Сот жүйесіне енгізілген жаңа технологиялардың бағдары

 

Цифрлық технология дамыған заманда құжат айналымның онлайн жүйесі қай салада болмасын өзінің ыңғайлылығымен, дербестігімен айқындалады. Осы бағытта әрине электронды үкімет порталы мемлекеттің халықпен қарым-қатынас жұмысының сапасының артуына ықпал етіп, тиімді, ашық әрі, азаматтарға қолжетімді бола түсті.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев судьялар қауымдастығының VІ съезінде соттардың ашықтығы мен обьективтілігін айқындайтын электронды инновациялық жүйені енгізуді және сот жүйесінің халыққа барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Бүгінде республика соттарында сот төрелігін іске асыру процесін анағұрлым жетілдіруде, сот қызметіне интернет арқылы қол жеткізуде және сот процесінің анықтығын қамтамасыз етуде ықпал ететін жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылып келе жатыр.

Ал сот жүйесіне енгізілген заманауи ақпараттық технологиялар электронды инновациялық сот төрелігін атқарумен ұштасады. Бұл сот қызметінің ашықтығы мен жариялылық қағидатын ұстанып, халықтың сотқа деген қолжетімділігі мен сенімін арттыруға өз септігін тигізеді.

Бүгінгі технология дамыған заманда қағазбастылық мәселесі электронды үкімет жобасының арқасында халықтың пайдасына қарай шешілді.

Елбасымен айқындалған «100 қадам» Ұлт жоспары шеңберінде сот жүйесінің алдына бірқатар тапсырмалар қойылды. 100 қадамның 20-қадамына сәйкес, барлық сот процесстерін бейне-дыбыс таспаға жазу шараларын енгізу міндеттелген болатын. Бейнетаспаны монтаждау мен өзге әрекеттер жасауға жол берілмейді. Өйткені сот процесі басталған уақытта бейнежазу құрылғысы іске қосылып, сот процесінің басталған және аяқталған уақыты толық көрініп тұрады. Бұл сот процестерінің белгіленген уақытта кешіктірілмей басталуына ықпал етіп, сот істерінің созбалаңға салынуына тыйым салудың кепілі болып табылады.

Қазіргі таңда елордалық соттарда барлық сот отырыстары 100 пайызға бейне-дыбыс таспаға жазу құрылғыларымен қамтылған. Яғни, сот отырыстары жазылған дыбыс-бейне таспамен сотқа қатысушы жақтар таныса алады, әрі оны талап ете алады. Бұл бағыттың өзі әрбір сот отырысының ашықтығын айқындайтын фактор іспеттес. Азаматтық және қылмыстық процессуалдық заңнамаларда бұл бағыт жөнінде арнайы норма қарастырылып, аталмыш үрдіс заңмен көзделген.

Сондай-ақ, сот жүйесін қолжетімді ету және оны оңтайландыру мақсатында Жоғарғы Сот 2014 жылы «Сот кабинеті» ақпараттық сервисін іске қосты. Сондай-ақ, жергілікті соттардың интернет-ресурстарында азаматтар үшін қолайлы атты «Сот құжаттарымен танысу», «Сотқа шақыру қағазы», «Сот істерін қарау кестесі» бірқатар сервистер іске қосылып, бүгінгі таңда халыққа қызмет атқаруда. Аталған сервистер арқылы азаматтар онлайн режимде электрондық түрде талап арыз бере алады және сот актісімен жедел түрде таныса алады.

«Сот құжаттарымен танысу» сервисі ашықтық пен жылдамдықты қамтитын электронды сот құжаттарымен танысуға арналған. Яғни, сотқа талап арыз өткізген азамат қолма-қол құжаттың тіркелгендігін растайтын түбіртекті алады. Соңынан ұялы телефоны арқылы логин мен құпия сөз көрсетілген электронды хабарлама алып, сол ақпараттарды енгізу жолымен шығарылған сот актісімен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Электрондық ақпараттық сервистер бүгінде сотқа қатысушы тараптардың, адвокаттардың сұранысына ие болып, бұқара халықтың кең қолданысында отыр. Бұл бағытты жетілдірудің өзі азаматтардың құқықтық мәдениетінің жетілуіне, олардың өздерінің конституциялық құқықтарын еркін пайдаланып, құқықтары мен бостандықтарының сақталауы, қорғалуына көп көмек береді.

Сандық электронды қолы бар әрбір азаматтары уақыттарын үнемдей отырып, кез-келген уақытта интернет желісі арқылы талап арыздарын, шағым мен наразылықтарын жолдай алады. Тұтынушы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта сот құжатымен, істің тарихымен, өзге де деректерімен танысып, сот актісін басып шығара алады.

Бұл сот саласындағы жүргізіліп жатқан тың реформалар мен жаңашылдықтар құқықтық саясаттың басты қағидаттарын басшылыққа алып, мемлекет пен қоғам институттарын одан әрі демократияландыруға бағытталған. Еліміздің тәуелсіздігі жылдары ішінде демократиялық және құқықтық мемлекеттің сұранысына сай жасақталған сот жүйесі қалыптасып, тұтастай алғанда толық қанды жұмыс атқарып келеді.

Электрондық озық технологиялардың қолданылуы судьялар мен сот мәжілісінің хатшыларының жүктемесінің жеңілдеуіне, сот отырысының хаттамасындағы ескертулерді азайтуға, сот ісін жүргізу рәсімін жеңілдетуге ықпалын тигізіп, халықтың сотқа қолжетімділігі мен сенімін арттырады.

Заманауи ақпараттық технологияны сот жүйесіне енгізу және оны одан әрі жетілдіру сөзсіз сот билігінің беделін жоғарылатуда, халық сенімін арттыруға септігін тигізеді.

Тәуелсіз жылдар ішінде сот жүйесінің тұрақты іргетасы қаланып, сот төрелігін іске асыру сапасының жақсарып, халықтың сотқа деген сенімі артып келеді.

Электронды озық технологияларды қолдану сот қызметкерлерінің ғана емес, сотқа жүгінетін адамдардың да уақытын үнемдемек. Бұл ақпараттық-электрондық жүйелер сот өндірісін жеңілдетіп қана қоймай, қағазбастылықтан арылып, азаматтардың уақыты мен қаржысын үнемдеуге, әрі сот жүйесінің анағұрлым ашықтығы мен қолжетімділігіне мейлінше қол жеткізуге ықпал етеді.

 

Есіл ауданының №2 аудандық сотының төрағасы

Б.Ж. Есенов

4 октября 2017, 17:30
Источник, интернет-ресурс:

Если вы обнаружили ошибку или опечатку – выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите на ссылку сообщить об ошибке.

Акции
Комментарии
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript