Лента новостей
0

160 елдімекенді су басу қаупі бар

abctv.kz, фото - Новости Zakon.kz от 21.02.2018 12:57 abctv.kz
Биыл жеті облыс қардың күрт еруінен зардап шегуі мүмкін.

Үкімет отырысында ҚР ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлімдегендей, биылғы қар күрт ерісе, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына қауіп төнуі ықтимал. Қауіпті аймаққа 160 елді мекен кіріп отыр. Бұл ауылдарды еріген қар суынан қорғауда әлі де шешімін таппаған мәселелер барын көрсетеді деп хабарлайды abctv.kz.

Еске сала кетейік, соңғы үш жылда еліміздің 57 елдімекені қар суынан зардап шеккен. Министрдің дерегінше, жергілікті атқарушы органдар елдімекендерден 3,8 млн текше метр қар шығарған. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Қардың күрт еруінен бөлек, су қоймаларынан келер қауіп бар. Министрдің айтуынша, су қоймаларының барлығы дерлік суды қабылдауға дайын емес. Сондықтан Қалмұхамбет Қасымов өңірлердегі жұмысты әлі де болса, жандандыра түсу керек деп есептейді.

«Қарағанды облысындағы Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларына жинақталатын судың көлемі былтырғыдан асып түседі деп болжанып отыр. Қар күрт еріп, су қатты қарқынмен келе бастаса, суды апатты жағдайда ағызуға тура келеді. Ал мұндай қадам Нұра өзенінің төменгі сағасында орналасқан 44 елді мекеннің су астында қалу қаупін тудырады», – деді ішкі істер министрі.

Қазақстан аумағында 1 665 гидротехникалық нысан бар. Олардың тек 72-сі ғана жергілікті құлақтандыру жүйелерімен жарақтандырылған. Бұл ретте, шашау шығатын тұстың бірі осы гидротехникалық нысандар болып отыр. Облыс әкімдерін маусымдық жағдайға жауапкершілікпен қарауға шақырған үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев иесіз гидротехникалық нысандарды да бақылауда ұстау керектігін ескертті.

«Ақтөбе облысында гидротехникалық нысандар бойынша ескерту жоспары әзірленбеген. Ақмола облысында алдын алу шаралары республикалық меншіктегі 15 гидротехникалық нысанда ғана жоспарланған. Ал коммуналдық меншіктегі 68 нысанға қатысты ешқандай жоспар жоқ. Дәл осындай жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да орын алып отыр. Коммуналдық меншіктегі 17 гидротехникалық нысанды қорғау шаралары ұйымдастырылмаған», – деді ішкі істер министрі.

Қалмұхамбет Қасымовтың айтуынша, су тасқыны алдында өзендердің су деңгейінің негізгі болжамын «Қазгидромет» әзірлейді. Мекеме 1 наурыздан бастап әрбір үш күн сайын болжамды нақтылап отырмақ. «Қазгидрометтің» мәліметінше, бүгінде еліміздегі қардың көлемі тиісті нормадан төмен. Соған қарамастан, жердің ылғалдану деңгейінің жоғарылығы салдарынан қауіп туындап отыр. Қазіргі таңда жер тоңының қалыңдығы 60 сантиметрден 1,5 метрге дейін жетеді. Бұл былтырғы көрсеткіштен біршама жоғары.

«2018 жылғы су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін 8,4 мың тонна жанар-жағармай, 123 мың тонна инертті материалдар, 759 мың қап пен 6,5 тонна жарылғыш дайындалды. Әкімдіктер төтенше және шұғыл шығындарға деп 24,7 млрд теңге әзірлеп отыр. Төтенше жағдай орын алса 14 мыңнан аса адам және 2 мыңнан астам техника жұмылдырылмақ. Халықты қауіпсіз жерге көшіруге арналған бекеттер анықталды», – деді ішкі істер министрі.

Үкімет басшысы жыл сайын су астында қалатын Атбасардың мәселесін түбегейлі шешу керектігін ескертті. Бақытжан Сағынтаевтың сөзінше, қауіптің алдын алуға жыл сайын қыруар қаржы бөлу тиімсіз. Мұны жергілікті тұрғындар да қолдап отырған жоқ. Жергілікті халық жыл сайын бөгет соққанша, су бармайтын жерге тұрғын үй салып берген әлдеқайда тиімді деп есептейді. Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің сөзінше, Атбасарға 9 шақырымдық дамба салуға 10 млрд теңге жұмсалады екен. Ал 1830 адам тұратын 530 үйді басқа жаққа көшіріп, жаңадан үй тұрғызуға 3-5 млрд теңге жеткілікті. Дәл осындай жағдай Ақтөбе облысында да орын алып отыр. Аталған өңірдегі бұл мәселе де пысықталып жатыр.

«Су тасқынының салдарын жоюға жыл сайын миллиардтаған қаржы жұмсағаннан гөрі дұрыс бағдарлама қабылдау қажет. Былтыр бұл мақсатқа резервтен 5,8 млрд теңге бөлдік. Ақшаны тиімсіз жұмсай бергенді доғару керек», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Фархат Әміренов

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: