Новости
В других СМИ
Загрузка...
Читайте также
Новости партнеров

Қазақстан республикасында жеке детектив қызметін қалыптастырудың құқықтық маңызы

Оқытушы, құқық магистрі

Фото : 20 марта 2014, 17:19

Омар Бауыржан Мұсаханұлы, оқытушы, құқық магистрі. Қ. А. Ясауи

атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті.

Заң факультеті «Азаматтық құқық және іс жүргізу» кафедрасы


Соңғы жылдары Қазақстанда жеке ізкесушілік қызметтi заңдастырып, оны қоғамға енгізу мәселесі жиi-жиi қозғалып, БАҚ-да айтылып та, жазылып та жүр. Iзкесушiлiк Батыс елдерiнде бағзы заманнан қолданыста бар. Бiздiң тәуелсiз мемлекетiмiз де құқықтық мемлекет құру мақсатында өркениеттiң көшiнен қалмай, iлесе бiлуi заңдылық. Негізі детективтер құқық қорғау органдарының тiкелей көмегiмен қарапайым азаматтардың мүддесiн, өмiрiн, жеке меншiгiн қорғау жолында қызмет етуi қажет. Бұл әлемдiк тәжiрибеде көрiнiс тапқан. Ал, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау Ата Заңымыздың негiзгi баптарының бiрі болып табылады.

Жалпы алып қарағанда жеке ізкесушілік қызметтiң тиімді жақтары да, тиімсіз жақтары бар екен. Тиімді жақтары белгілі – коррупцияға жол берілмейді, құқық қорғау органдары жауып тастаған қылмыстар ашылады, т.б. Ал екінші жағынан жеке із кесушілік қызметі ел азаматтарының жеке өмірі мен отбасына араласып қана қоймай, қызметтік-қоғамдық қарым-қатынастарына зияндарын тигізулері мүмкін екен. Кейбір сарапшылардың пікірінше, жеке із кесушілік заңдастырылса, құқық қорғау органдарының жұмысы орталықтанып, жекеменшік мекемелер тарапынан қол сұғушылық етек алады екен. Бір сөзбен айтқанда, жеке із кесуші қылмысты ашумен айналысып жүргендердің қатарын толықтырып қана қоймай, тергеушілердің «табағына түсіп» бәсекелестік тудырады. Алайда бәсеке – сапа кепілі, неғұрлым қылмысты ашушылар көбейсе, соғұрлым коррупцияның жолы тарылады. Сондықтан жеке із кесушілерді тергеушілердің немесе қылмыстық іздестіру қызметінің қосымша балама түрі деп түсіну керек сияқты [1, 1] .

Бүгiнгi күнге дейiн елімізде жеке детективтiк қызмет туралы арнайы заң қабылданбаған. Осыны ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалау мәселелері жөнінде өткен мәжілісте бірқатар өзекті мәселелермен қатар, тиісті органдарға республикада жеке із кесушілер қызметін жетілдіру мәселесін қарауды тапсырған болатын. Нақтырақ айтсақ, ол жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мүдделі мемлекеттік органдар Республикада жеке детектив қызметін енгізу туралы мәселені талдап, ұсыныс енгізу қажет. Мұның өзінде жеке детектив қызметін енгізу заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін, мемлекет мүддесін сақтауға байланысты бірқатар шарттармен және шектеулермен сабақтасуы тиіс» деген еді. Расында елімізде бұл қызмет түрін құру, құқықтық реттеу қажеттігі мемлекет тарапынан бақылануы тиіс көптеген коммерциялық құрылымдарда қауіпсіздік қызметінің іс жүзінде жұмыс істеуінен туындап отырғаны айтпаса да түсінікті жайт. Сондай-ақ, жеке детективті енгізу адамдарға құқықтарын іске асыруда балама мүмкіндік беретіндігі де ақиқат.

Қазіргі таңда, Президент пәрменiне орай сала мамандары қабылданғалы жатқан заң жобасына ұсыныстарды әзiрленiп жатыр. Құжатты әзiрлеу барысында әлемдiк тәжiрибеге сүйенiп, жеке детективтiк қызметтiң қыр-сырын жан-жақты зерттеп алған жөн. Сонда барып шешiм қабылданса, ұтылмаймыз. Көшедегi көлденең көк атты лицензия алып, адамның жеке өмiрiне, отбасына, туған-туыстарына заңсыз қиянат көрсетпеуi тиiс. Болашақ детективтер бұрын сотталмаған, құқық қорғау органдарында жұмыс iстеген, тәжiрибелi, жоғары бiлiмдi азаматтар болса, тiптi жақсы. Менің айтайын дегенім, ең алдымен жеке iзкесушiлерге қойылар талапты күшейткен абзал.

Осы тұста біршама заңгер ғалымдар мен депутаттардың пікірлеріне назар аударсақ: Кезінде депутат Рауан Шаекин жеке детектив қызметін енгiзудің Ата Заңымызға қайшы келмейтіндігі жайында ойын білдірген. Ол: «Қаралып отырған қызмет саласын құқықтық тәртiпке келтіру қажеттiгi, мемлекет тарапынан бақылануы тиiстi көптеген коммерциялық құрылымдарда қауiпсiздiк қызметiнiң iс жүзiнде жұмыс iстеуiнен туындап отыр», –десе, бұрынғы Мәжіліс депутаты Серiк Әбдiрахманов осы пiкiрдi қолдай отырып: «Жеке детективтерге ақпарат беру де заңмен қамтамасыз етiлуі тиіс және олар Iшкi iстер министрлiгiнiң құзырында болмақ. Жеке із кесуші бұрын сотталмаған, жоғары заңгерлiк бiлiмi бар, кем дегенде 3 жыл құқық қорғау органында еңбек еткен адам болуы керек. Жаңа заманда құқық қорғау органдарының қызметi заңдармен реттелген, қалыптасқан. Ал, нарық заманының өз талабы бар. Мысалы, адам жоғалса ресми түрде құқық қорғау органдары тек үш тәулiк өткен соң ғана iске кiрiседi. Адам жоғалып жатқанда, үш тәулiк деген көп уақыт қой. Ал, мемлекеттiк емес, детективтiк ұйымдар iздестiру жұмысына бiрден кiрiсе алады. Тез арада дерек жинап үлгеру – тексеру мен iстiң шешiмiн тездетуге ерекше үлес қосады» – деп, бұл бастамаға қолдау білдірген болатын [2, 1] .

Парламент Мәжілісінің депутаты К.Бұрхановтың пікірі бойынша, -«Жеке детективтік жүйе - шет мемлекеттерінде, әсіресе, Америка мен Еуропада кеңінен тарап, дамыған дүние. Оның үстіне қай салада болмаса да, бәсеке болғаны дұрыс. Шынайы бәсекелестік кез-келген саланың оңтайлы дамуына зор үлес қосады. Сондықтан Елбасының бастамасын барынша қолдау керек. Бұл бағытта шетелдік жүйені егжей-тегжейіне дейін зерттеп, оның жетістіктері мен жақсы тұстарын айқындап, олқы тұстарын ескере отырып, нақты іс-қимылдарға барған жөн. Әрине, елімізде жеке детективтік қызмет институтын енгізу үшін тиісті заң қабылдануы керек. Тиісті министрлік заң жобасын дайындап, оның нобайын Сенат пен Мәжіліске көрсетіп, ол жан-жақты талқыланып, сараптама жасалуы керек. Халық алдында құқық қорғау органдарының іс-қимылдары айқын әрі әділетті болуы тиіс. Әйтпесе кейбір кездері ел ішінде «қылмыстық іс қозғалмай жатыр» деген әңгімелер жиі айтылады. Өкінішке қарай, мұндай фактілер бар. Мәселен, «полиция қызметінің көрсеткіші төмендеп кетеді» деп мұндай теріс әрекеттерге барып жатқандар да жоқ емес. Кейбір жағдайларда тергеу жұмыстары созылып кетеді. Сондықтан мұндай жайттардың бәріне де халық наразы емес пе?! Ал детективтік қызмет қалыптасқан жүйеге әсер етіп, бәсекелестікті туындатқан соң, көп мәселелер өз уақытында шешіледі деп ойлаймын».

Қазақстан Республикасының Президентінің әрбір Жолдауы ел өмірінде бүкіл қоғам күткен маңызды оқиға болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2012 жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында сот қызметіне қатысты бірқатар міндеттерді айқындап берген болатын. Онда, «Сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту, сот корпусын қалыптастыру тәртібін түбегейлі қарастыру қажет. Биыл жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодексті , жекеменшік детектив қызметі туралы заң жобасын әзірлеуді аяқтау қажет», – деді Елбасы [3, 1] .

Осы Жолдауға сәйкес, арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, құқық қорғау органдарындағы қызметті жаңаша бағытта дамытуға байланысты, оның қоғамдағы орны мен маңызын арттырып, азаматтардың құқы мен бостандықтарын қамтамасыз ету турасында тиісті заңға қажетті өзгерістер енгізу жөнінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жарлыққа қол қойды. Осылайша Қазақстанда тұңғыш рет жеке детективтік қызмет институты, яғни адамдардың құқықтары мен бостандықтарына байланысты қызмет атқаратын жекеменшік сала құрылатын болды. Бұл - мемлекеттік органдармен қатар, жеке азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге өте қажетті қызмет. Өйткені бүкіл әлемнің алып елдерінде осы бағыт дамыған. Бұл қызмет міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтеді және мемлекеттік қадағалауда болуы тиіс. Себебі бұл жерде азаматтардың құқықтарына ешқандай шектеулер қойылмауы керек. Егер де азаматтардың жеке басының, отбасының құпиялары жарияланатын болса, онда мұндай детективтік қызмет біздің қоғамға жақсылық әкелмейді. Бұл арада «Жеке детективтік қызмет туралы» заң қабылдап, оның қызметін нақты белгілеуіміз керек. Бұл қызметтің қоғамға қажеттілігі ерекше сезіліп тұр. Азаматтардың барлығы құқық қорғау органдарына шағымдану арқылы өзінің бұзылған құқықтары мен бостандықтарын көп жағдайда қалпына келтіре алмайды. Сондықтан мұндай жекеменшік детективтік мекемелер мен ұйымдар құрылса, бұл жалпы азаматтармен қатар, құқық қорғау органдарының жұмысына белгілі бір жеңілдіктер әкелуі мүмкін. Бүгінде көптеген азаматтар құқық қорғау органдарына көп мәселелер бойынша шағымданбайтыны тағы рас. Ал, азаматтар детективтік мекемелер өкілдерімен белгілі бір шартқа тұру арқылы өздерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп алуына мүмкіндік туады. Сондықтан детективтік мекемелер тәуелсіз, өз бетінше қызмет атқара алатындай деңгейде құрылуы тиіс. Оның үстіне олардың қажетті мағлұматтарды алуға мүмкіншіліктері болуы керек [4, 1] .

17.08.2012 ж. күні Астанада Әділет министрлігі жекеменшік детектив қызметі туралы заң жобасын әзірлеу барысындағы өткен жиында Әділет министрлігінің заң қабылдау институты директорының міндетін атқарушы Жанат Құлжабаева «Заң жобасы жекеменшік детектив қызметтеріне тапсырыс берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жекеменшік детективке жекеменшік детективті қызмет жүргізуге мүмкіндік береді, заң жобасында бұл қызметтің тәртібі реттелген, шектеулері белгіленген», - деді. Жанат Құлжабаева атап өткендей, іс жүзінде жекеменшік детективті қызмет азаматтарға заңды мүдделерін қорғау жолдарын таңдауға мүмкіндік береді және демократиялық қоғамның қажетті элементі болып табылады. Жекеменшік детектив қызметі туралы заң жобасын құру біз үшін әрине оңайға түспейтіні анық. Себебі, жекеменшік детектив құрылымдары жедел іздестіру шараларын жүргізуге көп мүмкіндік алады. Ал, бұл күрделі мәселе. Сондықтан, Жекеменшік детектив қызметі туралы заңды азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірмейтіндей етіп әзірлеп, қабылдау керек деп, - ойлаймын.

Қазіргі таңдағы Жекеменшік детектив қызметі туралы заңды қабылдау мақсатында Қазақастан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілсе. Мысалы, онда жекеменшік детектив қызметіне қатысты арнайы нормалар енгізіліп, әрі қарай осы норманы орындау, іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында оған сәйкес нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажеттігі туар еді. Жекеменшік детектив қызметі туралы заң қабылданар болса, оның құқық қорғау қызметіне оңды ықпалын тигізері сөзсіз. Бұл жерде қарапайым халықтың да жекеменшік детективтің қызметіне қол жеткізе алу мүмкіндігін заңда қарастыру қажет деп есептеймін.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Із кесуші керек пе? http://old.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=19038&Itemid=60 . 2012 ж.

2. Жеке детектив – заман талабы ... zan.zan-media.kz/index.php?option=com_content ... 2013 ж.

3. Қазақстанның құқық жүйесі уақыт талаптарына сай болуға тиіс ... i-news.kz/news/2012/10/04/6651177.html. 2012 ж.

4. Әділет министрлігі жекеменшік детектив қызметі туралы заң... www.kt.kz/index.php/pda/rss/?lang=kaz&uin=1133436254 … 2013 ж.


Больше важных новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

сообщить об ошибке
Сообщить об ошибке
Текст с ошибкой:
Комментарий:
Сейчас читают
Читайте также
Загрузка...
Интересное
Архив новостей
ПнВтСрЧтПтСбВс
последние комментарии
Последние комментарии