Қазақстан Республикасы заңнамасының ресми мәтіні мәселесіне бір ғана мысал

 

Кез келген мемлекет пен қоғам үшін құқықтық мәдениет пен тәртіп жоғары маңызды құндылыққа жатады. Оны қамтамасыз ету мен сақтауға мемлекет тарапынан қыруар күш пен ресурстардың бөлінуі объективті қажеттілік. Осы тұрғыда халықты жалпы мәдени дамыту мен құқықтық дамыту ісінде олардың ұлттық заңнама мәтініне қол жеткізуі ерекше рөлге ие.

Мемлекет пен қоғам үшін мақсатты заңдылық қағидатын азаматтар мен ұйымдардан талап етпес алдын олардың заңнаманың ресми мәтініне қолжетімдігін қамтамасыз ету қажет. Осындай іс-шаралар қатарында қағаз және электронды бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілермен қатар мемлекеттің арнайыландырылған ақпарат көздері де қолданылады. Қазақстан Республикасындағы құқықтық ресми ақпараттық көздердің бірі «Әділет» ақпараттық- құқықтық жүйесі (бұдан әрі - «Әділет» АҚЖ) болып табылады[1].

Аталған жүйеге ұлттық заңнама мәтінінің екі тілдегі нұсқаларының өзекті өзгерістері уақытылы енгізіліп, бақылауда ұсталып отырады. Жүйе жұмыс істеуге ыңғайлы, өте қолжетімді. Кез келген биліктік құрылымға ауадай қажет кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында 2016 жылдан бері тұтынушылар үшін жүйеге кері байланыс арнасы да кіргізілді. Бір жағынан еш мінсіз сияқты.

Осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына қарамастан жүйенің кемшілікті тұстары да бар. Жүйемен тұрақты жұмыс істейтін маман есебінде оның бір ғана кемшілігі туралы объективті ақпарат айту ғылыми этика шеңберінен шыққан болмас. Сондықтан қолданыста орын алып отырған тәжірибемен ой бөлісіп, оны осы мақаланың объектісі ету де заңдылықты деп санаймын (көп жағдайлардағы кезекшілік «ойлаймыз, санаймыз» деп ғылыми «этикалық» көпше түрге салғаннан, жеке ой мен пікірді неге жекешелемеске?). Жалпы, арнайы түрде жүйеге кіріп, кездестірілген кемшіліктер туралы ой айтушы ғалым мен мүдделі азаматтың позициясын тек құптау ғана қажет. Бұл - ғылым мен мемлекет үшін оң тәжірибе болып табылады. Кері пікірдің заңнама саласын жақсартпаса, кемшілік келтірмейтіні анық.

Бұл мақаланың объектісі «Әділет» АҚЖ-да кездестірілген кемшіліктерді түзетуге атсалысу болып табылады. Өкінішке орай, жүйеге кіргізілген, қолданыстағы заңнаманың мәтінінде кездестірілген кемшіліктер мен қателерді талдау олардың шығу тегін анықтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан осы жүйе бойынша алынған жауаптардан екі ой туындайды. Біріншісі, жедел түзетіліп, қатенің жойылғаны қуантады. Екіншісі - ол қатені кім түзетті деген ой. Өйткені «Әділет» АҚЖ-да ресми мәтін мемлекеттік органнан алынған күйінде орналастырылады деген тәжірибеге күдік туады. Яғни, заңнама мәтінін «Әділет» АҚЖ-да жауапты қызметкерлер тереді дегенге сайып келеді.

Мақалада «Әділет» АҚЖ берген жауаптар[2] қарастырылды. Олардың ішінде қате жауап беру фактісі де болды. Мысалы, «Сіздің мәселелеріңізге байланысты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК келесіні хабарлайды.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 Заңында және Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 23 желтоқсандағы № 1470 Жарлығында анықталған қателер қазіргі уақытта сәйкестікке келтірілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің «100 нақты қадам» бағдарламасы 2015 жылғы 20 мамырда «Егемен Қазақстан» газетінде ресми жарияланған түпнұсқаға сәйкес «Әділет» АҚЖ-ға орналастырылған[3].

Құқықтық мәселелер бойынша консультация алу үшін Сізге 119 нөмірі бойынша (қоңырау шалу тегін) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Құқықтық ақпараттық қызметіне хабарласуыңызға болады[4].» - деген жауап бойынша қайта хабарлама жазуға тура келді. Сондықтан, «Құрметті жауапты қызметкерлер! Мына үзіндіні сайттан жаңа ғана алдым. Баяғы жартас, бір жартас! Құрметпен Н. Примашев» деп заңнамадағы қателі «6) Қазақстан Республикасының өндіргіш күштерін орналастыру схемасына сәйкес облыстың аудандық жоспарлану схемасын, облыс орталығын, республикалық маңызы бар қаланы және астананы салудың бас жоспарларын әзірлейді, оларды облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық мәслихаттың қарауына енгізеді; облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық коммуналдық меншік объектілері мен облыстық маңызы бар, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша тапсырысшы болады, коммуналдық желілер мен құрылыстарды салуға рұқсат береді; әкімшілік аудандардың аудандық жоспарлану схемаларын, аудан орталықтарын, облыстық маңызы бар қалаларды сатудың бас жоспарларын әзірлейді және оларды облыстық мәслихатқа бекіту үшін ұсынады;» деген норманы толығымен ілуге тура келді.

Өз кезегінде «Әділет» АҚЖ-сы жалпылама жауабы үшін кешірім өтінгені оң тәжірибе болып табылады. Сондықтан, «Біздің тараптан кеткен кемшіліктер үшін кешірім өтінеміз.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 Заңында анықталған қате бойынша сізге жауап қайтарылған уақытта, «Әділет» АҚЖ-сы жаңартылмаған.

Қазіргі кезде аталмыш заңдағы қате түзетіліп орналастырылған» - деген жауап - қатенің түзетілгенінің дәлелі бола алады.

Келесі «Сіздің мәселеңізге байланысты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК келесіні хабарлайды.

2014 жылғы 3 шілдедегі № 226-V Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде анықталған кемшілік қазіргі уақытта сәйкестікке келтірілді.

Құқықтық мәселелер бойынша консультация алу үшін Сізге 119 нөмірі бойынша (қоңырау шалу тегін) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Құқықтық ақпараттық қызметіне хабарласуыңызға болады.

«Әділет» АҚЖ-ға назар аударғаныңызға рақмет.» және «Сіздің мәселеңізге байланысты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК келесіні хабарлайды.

Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңында анықталған қате қазіргі уақытта сәйкестікке келтірілді.

Құқықтық мәселелер бойынша консультация алу үшін Сізге 119 нөмірі бойынша (қоңырау шалу тегін) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Құқықтық ақпараттық қызметіне хабарласуыңызға болады.

«Әділет» АҚЖ-ға назар аударғаныңыз үшін алғыс білдіреміз.» - деген жауаптардан қателерді кім жедел түзетті екен деген сұрақ туындайды.

Келтірілген мысалдардан «Әділет» АҚЖ-да кемшіліктер тек заңнаманың қазақ тіліндегі мәтінінде жіберіледі екен деген ой тудырмас үшін менің келесі бір кемшілік туралы сұратуыма «РГП «Республиканский центр правовой информации» Министерства юстиции Республики Казахстан относительно Вашего запроса сообщает, что неточность в постановлении Конституционного Совета Республики Казахстан от 29 мая 1997 года № 13/2 в настоящее время приведена в соответствие.

К сведению, за консультацией по правовым вопросам можно обратиться в Правовую информационную службу Министерства юстиции Республики Казахстан по номеру 119 (звонок бесплатный).

Благодарим за проявленное внимание к ИПС «Әділет».» - деген орыс тіліндегі жауап осы тілден де кемшіліктер бар екенін көрсетеді.

Сонымен мақаланы қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының нормаларын жүзеге асыру тетіктерін жетілдіру және заңнаманың ресми мәтінін жариялау бойынша жауаптылықты күшейту қажет деу керек.

Мақала барысында бір ғана тәжірибе келтірілді. Онда да тек жариялау кемшілігі қарастырылды. Ал заңнамадағы құқықтық және тілдік кемшіліктеріне сан жетпейтіні анық. Ол да арнайы зерттеулерді қажет етеді.

 

Примашев Н.М., ҚР Заңнама институты Лингвистика орталығының бас ғылыми қызметкері, з.ғ.к.

 


[1] Бұл жүйені қызметтік ұстау мен толтыру Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» ШЖҚ РМК-ге жүктелген.

[2] Жүйеде кездестірген кемшіліктерін айтқан адамға бір нұсқада жауап қайтарған да дұрыс болар. Мысалы, мен өзіме қатысты «Құрметті Нұрзада Примашев», «Құрметті Нұрзада Маханбетұлы», «Құрметті Нұрзада» сияқты қаратпа нұсқалы жауаптарды алдым.

[3] Заң мәтіні бойынша қойылған сұраққа Қазақстан Республикасы Президентінің «100 нақты қадам» бағдарламасы мен оның қай басылымда шыққанының қаншалықты байланысы бары белгісіз.

[4] Заңнама қатесін көрсетіп, түзетуді ұсынған адамға берілген жауапқа осындай мәтін қажет емес болар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2 октября 2017, 09:48
Источник, интернет-ресурс: Примашев Н.М.

Если вы обнаружили ошибку или опечатку – выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите на ссылку сообщить об ошибке.

Комментарии
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript