Горячие новости
Читайте также

Шамалған стансасында жүргіншілерге арналған жаңа жер үсті көпірі пайдалануға берілді

Шамалған стансасындағы айналма автокөлік жолы мен жаяу жүргіншілерге арналған аталған көпір өткелінің құрылысына жергілікті бюджеттен 364,5 млн теңге бөлінген.

Фото : gov.kz25 сентября 2020, 17:22

Бүгін - 25 қыркүйекте Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған стансасында Жібек жолы ауылына өтетін темір жол өткелінде республикалық маңыздағы "Алматы – Нұр-Сұлтан" және облыстық маңыздағы "Алматы 1 – Шамалған - Ұзынағаш" автокөлік жолдарының қиылысында жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті көпірі пайдалануға берілді, деп хабарлайды zakon.kz .

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Шамалған стансасындағы айналма автокөлік жолы мен жаяу жүргіншілерге арналған аталған көпір өткелінің құрылысына жергілікті бюджеттен 364,5 млн теңге бөлінген.

Салтанатты шарада құттықтау сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов:

- Осыдан бір жыл бұрын осы жерде қайғылы оқиға орын алып, сол оқиғадан соң біз тұрғындарға көпір салып береміз деп уәде берген едік. Бүгін, міне, сол жаңа көпірдің ашылуына жиналып тұрмыз. Бір жыл ішінде жергілікті бюджеттен 360 млн. теңгеден астам қаржы бөліп, жобасын дайындадық, сараптамадан өткізіп, осы нысанды салдық. Құрылыс жұмыстарын сапалы орындаған «ДСУ-13» мердігер компаниясына рахмет айтамын. Сонымен бірге бұл жерде көлік легінің көптігіне байланысты, біз «ҚазАвтоЖол» мекемесімен бірлесіп, айналма жол жасау қажет деп шештік. Келесі жылдың күзіне ол нысан да дайын болады деп жоспарланып отыр, - деді ол.

Сол сияқты облыста мемлекет қолдауының арқасында жетісулықтардың өмір сүру сапасын арттыратын инфрақұрылымдарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

- "Жұмыспен қамту жол картасы" мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа республикалық бюджеттен бірден 105,6 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында мектептер мен ауруханалар, мәдениет үйлері мен спорт нысандарының, жолдардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүргізілуде, ауыз су желілері жөнделіп, аулалар абаттандырылуда. Бір ғана Қарасай ауданының өзіне осы бағдарлама бойынша бір жылда 10 млрд. теңге бөлінді. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, Елбасының тапсырмалары мен Президенттің Жолдауда айтылған міндеттерін орындау үшін жасалып жатыр, - деді сөзін қорытындылап А. Баталов.

Ауыл тұрғындары атынан сөз алған көп балалы ана Оксана Сизова:

"Балаларымды мектепке жіберген сайын алаңдап отырушы едім. Сондықтан бүгінгі көпірдің ашылуы мен үшін және осы ауылдың барлық тұрғындары үшін ерекше қуанышты оқиға. Індет кезінде де құрылысшылар жұмысты тоқтатпай, көпірді уәде етілген уақытта салып бітірді. Сол үшін баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын", - деді ол.

Жергілікті тұрғындардың атынан сөз сөйлеген Жібек жолы ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Базаркелді Анисов:

"Қысқа мерзімде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін осындай маңызды көпір салынды. Аудан және ауыл тұрғындарының атынан бәріңізге ризашылығымды білдіремін. Жаманшылық болмасын, әрқашан осындай қуанышты сәттерде жолыға берейік", - деді.

Мұнан соң қонақтар мен жергілікті тұрғындар жер үсті жолының баспалдақтарына шығып, лифтісін пайдаланып, көпір үстімен жүріп өтіп, оның сапасына көз жеткізді.

Атап өтсек, жүргіншілер көпірінің баспалдақтарын қосқандағы жалпы ұзындығы 61,56 метр, биіктігі – 9,8 метр. Екі лифтісі бар, бұл жүргіншілер көпірінің қолайлылығын арттыра түседі.

Жалпы өткен жылдың өзінде облыста 364,7 км жол мен 8 көпірге жөндеу жасалған. Биылғы жылы тағы 506,6 км жол мен 12 көпір жөнделеді. Сөйтіп жыл басында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар жолдардың үлесі 81% болса, жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 84 %-ке жетпек. Сол сияқты Қаскелең қаласына кіре берісте автокөлік жолының 1-ші шақырымында С.Демирел атындағы университет студенттерінің өтініші бойынша салынған жүргіншілерге арналған жер үсті жолы, Іле ауданы Байсерке ауылында "Алматы-Сарыөзек 16660+526 км" темір жол учаскесінде темір жол өткелі арқылы салынған жаяу жүргіншілерге арналған жер үсті жолы да тұрғындардың игілігіне берілген. Сонымен бірге Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы жаңа мектептің тұсында "Есік – Саймасай" автожолында жаяу жүргіншілердің жер үсті жолының құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты Іле ауданы Өтеген батыр кентінің маңында "Алматы – Жетіген – Қапшағай су қоймасы" облыстық маңыздағы автокөлік жолында өтпежолдың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.


Больше новостей в Telegram-канале «zakon.kz». Подписывайся!

сообщить об ошибке
Сообщить об ошибке
Текст с ошибкой:
Комментарий:
Сейчас читают
Интересное
Архив новостей
ПнВтСрЧтПтСбВс
последние комментарии
Последние комментарии