Елімізде мүлдем арақ ішпейтін ауыл бар

Zakon.kz Zakon.kz
Ауылда арақ сатылмайтын бол­ғалы бері, отбасылық ұрыс-керіс, қылмыс, шаңырақтың шайқалуы азайған.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылының дүкен­дерінде арақ пен темекі мүлдем сатылмайды екен. Бұл туралы zakon.kz, Замана газеті жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.

Ауыл аса үлкен емес, бар болғаны 120 шаңырақ пен­ 1100 тұрғыны, 3 дүкені бар ша­ғын ауыл. Алайда шаңырақты шайқалу­дан, бір емес, бірнеше адамның өмі­рін күл-талқан етуден сақтауға септігі тиетін маңызды бастама кө­терген.

Тілшінің «Арақ сатуды қа­лай қойдырдыңыздар?» деген сұрағымызға ауыл биі Әб­ду­ә­лі Еркінбек­ұлы жауап берді.

«Арақ – атамыздан қалған ас емес, – дейді ол кісі. – Барлық жамандық атаулы мен қылмыстың арақтан бас­талатыны белгілі. Оның денсаулыққа да зияны көп. Осы жағын ойлана келе, біраз қариялар мен мешіттегі жамағат ақылдасып, дүкендерде арақ пен темекі сатылмасын деп бастама көтердік. Ондағы мақсатымыз – салауатты өмір салтын ұстанып, жас­тардың бойына имандылық ұялату болатын. Мұны ауыл тұрғындары бір­ауыздан қолдады. Өз басым сөзімізді жерге тастамағаны үшін дүкен иелеріне ризамын. Ауылда ішетіндер жоқ деп өтірік көлгірсімей-ақ қояйын, әлі де бар. Бірақ бұ­рынғыға қарағанда әлдеқайда азайып қалған. Шынын айту керек, арақты қоя алмай жүрген кешегі кеңестік дәуірде туып-өскендер. Ал кейінгі жастар арасында арақ ішетіндер мүлдем жоқ. Той-томалақты да арақсыз өткі­зіп жатқан үйлер бар».

Әбдуәлі Еркінбекұлы ауыл биі болғандықтан, кей мәсе­ле­лерді сотқа жеткізбей ше­шіп отырады екен. Ол кісі ауылда арақ сатылмайтын бол­ғалы бері, отбасылық ұрыс-керіс, қылмыс, шаңырақтың шайқалуы да азайғанын айтады.

«Бұрын әйелін тойға ертіп апарып, оны біреумен билеп­ қойдың деп қызғанып, оның дауы сотқа дейін жеткен мәселелер болған, – дейді Әбдуәлі Еркінбекұлы. – Қазір мұн­дай жағдайлар жоқтың қасы деуге болады. Содан соң ауыл биін кей жерлерде: «Ей, ол анау өзіміздің пәленше ғой» деп өзімсіне­тіндер, сөзін жүрдім-бардым тыңдайтындар бар. Ал біздің ауылда ондай емес. Тіпті мекеме мен жеке тұлға арасында келіспеушілік болғанның өзінде бірден сотқа жүгінбей, ауыл биіне барайық деп бізге келеді. Ал бидің негізгі мақсаты – екі жақтың арасындағы айтысты әлсірету, екі жақты келісімге келтіру болып табылады. Жіберген қателіктерін бір-біріне тү­сін­діріп, келісімге шақырамыз. Отбасылық ұрыс-керіс, екі адамның арасындағы келіспеу­шілікті де реттеп оты­рамыз».

Жусансай ауылында бұ­дан бөлек те мақтауға тұрарлық нәрселер көп екен. Ауылдан шыққан Әбдірашит деген кәсіпкер азамат үлкен мешіт салып беріпті. Сонымен қа­тар, мектепке отыз шақты компьютер әперген. Ал Мақсат деген азамат ауылға үш шақырым жол салып берген. «Отанын сүйетін әр азамат шамасы келгенінше елдің рухани баюына ықпал жасауы керек, – дейді Әбдуәлі ақсақал. – Сонда елде бірлік пен береке, ынтымақ болады».

Арақ сатылмайтын ауылда осындай игі істер атқарылып жатыр екен. Қазір жусансайлықтардың бұл бастамасын Ордабасы ауданындағы бірқатар ауылдар өздеріне енгізуді ойлап жүргенге ұқсайды.

Жалпы, жаман әдеттерге көп болып, жұмыла қарсы шықса, көптің алмайтын асуы жоқ екен. Оған жусансайлық тұрғындардың бастамалары жақсы дәлел.

Г.Тұрарбек

Фото: life-reactor.com
Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
0
КОММЕНТАРИИ
Главная Топ LIVE Все
?
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления