Лента новостей
0

Алматыда әл-Фараби даңғылын су басу жағдайы қайталанбайды

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 24.06.2016 16:16 Zakon.kz
Аудан басшысының сөзінше, Әуезов ауданында баяғыдан бері белгілі 8 күрделі нүкте бар екен. Мамандар қазірдің өзінде аталған нүктелердің мәселесін шешудің жолын тауыпты.

Бостандық, Алмалы және Әуезов ауданында да су басу қаупінің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Өткен аптада жауған нөсерлі жауын аталған аудан тұрғындарын да әбігерге салған еді. Қазір аудан атқамінерлері коммуналдық қызметкерлер мен арнайы техниканың жұмысын күшейткен. Әрі табиғаттың тосын мінезіне төтеп беруге дайын екендіктерін жеткізді, деп жазады Алматы телеарнасы.

Мына кадрлар осыдан төрт күн бұрын түсіріліп, әлеуметтік желі беттерін шарлады. Мұнда нөсер жауын мен Кереңғұлақ өзенінің арнасынан асуы салдарынан әл-Фараби даңғылын су басып, көлік кептелісі туындағаны айқын көрінеді. Жұртты әбігерге салған осындай келеңсіздіктен кейін 10 мың гектар аумақты алып жатқан Бостандық ауданының шенділері қауіпсіздік шараларын күшейтуге қызу кірісіпті. Тұрғындарды қатты жауыннан сақтандыру үшін аудан бойынша 120 адам, 25 арнайы техника мен 11 су соратын құрылғылар жұмылдырылған. Қазір аудандағы 130 шақырымды алып жатқан арық жүйелерінде тазалық жұмыстары жүргізілуде. Бұдан кейін даңғылдағы жағдай қайталанбайды деп сендірді жауаптылар.

"Сол сабақтан кейін біз қазір дайындық жұмыстарын бастап экскаватор қойып, арнайы екінші қосымша арна жасадық. Егер қатты жауын жауып, су көбейетін болса, сол арнамен қайтадан Кереңғұлақ өзеніне құйып, Есентайға құйылып кететін жағдай жасап қойдық. Ендігі жауында су әл-Фараби даңғылына шықпайды деп сендіремін",- деді Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Асқар Райқұлов.

Меридианды бағыттағы көшелердің ортасында орналасқан Алмалы ауданында да толассыз жауынға тас-түйін дайындық байқалады. Мұнда да тазалыққа жауаптылар арықтардың көзін ашып, лай-батпақтан аршу үстінде. Ауданда 189 шақырым арық жүйесі бар, оның 82 шақырымы күрделі жөндеу жұмыстарын талап етеді. Биыл қала қазынасынан бөлінген 189 млн теңгеге 6 шақырым арық жүйесі жаңартылмақ. Бұған қоса, аудан әкімдігі 64 млн теңге көлеміндегі өз қаржысына 1 шақырым 200 метр аумақтағы судың жер асты өткелдерін жөндеуден өткізбек.

"Жауыннан, су басу апатынан сақтау үшін Алмалы ауданында мердігер мекемелердің барлығын қосқан кезде 8 су соратын машинамыз бар, үлкен АС машина бар, крот дейді, бітеліп қалған арықтардың өткелдерін, жер асты өткелдерін судың қарқынымен жуып шығады. Содан 8 қондырғымыз бар, су соратын мотопомпо дейді. Солардың бәрін су басқан бұрыштар бар, өткелдер бар сондай жерлерге міндетті түрде мобильдік тобымыз бар қай жерден шақырылым түседі, сол жерге біздің қондырғыларымыз міндетті түрде жеткізіліп, суы сорғытылып, құрғатылып отырады",- деді Алматы қаласы Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов.

Алматының Әуезов ауданында да коммуналдық қызметкерлер тәулік бойы кезекшілікке тұрып, арықтарды тазалап, жиналған суды сорғызуда. Ал, өзен арналарын құм толтырылған қаптармен нығайтуда. Аудан әкімі Алтай Рахымбетовтың айтуынша, көшені басып қалатын су - басты мәселе. Мәселен, соның бірі - Алматы көшесі. Мұнда үлкен шалшықтың жиналуына сауда орталығының құрылыс жұмысы әсер етіпті. Ғимарат биікте тұрғызылып жатыр. Сондықтан барлық су төмен қарай ағып, жиектен аспай қалатын көрінеді.

"Осы проблеманың маңыздылығын түсіне отырып, жауын-шашын кезінде мұнда бірден техника жіберіліп, суды сору жұмыстары жүргізіледі. Бірақ сонымен бірге біз осы салынып жатқан нысан иесімен бірлесе отырып, бұл жердің барлық аумағын тексеріп шықтық. Олар өз қаражаты есебінен, жауын суы құйылатын кәріз құбырын жасауды қолға алды",- деді Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Алтай Рахымбетов.

Аудан басшысының сөзінше, Әуезов ауданында баяғыдан бері белгілі 8 күрделі нүкте бар екен. Мамандар қазірдің өзінде аталған нүктелердің мәселесін шешудің жолын тауыпты. Ал, әзірге мұнда жергілікті коммуналдық қызметкерлердің көмегімен 4 шақырым арық жүйелерін жаңғырту көзделуде.

Айдана Мейрамбайқызы, Валерий Таубалдиев

Фото: ovi.kz

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: