Медиация - дауды шешудің баламалы түрі

zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 17.04.2017 22:25 Фото: zakon.kz

Медиация - дауды шешудің баламалы түрі

 

 Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы 2011 жылғы 28 қаңтарда қабылданған, 2011 жылдың 5 тамызында күшіне еңді.

 Медиация тәртібінде дауда жүрген екі жақ тараптары, медиатордың білім мен біліктілігінің тәжірибесіне сүйене отырып, екі жақты пайдалы шешімге ерікті түрде келеді.

 Жеке және (немесе) заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар (дау-шарлар) медиацияның қолданылу саласы болып табылады.

 Медиацияның мақсаттары дауды (дау-шарды) шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады.

 Медиация институты қазаққа жат емес.

 Медиацияны көп жағдайда алаш жұртында орын алған ежелгі билер сотымен салыстырады. Оған себеп - медиация бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталған. Заңның жалпы сипаты мен тұжырымдамасы да қазақтың ықылым заманнан қолданып келе жатырған билер сотының үлгісі.

 «Медиация туралы» заң күшіне енгелі осы заң туралы сот саласы қызметкерлері мен қарапайым халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр.

 Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық, сондай ақ, аса ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстарға қатысты істерге медиация тәртібін қолдануға болады.

 Алайда, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын болса, оған бұл заңның рәсімі қолданылмайды. Сол секілді, сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы қылмыстарға да бұл тәсілді қолдануға болмайды.

 Жеке азаматтар мен жалпы қоғам үшін маңызы жоғары бұл істі жүргізу барысында медиаторлар тараптардан, мемлекеттік органдардан және өзге де лауазымды, жеке тұлғалардан тәуелсіз болады.

 Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы бойынша дауларды жеке қарсылық аясынан шығарып, мүдделі пікірталас аясына беру көзделген. Мүдделі азаматтар мен ұйымдарға дауларды сотқа жүгінбестен, сотқа дейінгі сатыда қарау барысында шешу іс-әрекеттерін бір жүйеге келтіру қамтылады.

 Оның қызметіне нақтырақ тоқталатын болсақ, қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған тұлғалар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады.

 Дауласқанды сөзге тоқтатып, татуластыратын, бітімге келу арқылы шығынның орнын толтыратын қазақтың дала демократиясындағы билердің мәмілегерлік институты өркениеттік үлгі ретінде қайта оралып жатыр.

 Бітімгершілік - дауды шешудің озық әдісі болып табылады. Ұсақ-түйек келіспеушіліктердің бітімгершілікпен шешілуі, қиын істердің сапалы қаралуына ықпал етіп, азаматтардың уақытын үнемдеп, сот барысында орын алатын моральдық, материалдық қиындықтардан құтқарады.

 Бұл халыққа да, сотқа да тиімді. Қазіргі таңда бұл заң республика көлемінде жүзеге асырылуда.

 Сондықтан бұл заңды халыққа жете түсіндіріп, дауларды сотқа жеткізбей-ақ бітімгершілікпен шешу мәселесін көтеріп, жұмысты оңтайландыра түскен жөн деп санаймыз.

 Қазіргі кезде дауды шешудің озық жүйесі медиацияның, қоғамға келтірер тиімділігі мол болатынына сенімдіміз.

 

 

ШҚО Катоқарағай аудандық сотының

 бас маманы Ш.К. Темиржанова

 

zkadm
Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: