Горячие новости
Читайте также

Жеңіл өнеркәсіптен бас тартып, импортқа жүгіну дұрыс емес – Дариға Назарбаева

Біз жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттағаннан гөрі, 17 есе көп импорттаймыз.

Фото : Ж.Құспанов4 марта 2020, 11:39

Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева "Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жағдайы және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту перспективалары" тақырыбындағы парламенттік тыңдауда сөз сөйледі, деп хабарлайды zakon.kz.

Назарбаеваның айтуынша, жеңіл өнеркәсіп – Қазақстанның өнеркәсібіндегі ең проблемалы сектор. Себебі экономикада өңдеуші саланың айрықша басымдықта болуына байланысты бұл сала көп уақыт бойы назардан тыс тасада қалып келді.

Ол жеңіл өнеркәсіптің экономиканы түрлендіруге, әсіресе пайдалы қазбалар қорының азайып, мұнай бағасының төмендеген кезінде дағдарыс толқынына қарсы тұру мүмкіндігінің бірі болып табылатынын атап өтті.

- Жеңіл өнеркәсіп – әлеуметтік маңызға ие сала. Ол халықтың, әсіресе әйелдердің жоғары деңгейде жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда еліміздегі шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінің барлық активтерінің 44 пайызын әйелдер басқарады. Олар шағын және орта бизнес секторындағы барлық жұмыс орындарының 31% қамтамасыз етеді. Жеңіл өнеркәсіптегі стартаптардың негізгі үлесі әйелдерге тиесілі, олардың белсенділігінің арқасында сала жандана бастады. Біз 90-жылдары іс жүзінде жеңіл өнеркәсіпті жоғалтып алдық, бұл бірқатар секторларға да қатысты.

Жеңіл өнеркәсіп – Қазақстан үшін дәстүрлі сала. Қазақ КСР-і кезінде ол 14 сала мен 69 өнеркәсіптік кәсіпорындар, бірлестіктерді қамтыды.

Бұл салада 1985 жылы екі жүз екі бүтін оннан сегіз (202,8) мың адам жұмыс істеді, 2000-нан астам өнім түрі шығарылды, республика өндірісінің жалпы көлеміндегі саланың үлесі он бес бүтін оннан екі пайызды (15,2%), ал КСРО жеңіл өнеркәсібіндегі үлесі – 4% құрады. Яғни, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға барлық алғышарттар бар. Бұл көрініс түсінікті, өйткені, біздің нарық жабық болды, импорт өнімдеріне шектеу қойылды, сондықтан ішкі нарық, әсіресе, жеңіл өнеркәсіп саласы жоғары деңгейде дамыды.

Жеңіл өнеркәсіп – қазіргі заманда белсенді дамып келе жатқан сала.

Тек киім мен аяқ киім нарығының әлемдік көлемі бір бүтін оннан жеті триллион АҚШ долларын құрайды, бұл Канаданың Жалпы Ішкі Өнімінің көлемімен бірдей. Жыл сайын бұл тауарларды қайта шығару көлемі 210 миллиард долларды құрайды.

2019 жылы әлемдік тігін өнеркәсібі нарығының көлемі тоғыз жүз алпыс бір бүтін оннан бес миллиард АҚШ доллары деп бағаланды. Әлемде жылына 150 миллиард киім өндіріледі, яғни бір адамға 20 киімнен келеді. Ешқашан сатылмайтын киімдер 30 пайыз.

"Тұтыну философиясы" мен "тез өзгеретін сән" жүйесі саланың дамуын ынталандырып келеді. Бәсекелестіктің деңгейін бағалау үшін оған технологиялардың, цифрлық коммерцияның даму қарқынын қосуға болады.

Парламенттік тыңдаудың алдындағы жағдайды талдау жеңіл өнеркәсіпті дамытудағы бірқатар кедергілерді анықтауға мүмкіндік берді.

1. Бұл ең алдымен өндірістің қымбаттығы. Біздің отандық кәсіпорындар заманауи жабдықтар мен арзан жұмыс күшін қолданып отырған азиялық өндірушілермен бәсекелес болуға мәжбүр. Сондықтан олармен салыстырғанда өнім қажет мөлшерден әлдеқайда аз.

2. Қажетті жабдықтардың жоқтығы. Кеңестік жабдықтардан басқасының бәрі импорттық, көпшілігі тозығы жеткен жабдықтар. Отандық кәсіпорындардағы жабдықтарды жаңарту коэффиценті жылына 3-4 пайызды құрайды. Жабдықтарды жаңалау кредитке немесе кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, шетелдік фирмаларда бұл көрсеткіш 15-17 пайызды құрайды және көбінесе мемлекет тарапынан инвестициялық қолдауға байланысты.

3. Шикізат тапшылығы. Елімізде синтетикалық материалдар өндірілмейді, дегенмен табиғи отандық шикізаттың тапшылығы аса сезіліп отыр. Қазақстандық өнімдегі шикізаттың өзіндік құны 60 пайызды құрайды.

4. Мемлекеттік қолдау шаралары тиімділігінің төмендігі. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары айналымға қаражат жетпегендіктен және өндірісті жаңғырту мен қайта құрылымдауға арналған инвестиция деңгейінің төмендігінен зардап шегіп отыр. Кәсіпорындар көбінесе банктерден кредит ала алмайды. Екінші деңгейдегі банктер бизнестен түскен өтінімдерді қараған кезде кепіл мүлкін өте төмен мөлшерлеме бойынша бағалайды, келешектегі келісімшарттарды кепіл мүлкі ретінде қарастырмайды. Кредит алғаннан кейін кәсіпорындар ғимаратты салып бітірмей, жабдықтарды алып келмей тұрып төлем төлеуді бастауға мәжбүр.

5. Жеңіл өнеркәсіп үшін сенімді келешектің жоқтығы. Өткен жылы жеңіл өнеркәсіптің өнеркәсіптік өндірістегі үлесі небәрі нөл бүтін оннан төрт пайызды (0,4%) құрады. Егер ертең жеңіл өнеркәсіп жойылып кетсе, қарапайым тұтынушылар мұны байқамауы да мүмкін.

6. Кәсіпкерлердің барлық күш-жігерін жоққа шығаратын көлеңкелі импорттың болуы. Салық пен баж төлемдерінің жоқтығына байланысты, сапасының төмендігі есебінен контрафакт арзан.

Қазақстанда қазіргі уақытта 1071-ден 40 ірі және орта жеңіл өнеркәсіп саласы ғана жұмыс істеп тұр. Яғни, жеңіл өнеркәсіптің типтік кәсіпорны - бұл тігін немесе аяқ киім фабрикасы емес, ателье және артель. Кейбір салаларда 1 ғана ірі немесе орта кәсіпорын бар. Бұл ретте барлық кәсіпорындардың орташа қуаттылығы 26 пайыздан сәл асады. Саладағы қызметкерлер тізімі 12 700 адам, ал шынайы түрде – 9 300 (бұл көрсеткіш кеңес уақытында 200 000 болған).

Біз жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттағаннан гөрі, 17 есе көп импорттаймыз.

Қазіргі кезде Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпке көбінесе ведомстволық мемлекеттік тапсырыстар арқылы қолдау жасалып отыр, солардың есебінен кәсіпорындар жұмысын жалғастыруда. Бірақ түрлі себептерге байланысты бұл кәсіпорындарға технологиялық тұрғыдан дамуға, ассортиментті кеңейтуге мүмкіндік бермейді.

Мемлекеттік сатып алуға алып-сатарлар көп қатысады. Тапсырыс беруші төмен бағаға қызығып, сапасыз импорттық тауар алады. Нәтижесінде бюджет қаражаты елден шығарылып, басқа елдердің экономикасын дамытуға демеуші болады.

Мен бәсекеге түсудің қажеті жоқ, одан да күш-жігерімізді болашағы бар салаларға жұмсау керек деген пікірді талай естідім.

Шын мәнісінде осылай ма?

Осылайша бірден ұлттық жеңіл өнеркәсіптен бас тартып, импортқа, яғни шетелдік өндірушілердің еркіне жығыла салған орынды ма? Дұрыс емес екеніне сенімдімін. Неге, себебі:

Мен бәсеке тым күшті, жарысқа түсудің еш мағынасы жоқ, ал күш-жігерімізді анағұрлым болашағы бар салаларға жұмсау керек деген пікірді талай естідім.

Біріншіден. Бәсеке барлық нарық пен салаларда артып келеді. Сондықтан қол қусырып, іс-қимылсыз отыруға болмайды. Аз болса да, қолда бар артықшылықтарды пайдалануымыз керек. Көрші Қырғызстан мен Өзбекстанға қараңыздаршы, өз өнімдерімізге қарағанда, бұл елдердің тауарлары біздің Қазақстанда бірнеше есе көп сатылады.

Екіншіден. Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің өсу әлеуеті жоғары, ол тұтыну тауарларының нарығынан тұратын жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі нарығының сыйымдылығымен айқындалады. ... Бұл ретте бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын өнімдердің үлкен нарығы бар.

Үшіншіден. Соңғы жылдары көп айтылып жүрген диверсификация сөзсіз шындыққа айналып келеді. Қазақстан үшін өңдеу салаларын дамыту – баламасыз құрал. Бұл жеңіл өнеркәсіпке де қатысты. Салаға қазір белсенді күш салмасақ, кейін қуып жету қиынға соғады.

Төртіншіден. Жеңіл өнеркәсіп көп еңбекті қажет ететін сала. Оның дамуын осы секторда ғана емес, онымен байланысты басқа салаларда жұмыспен қамтуды арттырудың мүмкіндігі ретінде қарау қажет. Әсіресе, бұл әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтуға қатысты.

Бесіншіден. Қазақстанда отандық шикізат базасын аграрлық кешенге, әсіресе мал шаруашылығына сүйене отырып, ілгері дамыту үшін жағдай бар. Тек жайылымдардың көлемі бойынша біз әлемде 5 орындамыз. Бүгінгі күні жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының көпшілігі үлкен тапсырыстарды орындауға дайын емес, тауарлардың көп түрлерін шығара алмайды, маусым сайын өнім түрлерінің қатарын жылына бірнеше рет өзгертуге қауқарсыз.

Кәсіпорындар үлкен көлемде шикізат (маталар, фурнитура және т.б.) сатып ала алмайды, себебі оларда үлкен тапсырыстар жоқ. Осыдан жоғары баға пайда болады, өйткені тапсырыстар көлемі шағын, ал жеңілдіктер төмен. Осы тұйықталған шеңберді жарып шығу керек.

Өндірістік циклдың екінші жағында тауарларды өткізуге байланысты проблемалар тұр. Сату көлемі бойынша шағын кәсіпорындар басымдыққа ие, олар бөлшек сауданың жетпіс екі бүтін оннан жеті пайызын қамтиды. Жеңіл өнеркәсіп өнімдері не монобрендтік желілік дүкендерде, не шағын дүкендерде сатылады. Өндірушіге көптеген ұсақ тауар өткізушілермен келісуге тура келеді, ал бұл басқару, маркетинг пен жарнамаға көп шығын кетеді деген сөз.

Тауар өткізушілер жарнамаға ақша аямай жұмсайтын және белгілі бір сапаға кепілдік беретін танымал шетелдік брендтерді таңдайды. Сондай-ақ олар сауда алаңдарын жалға алуға шетелдік мемлекеттік қолдау алады.

Осылайша, басты проблема жергілікті шикізаттың, ең алдымен былғары мен жүннің тапшылығы болып отыр. Кілем, мақта-мата жібі мен мақта матасын шығарушылар қолда бар қуаттарын анағұрлым тиімді пайдалана алады, өйткені олар көбінесе жергілікті шикізатты пайдаланады. Былғары шығарушыларда бұл көрсеткіш небәрі бірнеше пайызда ғана құрап отыр. Бұл ретте жалпы көлем тұрғысынан да, өңір бөлінісі тұрғысынан да шикізатты жеткізу тұрақты емес. Бұл толыққанды жұмыс істеуге, табыс табуға, кредит алып, оны төлеуге мүмкіндік бермейді.

Шикізат проблемасы Агроөнеркәсіптік Кешенге жаңа міндеттер қояды. Осы кешенді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында жеңіл өнеркәсіптің шикізат базасын дамыту бойынша тиісті шаралар қарастыру қажет.

Тура бір жыл бұрын Жол картасы қабылданды. Есепке қарайтын болсақ, барлық іс-шаралар атқарылған. Алайда, бұл құжат жеңіл өнеркәсіптің барлық проблемаларын кешенді түрде шешпейді. Ол бір жердің өртін басып, екінші жерді өршітіп жіберетін өрт сөндіру функциясын атқаратын сияқты.

Мәселен, Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль көлігімен ірі қара мал терісін шығаруға 5 жылға дейінгі уақытқа тыйым салу. Тері жинаумен айналысатын кейбір кәсіпкерлердің құлдырауына және мал шаруашылығындағы шығындарға алып келді. Бұл ретте шикізатты сатып алатын және осы шараның енгізілуіне мүдделі кәсіпорындар үшін талаптар нақты жазылмаған. Нәтижесінде, өнім берушілердің тығырыққа тірелген жағдайын пайдаланып, олар сатып алу бағасын төмендетіп жіберген.

Біздің сала өкілдерімен өткізген кездесулеріміз бұл салада проблеманың өте көптігін және олардың көпшілігі стратегиялық сипатқа ие екендігін көрсетіп отыр. Сонда біз нәтижесін көрмесек те әртүрлі бағдарламалар мен жол карталарын жаңадан қабылдай береміз, бірақ саланың ұзақ мерзімді даму келешегін ойламаймыз, - деді Дариға Назарбаева.


Больше новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

сообщить об ошибке
Сообщить об ошибке
Текст с ошибкой:
Комментарий:
Сейчас читают
Интересное
Архив новостей
ПнВтСрЧтПтСбВс
последние комментарии
Последние комментарии