Новости
В других СМИ
Загрузка...
Читайте также
Новости партнеров

Заңнаманы жетілдіруді Конституциядан бастау қажет

Заң ғылымдарының кандидаты

Фото : 13 мая 2014, 12:40

Ұлттық заңнаманы жетілдіру туралы идеяны, оны жүзеге асыру үшін жарияланған конкурсты оң қабылдаймын. Осы уақытқа дейін жарияланған жұмыстар салалық заңнаманы қамтыған. Конкурс қатысушыларының жұмыстарында небір тың идеялар бар. Ол – қуантатын жағдай. Ал мен көтеріп отырған мәселе Қазақстан Республикасының Конституциясына қатысты. Оның кемшіліктері туралы кезінде жазылды, айтылды және қазір де көтеріліп жатыр.

Тірі ағза іспетті құқық нормаларынан тұратын Конституция да жетілдіруді қажет етеді. Кезінде жіберілген қателерді ешкімнің ескергісі келмеді. Жиырма жылдай алдын болған жағдаяттар қазір өзгерді. Бірақ Қазақстан Республикасының Конституциясын қорғаушылар, яғни мемлекеттік билікті ұстаушылар, оны догмаға айналдырып жіберген. Өйткені Конституцияны жетілдіру ұсынысы бойынша бейресми тыйым бар сияқты. Ол ең соңғы үлгідегі, кемшілігі жоқ, идеалды нормативтік құқықтық акт іспетті. Ал іс жүзінде сондай ма?

Қазақстан Республикасынан басқа әлемнің бірде-бір мемлекеті жасанды қателі нормаларды басшылыққа алмайды. Конституцияның ең басты құқықтық қатесі 45-бапта орын алған. Баптың 2-тармағында «Конституцияның 53-бабының 4) тармақшасында көзделген ретте Республика Президентi заңдар шығарады» делінген, яғни онда Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару құқығы туралы норма болуы тиіс еді. Бірақ, 53-баптың 4) тармақшасында «соғыс және бiтiм мәселелерiн шешедi» делінген. Соғыс және бiтiм мәселелерiн шешу Қазақстан Республикасы Парламентінің құзыретіне жатады. Бұл қатені сапасыз саясат пен тәжірибенің заңдылығы деуге әбден болады.

Конституцияның тағы бір өрескел қатесі 58-бапта жіберілген. Өз еркімен лауазымнан/орнынан түсу үшін өзгелердің дауыс беруінің қажеті қанша? Қате – норманың орыс тіліндегі мәтінінде. Баптың 2-тармағында «Председатели Палат могут быть отозваны от должности, а также вправе подать в отставку, если за это проголосовало большинство от общего числа депутатов Палат» делінген. Құқықтық әрі логика жағынан қазақ тіліндегі «Палаталардың төрағалары, егер бұл үшін Палаталардың депутаттары жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қызметтен кері шақырылып алынуы мүмкін, сондай-ақ олар өз еркімен орнынан түсуге хақылы» деген нұсқасы дұрыс. Яғни, бұл нормадағы «дауыс беру» тек қана «кері шақырып алу» рәсіміне ғана қатысты! Егер заңгерлер орыс тіліндегі нұсқаны дұрыс деп шешіп жатса, қазақ тіліндегі мәтінді өзгерту қажет болады! Таңдау – билікте.

Конституцияның 48-бабында Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігін «қабылдаған тұлға» (мәтін бойы ерекше көрсеткен мен. – Н.П.) ұғымы 2 рет қолданылынған, ал 42-бапта ол «қабылдаған адам» делінген (орыс тіліндегі мәтінде тиісінше «Лицо, принявшее на себя полномочия» мен «лицом, принявшим на себя полномочия» деген ұғымдар). Логика бойынша бірінші қолданылынған нұсқа бүкіл мәтінде қолданылуға тиіс.

61-баптың 1) тармақшасында жіберілген тілдік қате құқықтық қатеге алып келді. Қаншама маман жабылып жүріп «азаматтық құқықтар мен бостандықтарды» азаматтардың құқықтары мен бостандықтарынан ажырата/түсіне алмаған (орыс тілінде «правосубъектности физических и юридических лиц , гражданских прав и свобод , обязательств и ответственности физических и юридических лиц»). Яғни мұнда азаматтық және конституциялық құқық ұғымдарын шатастыру орын алған.

Конституцияда осындай күрделі қателермен бірге салдары төмендеу құқықтық және тілдік қателер де көп жіберілген. 44-баптың 3) тармақшасында Үкімет мүшелерінің тағайындалуы туралы норма бола тұра, қызметке тағайындалуы ерекше көрсетілген сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлері қызметтерінен босатылмай ма? Осы мәселе Қарулы Күштердің «тағайындалатын және ауыстырылып отыратын » жоғары қолбасшылығына да қатысты.

Конституцияның тағы бір үлкен кемшілігі – нормаларды жүзеге асыру тетігінің болмауы. Мысалы, 58-баптың 3-тармағының 7) тармақшасы бойынша Палаталар төрағалары «палаталарға Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады». Не Конституцияда, не қолданыстағы заңнамада осы құзырет айқындалмаған. Осы сынды нормаларға 56-баптың 1-тармағының 3) тармақшасын , 83-баптың 1-тармағын және т.б. жатқызуға болады.

4-баптың 1-тармағында логика жоқ, өйткені одан құқық норма болып табылатынын не норма құқық болып табылатынын түсіну мүмкін емес. 5-баптың 2-тармағына да логикалық амалды қолдану қажет сияқты. Осы баптың 3-тармағындағы «тектік-топтық» деген ұғымның құқықтық маңызы бар ма (ол 20-бапта да қайталанған)? Баптың 4-тармағындағы «діни негіздегі партиялар» (орыс тіліндегі «партий на религиозной основе») деген ұғым ондағы шетелдік элементтерге еш қатысы жоқ. Партиялық элементтің 19-баптың 1-тармағында ұлт пен діннің арасында бекітілуі де күмәнді.

14-баптағы «тұрғылықты жер» мен 21-баптағы «тұрғылықты мекен» деген ұғымдардың екі түрлі болуының себебі орыс тіліндегі «места жительства» мен «местожительства» деген нұсқаларға қатысты ма? Осы мәселе 39-баптағы «әрекет» пен 47-баптағы «іс-әрекет» деген сөздердің орыс тіліндегі нұсқасы «действия» деген бір-ақ сөз.

15-баптың 2-тармағының екінші нормасы бөлек бекітілгенде маңыздырақ болатын екі сөйлемнен тұрады (орыс тілінде бір-ақ сөйлем).

18-баптың 3-тармағындағы , 31 және 83-баптардың 2-тармақтарындағы «лауазымды адамдар» мен 40-баптағы «лауазымды тұлға» бірдей ұғымдар (орыс тіліндегі мәтінде «должностные лица». Екі нұсқаның 40-баптағысы дұрыс).

23-баптың 2-тармағында бекітілген тыйымды сайлау кезінде сақтау мүмкін емес («сөз сөйлемеу» мен «не выступать» деген сөздердің сәйкестігін ескермегеннің өзінде), сондықтан оның маңыздығы күмәнді.

42-баптың 2 және 3-тармақтарындағы «бұрынғы Президент» пен 46-баптың 3-тармағындағы , 71-баптағы «экс-Президент» деген ұғымдар бірдей сияқты.

Сонымен қатар, 46-баптың 3-тармағы нақтылауды қажет етеді, өйткені 1 және 2-баптар тек экс-Президенттерге ғана қатысты сияқты.

Конституцияның қазақ тіліндегі нормалары бойынша депутатты халық сайламайды деп тұжырымдауға болады. Оған 52-баптың 5-тармағы үшінші абзацының 1) тармақшасындағы «депутат... өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған» және 2) тармақшасындағы «депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан» деген нормалары куә бола алады. Ал орыс тіліндегі мәтінде мағына басқаша. Оларда тиісінше «выходе или исключении депутата из политической партии, от которой... он избран» және «прекращении деятельности политической партии, от которой... депутат избран» делінген. Яғни нормалар қазақ тіліне дұрыс аударылмаған. Қате норма нақты тәжірибені көрсетіп тұрған сияқты.

53-баптың 3) тармақшасының құқықтан гөрі, міндеттік сипаты басым.

55-баптың 5) тармақшасында бекітілген норма заңдылық қағидатына жатпайды. Парламент дегеніміз екі палатан тұратын жоғары заң шығарушы орган сияқты еді.

61-баптың 2-тармағындағы «бұл Парламент заң жобасын енгізілген күннен бастап бір ай ішінде қарауға тиісті екенін білдіреді» деген сөздерді «Парламенттің» деген сөз арқылы нақтылаған орынды, өйткені «Парламент» пен «қарауға тиісті екенін білдіреді» деген жолдар үйлеспейді. Осы баптағы «жаңа» деген сөзді нақтылау да Конституцияның бүкіл мәтініне қатысты мәселені шешуге мүмкіндік береді. Негізі «жаңа» деген ұғым бұрын, ескі заңдар немесе жағдаяттар бар екеніне не болғанына меңзейді.

Сонымен қатар, баптың 3-тармағын да қайта қарау қажет, өйткені орыс тіліндегі «законы, которые регулируют важнейшие общественные отношения, устанавливают основополагающие принципы и нормы» деген сөздер «аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, мыналарға... қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар» деп жасанды бөлінген. Және де негізгі ой принциптер мен нормаларға ауысып кеткен.

Осы баптың 5 және 5-1-тармақтарындағы тиісінше «келіспеушілік келісу рәсімі арқылы шешіледі» мен «келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі» деген сөздердің орыс тіліндегі нұсқалары біреу-ақ. Ол – «разногласия... разрешаются путем согласительных процедур» деген норма. 6-тармақтағы «енгізілген» деген сөзді «енгізілетін» деген сөзбен ауыстырған да орынды болар, өйткені мұнда шақтық сипат бар.

62-баптың 3 және 6-тармақтарындағы тиісінше «өзгертулер мен толықтырулар» және «өзгерістер мен толықтырулар» арасы қағидатты ма?

70-баптың 3-тармағы құқықтық ойды тікелей бере алмайды.

Ұйымдардың 76-баптың 1-тармағында көрсетілгендей «бостандықтары» болатынына сену қиын.

77-баптың 3-тармағы 3) тармақшасының «өзіне заңмен көзделген соттылығын оның келісімінсіз ешкімнің өзгертуіне болмайды» деген нормасын түсіну мүмкін емес.

Конституцияның мемлекеттік органдар мен лауазымдарға қатысты ұйымдастырушылық құзыреттері құқықтық күмән туғызады. Мысалы бір адамды 107 адамның қызметке (дұрысы – лауазымға) тағайындауы сұрақтар туғызады. Сол сияқты бір кандидат бойынша сайлау өткізу де құқықтық фикция болып табылады. Сондықтан осындай рәсімдерді реттейтін 55 , 57 , 58 , 82-баптардың нормаларын қайта қарау қажет болар.

Конституцияның 85-89-баптары бойынша заңсыз қосарландырылған мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың (шындығында, екінші институт жоқ!) аражігін ажыратпайынша, жергілікті басқаруды жетілдіру мүмкін емес.

Мәслихаттардың 88-баптың 1-тармақшасында көрсетілген шешімдерінің күші мен әрекет ету аумағы белгісіз, яғни норма құқықтық ойды жеткізе алмайды.

91-баптың 1-тармағында бекітілгендей, Парламенттің Конституцияға өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы қабылдаған заңын республикалық референдумға шығарудың маңызы неде? Қабылданған заңды қайта заңдастыру қажет пе?

Конституцияның біраз мәселесі ұғымдар мен тіркестерде жатыр. Сондықтан, Преамбуладағы «жоғары жауапкершілігімізді» (орыс тіліндегі «высокую ответственность» дегенді қоса) 33-баптағы «бас бостандығынан айыру орындарында отырған», 57-баптағы «өтініш», 52-баптағы «мәселелерді әзірлеу», 66-баптағы «бағыттарын әзірлеу» сияқты тіркестер мен сөздер пысықтауды қажет етеді. Сол сияқты бірі-бірінен алшақ емес «қайталап» және «қайтадан», «қызмет» пен «лауазым» және т.с.с. сөздер мен тіркестерді бірізділікке келтіруге болады.

Конституцияда мәтін бойы заңмен немесе конституциялық заңмен реттелетін қоғамдық қатынастарды да шатастыруға жол берілген.

Қорыта келгенде, көрсетілгендер кемшіліктердің бір бөлігі ғана. Онда әлі анықталмағандар да жеткілікті (оқыған сайын кездесе береді!). Яғни Конституция тыңғылықты талдау мен түзетуді қажет етеді.

Жоғарыда көрсетілген кемшіліктердің бір себебі тілдік саясатта жатыр. Сондықтан оның астарында Конституцияның қазақ тіліндегі кемшіліктері мен қателері маңызсыз болып қалды. Ал норма қате болса, оның құқықтық тұрғыдан қоғамдық қатынастарды реттеуге еш қауқары болмайды. Өкінішке орай, осындай қауқарсыз құқықтық жүйе «түзетуді қажет етеді» деген сөздер қайталанумен ғана шектелуде.

Конкурстық комиссияның заңнаманы жетілдірудегі мақсаты тоқыраудан жол іздеу деп түсінемін. Өкінішке орай, біз өткен ғасырдың 80-ші жылдарына қайта келдік. Пафос пен ертегінің, қазақстандық суретшілер күнде салып жатқан картинаның артында болашағы көмескі қоғамымыз тұр. Сондықтан қоғамның негізгі реттеушісі құқықты, оның негізін – заңнаманы шынайы жетілдіру қажет.

Ұлттық заңнаманы жетілдіруді декриминизация, депенализация сияқты операциялармен қатар, деперсонификациялаумен де ұштастыру қажет. Бірақ ол басқа конкурстың тақырыбы...

Сонымен, ұлттық заңнаманы жетілдіруді Конституциядан бастау қажет. Қоғамдық қатынастар мен мемлекеттің даму сатысында орын алып отырған өзгерістер Конституцияның (мемлекеттің) тиімді жұмыс істеуі үшін оған да өзгерістер енгізуді талап етеді. Бүгінде 1995 жылы жіберілген қателер мен 2007 жылдан бері қордаланған мәселелерді шешудің келіп тұр. Конституциялық кемшіліктерді оны күрделі реформалаумен ұштастыру арқылы түзетуге болады. Бұл іс асығыстық пен әміршілдікті немесе тек қана мемлекеттік органдардың іс-әрекеті мен қатысуын көтермейді. Сапалы реформа өткізу үшін қоғамның да тыңғылықты әзірленуі қажет.

Конституция дұрыс болса – заңнама дұрыс.

Қолданылынған көздер:

1 Қазақтан Республикасының Конституциясы . Алматы: Жеті жарғы, 2007.

2 Қазақтан Республикасының Конституциясы // «Әділет» АҚЖ. (02.05.2014)


Больше важных новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

сообщить об ошибке
Сообщить об ошибке
Текст с ошибкой:
Комментарий:
Сейчас читают
Читайте также
Загрузка...
Интересное
Архив новостей
ПнВтСрЧтПтСбВс
последние комментарии
Последние комментарии