Мемлекеттік тілді дамыту - Қазақстанның әрбір азаматының борышы

 

Тіл қай елде болса да қастерлі, құдіретті. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс - берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз.

Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүруі мүмкін емес, ал тілдің өзі қоғам бар жерде ғана пайда болып, өмір сүреді. Демек, қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ. Тіл - қоғамның жемісі.

«Тіл туралы» заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір адамзатының парызы» - делінген. Әрине ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты - оның ана тілі. Ұлт анасы тіл болып есептеледі. Сонымен бірге ұлттың өмір сүруінің бірінші шарты. Конституциямыздың жетінші бабының бірінші тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі деп анық көрсетілген, Ата Заңымыздан туындаған «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының заңында да осы жағдай берік қамтылған. Біздің азаматтық парызымыз - тіл заңындағы талаптарды жүйелі түрде жүзеге асыру. Ол тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларынан да көрініс тапқан.

Ендеше, қазіргі заман талабына сай қоғамның барлық саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында бірқатар іс-шаралар жүргізіліп жатқаны аян. Осындай оңтайлы көзқарастың бүгінгі таңдағы сот жүйесіне де өз ықпалын тигізгені айқын. Соның нәтижесінде Астана қаласының Алматы аудандық сотында кейінгі бірнеше жылдың ағымында ішкі құжат айналымын мемлекеттік тілге көшіру ұйымдастырылған, кез келген істі мемлекеттік тілде қарап, шешім шығаруға толық мүмкіндігі бар. Аудандық сотта қаралатын азаматтық істердің басым көпшілігінің ресми тілде болуына себебі, азаматтарға кәсіби кеңес беретін адвокаттардың мемлекеттік тілді жетік меңгермегендігі немесе әр адвокаттың іс тәжірибесінде қалыптасқан арыз-шағымдардың үлгісінің тек ресми тілде болатындығы, яғни осы сипаттас себеп-салдардың әсерінен, адвокаттар азаматтардың барлық іс құжаттары мен талап арыздарын ресми тілде әзірлеуге дайын тұратындары жасырын емес.

Туған тілдің абыройын асқақтату - әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекетік тілдің атқаратын қызметі орасан зор. Ендеше, мемлекеттік тілді қоғам өмірінде кеңінен қолдану туралы мәселенің бүтін бір саясатқа айналып, қолданысқа енуіне кері әсерін тигізіп отырған мән-жәйлардың ұшы адам баласының өзіне келіп тіреледі. Себебі, қоғамдық ортада, таза мемлекеттік тілде сөйлемеу, барлық жарнамалар мен ескертпе құлаққағыстарды тек орыс тілінде іліп қою сияқты құбылыстарға назар аударып қана қоймай, нақты шаралар қолданар болсақ, мемлекеттік тілдің қоғам өмірінде маңызды орын аларына зор ықпал еткен болар едік. Қорыта айтар болсақ, мақаланың негізгі мақсаты - сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданысы туралы айта келіп, азаматтар мен заңды тұлғаларды сот ісін мемлекеттік тілде ұйымдастыруға мұрындық болуға шақыру болып табылады. Және де, сол арқылы сот саласындағы мемлекеттік тілдің мерейі үстем болуына үлес қосатындығын назарларына салу. Себебі, қолданыстағы заң талаптарына сай, арыз-шағымдар қай тілде келіп түссе, сот сол тілде сот өндірісін жүргізуге мәжбүр болмақ. Ендеше, мелекеттік тілді ғылым мен техниканың түрлі саласына енгізіп, сапасын арттыру - уақыт талабы, ал, уақыт талабын орындау - баршамыздың абыройлы парызымыз екендігін естен шығармайық.

 

Алматы аудандық

сотының бас маманы Муханова А.Ж.

 

 

5 октября 2017, 13:30
Источник, интернет-ресурс:

Если вы обнаружили ошибку или опечатку – выделите фрагмент текста с ошибкой и нажмите на ссылку сообщить об ошибке.

Акции
Комментарии
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript