Лента новостей
0

Сот әділдігі – ел дамуының тұғыры

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 28.09.2017 09:35 Zakon.kz
Біз Мәңгілік ел боламыз деп, кемел келешегі бар мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы – кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі.
Әділ қазылық ету – әр судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай біліп, жатқа айта білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би, адал, әділ болып, іс бойынша шешім қабылдағанда жігерлікті, батылдықты, табандылықты көрсете білуі – заман талабы екендігін ұмытпауы қажет. Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Сол сәтте айыпкер, бұзақы, жауапкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді.

Біз Мәңгілік ел боламыз деп, кемел келешегі бар мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы – кез-келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс немесе құрылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Сот төрелігі алдында тұрған жоғары әрі жауапты міндеттер судьялардың өзінің кәсіби қызметін халыққа ерен еңбегімен жеткізе отырып, Конституция мен заңдарды мүлтіксіз орындау арқылы, адалдықты, сатылмаушылықты, әділдікті, халық арасындағы шүбәсіз беделдікті көрсете келе, қызметте де тұрмыста да адамгершілік пен мораль нормаларын, мінез-құлықтың әдеп қағидаларын сақтау негізінде атқаруын көздейді.

Жаңа судьялардың Әдеп Кодекстің жан-жақты талқыланып, беделді халықаралық Комиссия сараптамасынан өтіп барып қабылдануы сот билігінің дамуы мен нығаюының, сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігі мен сапасын арттырудағы, елімізде тәуелсіз және адамгершілік жағынан мінсіз сот корпусының қалыптасуының айқын көрінісі болатындығының кепілі.

Судьяның қызметі үнемі халықтың назарында болғандықтан, судьялардың жүріп – тұруы, жоғары моральдық әдеп талаптарына сай іс-әрекеттері олардың ел және қоғам алдындағы ерекше жауапкершілікті толық түрде түсінетіндігі сот саласының халық алдында беделінің жоғары екендігін дәлелдейді.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күннен бастап, құқықтық жүйенің кәсіби, әрі адал қызметін жолға қоюда аз жұмыс істелген жоқ. Ең бастысы, соттар мен судьялар қағаз жүзіндегі емес, іс жүзіндегі тәуелсіздікке қол жеткізді. Соттардың тәуелсіздігіне біздің Конституциямыз да кепіл. Ол судьяларды жауапқа тартудың күрделі де жан-жақты мүмкіндіктерін қарастырады. Судьяның заң алдында да, заңға сүйене отырып шешім қабылдаған уақытта да қатаң бақылауда болатындығын, кешірімсіз ерекше жауапқа тартылатындығын ескере келе, Әдеп кодексі мен Судьялардың әдебі жөніндегі комиссия тек қана судьяның міндеттерін және тәртіптік жауапкершілігін айқындап, жауапқа тартумен шектелмей, оның бұзылған құқықтарын қорғау және қалпына келтіру мәселелерін ойдағыдай реттейтін сала болып есептелуі де қажет екендігі туындайды. Осы орайда сот беделінің бүкіл биліктің абыройы екендігін ескере келе, ол адамдар әділдік іздеп баратын ең соңғы саты екендігіне белгілі баға бергеніміз абзал деп ойлаймын. Сот билігінің беделі мен күш-қуаты осында жатқандығы айқын.

Осы орайда айта кететін жай – Қазақстанда судьялар – Елбасының жарлығымен тағайындалатыны және қызметінен босатылатын, жоғары жалақы төленетін және тиісті әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мәртебелі мемлекеттік лауазым иелері. Сондықтан олардан сұраныс пен талапта жоғары болатындығы талқыланып отырған Әдеп Кодексінде айқын айтылған. Осы себептен судьялардың мінез-құлық, ар-ождан келбеттерінің үлгілі қоғамдық нормаларын қалыптастырудың маңызына осы сәтте аса жоғары мән беріліп отыр.

Сот беделі – сот шешімдерінің әділдігінде, судьялардың кәсіби біліктілігіне, олардың ұстанымы мен жеке басының адамгершілік қасиеттеріне тікелей байланысты. Осыған орай, сот әдебі сот әділдігімен тамыр тартып жатқан, соттың шынайылылығына тәуелді, онымен біте қайнасудан туындаған айқын да жарқын құбылыс. Ел судьяларының жаңа редакциядағы Әдеп кодексі – бұқара тарапынан сот жүйесіне сенімді нығайтуға, судьяның халық алдында жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заман талабына сай дайындалған құнды – тарихи құжат деп тануға болады.

Себебі, судья алдына әркім әділдік іздеп келеді және билік төрінен адам жан айқайын түсініп, тыңдай, тіл табыса білетін парасатты, білімді де, білікті, мейірбан жанды көргісі келеді. Азаматтардың сотқа, судьяның шығарған шешіміне деген сенімі мен үміті нақ осы бастапқы әсерден қалыптасады. Сондықтан судья сыпайылықпен ұстамдылық өзегі болып, заң талабын қолдануда ерекше даналық көрсетуі заман талабы екенін түсінуі қажет. Яғни, судья – сот жүйесінің айнасы бола білуі тиіс.

Батыс Қазақстан облысы, Теректі аудандық №2 сотының төрағасы Ибрагим Қабылұлы Ниязғалиев


Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: