабының 3-тармағында «Ерлi-зайыптылардың бiрiнiң мiндеттемелерi бойынша «жаза» өз меншiгіндегі мүлiкке ғана, сондай-ақ бұл мүлiктi бөлiсу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрiне тиесiлi болатын ортақ мүлкіндегі өз үлесiне ғана қолданылуы мүмкiн» -деп көрсетілген. Ал, ҚР Азаматтық кодекстің Жалпы бөлімінің орыс тіліндегі нұсқасында 223-статья. 3. «По обязательствам одного из супругов « взыскание» может быть обращено лишь на имущество, находящееся в его собственности, а также на его долю в общем имуществе супругов, которая причиталась бы ему при разделе этого имущества»-деп көрсетілген. Мұндағы « взыскание»- сөзі «өндіріп алу»- деген мағына береді. Ал, «жаза» сөзі тек Қылмыстық кодексте қолданылмайды ма? Сонымен қатар, ҚР Азаматтық кодекстің Ерекше бөліміндегі бірнеше баптарында мынадай кемшіліктерді байқауға болады. Мысалы, 604-бабының 1-тармағында : «Мүлiктi тегiн пайдалану шарты (несие шарты) бойынша бiр тарап (несие берушi) екiншi тарапқа (несие алушыға) мүлiктi тегiн уақытша пайдалануға бередi, ал соңғысы мүлiктiң қалыпты тозуын ескере отырып, қандай күйде алса, сондай күйде немесе шартта ескертілген күйде қайтаруға мiндеттенедi»-деп көрсетілген. Ал, орыс тіліндегі нұсқасында ( Статья 604). «1. По договору безвозмездного пользования имуществом (договору ссуды) одна сторона (ссудодатель) передает имущество в безвозмездное временное пользование другой стороне (ссудополучателю), а последняя обязуется вернуть то же имущество в том состоянии, в каком она его получила, с учетом нормального износа, или в состоянии, обусловленном договором»-деп көрсетілген. Мұндағы «несие шарты»- « договору ссуды» , « несие берушi»- « ссудодатель» , «несие алушыға»- «ссудополучателю»- деп қате аударылған. Несие –деген сөзге келетін болсақ, «Несие»(лат. creditum — несие, credo - сенемін, сенім білдіремін), несие белгілі-бір мерзім бойы пайдаланып, қайтарылу үшін әдетте, пайыз төлеу шартымен ақшалай немесе тауар түрінде берілетін қарыз. 604-бап. «Мүлiктi тегiн пайдалану шарты»- деп көрсетілген. Яғни, «несие» сөзі мүлдем үйлеспейтінін байқауға болады. Сондықтан, «ссуда»- сөзінің қазақ тілінде аудармасы жоқ болғандықтан, кірме сөз ретінде «ссуда»- деп қалдырған дұрыс болар деп ойлаймыз [3, 195].

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) «Тауар жеткізілімі» деген 3-параграфында жекелеген терминдер бірізді қолданылмаған, ал кейбір сөйлемдер мүлдем қате аударылған. Кодекстің 3-параграфымен қамтылған 458-477-баптардың мәтіндерінде «поставка товара» және «договор поставки товара» деген сөз тіркестері тиісінше «тауар жеткізілімі», «тауар беру» және «тауар жеткізілімі шарты», «тауар беру шарты» деп әртүрлі аударылған. Сондай-ақ, «Тауарларды таңдау» деген 468-баптың 2 және 4-тармақтарында «после получения уведомления поставщика о готовности товаров» деген бірдей тіркес «тауар берушінің тауарлар дайын деген хабарын алғаннан кейін» және «тауар берушінің тауарлардың дайын екендігі туралы хабарын алғаннан кейін» деп екі түрлі болып берілген. Осы 468-баптың 4-тармағы дұрыс аударылмаған. Орысша мәтіні: «4. Невыборка покупателем (получателем) товаров в установленный договором поставки срок, а при его отсутствии - в разумный срок после получения уведомления поставщика о готовности товаров, дает поставщику право отказаться от исполнения договора либо потребовать от покупателя оплаты товаров». Қазақша былай деп қате аударылған : «4. Сатып алушының (алушының) шартта белгiленген тауар жеткізілімі мерзімінде, ал ол болмаған кезде - тауар берушінің тауарлардың дайын екендігі туралы хабарын алғаннан кейін қисынды мерзiмде тауарларды таңдамалы тауар берушiге шартты орындаудан бас тартуға немесе сатып алушыдан тауарларға ақы төлеудi талап етуге құқық бередi». Дұрыс нұсқасы: «4. Сатып алушының (алушының) тауар жеткізілімі шартында белгiленген мерзімде, ал мұндай шарт болмағанда - тауар берушінің тауарлар дайын екені туралы хабарын алғаннан кейін қисынды мерзiмде тауарларды таңдамауы тауар берушiге шартты орындаудан бас тартуға не сатып алушыдан тауарларға ақы төлеудi талап етуге құқық бередi». Сонымен қатар, Кодекстің 474-бабының тақырыбы мен мәтініндегі «просрочку поставки товара» деген сөз тіркесі тиісінше «тауар беруді кешіктіргені» және «беруді кешіктіргені» деп, ал 475-баптың тақырыбы мен 2-тармағындағы «по нескольким договорам поставки» деген сөз тіркесі тиісінше «тауар берудің бірнеше шарттары» және «тауар жеткізілімінің бірнеше шарттары» деп екі түрлі болып жазылған. Сондай-ақ, 475-бапта «одноименные товары» деген сөз тіркесі «аттас тауарлар» деп қате аударылған. Сонымен қоса, лингвистикалық талдау барысында 476-баптың 2 және 3-тармақтарында «нарушение договора поставщиком» және «нарушение договора покупателем» деген сөз тіркестері тиісінше «тауар берушімен шарттың бұзылуы» және «сатып алушымен шарттың бұзылуы» деп, ал 4-тармағы «Тараптардың келiсiмiмен шартты орындаудан немесе оны бiржақты өзгертуден бiржақты бас тартудың өзге де негiздерi көзделуi мүмкiн» деп қате аударылған. Бұл тармақтың орысшасы: «4. Соглашением сторон могут быть предусмотрены иные основания одностороннего отказа от исполнения договора или одностороннего его изменения». Дұрыс нұсқасы: - «4. Тараптардың келiсiмiмен шартты орындаудан бiржақты бас тартудың немесе оны бiржақты өзгертудің өзге де негiздерi көзделуi мүмкiн» деп жазылуы керек, өйткені осы баптың 1-тармағында: «1. Тараптардың бiреуi (осы Кодекстiң 401-бабы 2-тармағының екiншi бөлiгi) шартты елеулi түрде бұзған жағдайда шартты (толық немесе iшiнара) орындаудан бiржақты бас тартуға немесе оны бiржақты өзгертуге жол берiледi» делінген [4, 31].

Орыс тілінде әзірленген ресми құжаттарды қазақ тіліне аударумен айналысатын мамандар үнемі қолданыстағы заңнамаға сүйеніп, оны басшылыққа алады. Ал, қолданыстағы заңнамалық актілерде жекелеген терминдер мен сөз тіркестерінің әртүрлі жазылғанын, сондай-ақ кейбір сөйлемдер мағынасы бұрмаланып, мүлдем қате аударылғанын жиі кездестіруге болады. Сол себепті, бүгінгі таңда, кез келген мемлекеттік органның басшылары заңнамалық актілер жобаларының қазақ тіліндегі мәтіндерінің сапалы болуына айрықша назар аудара отырып, мемлекеттік тілге барынша қолдау көрсетуі керек. Осы тұрғыдан, құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеу жұмысын аудармашыларға ғана жүктей салуды, қазақ тілін аударма тіліне айналдыру процесін тоқтату мақсатында олар кез келген ресми құжатты, заңнамалық актілердің жобаларын әзірлеумен айналысатын өз қарамағындағы қызметкерлерден қазақ тілін жетік білуді талап етуі қажет. Құжаттың мемлекеттік тілдегі мәтініне аудармашы ғана емес, құжатты әзірлеуге жұмылдырылған барлық қызметкерлер мен олардың басшылары жауапты болуға тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Дәулетханова Ә. «ҚАЗАҚША ЗАҢ ТІЛІНДЕГІ КЕЛЕҢСІЗДІКТЕР (ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ КОДЕКСІ МЫСАЛЫНДА)». Егемен Қазақстан газеті. 25.11.2012 ж. №293 (193231).

2. ОМАШҰЛЫ Д. ЗАҢ ҚАЙ ТІЛДЕ ЖАСАЛЫП ЖАТЫР?. Егемен Қазақстан газеті. 16.08.2012 ж. №326 (263193).

3. ҚР Азаматтық кодексі (Жалпы, ерекше бөлім). Атамұра. 2011 жыл.

4. Омар Б.С «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТТЫҚ КОДЕКСІНДЕГІ (ЕРЕКШЕ БӨЛІМ) КЕЙБІР АУДАРМА СӘЙКЕССІЗДІКТЕРІ». Қазақстан Республикасы

Заң шығару Институтының Жаршысы ғылыми-құқықтық журнал № 1 (25) 2012


Больше новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

сообщить об ошибке
Сообщить об ошибке
Текст с ошибкой:
Комментарий:
Сейчас читают
Интересное
Архив новостей
ПнВтСрЧтПтСбВс
последние комментарии
Последние комментарии