Лента новостей
0

Еліміздің хандық дәуірдегі құқықтық саясаты

zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 16.01.2017 20:16 Фото: zakon.kz

 

Еліміздің хандық дәуірдегі құқықтық саясаты

 

Біз елордамыздың төрінде ұлысымызды заманында ұйыстырған Керей мен Жәнібек бабаларымыздың арқасында қазақ хандығының 550 жылдығын тойладық. Бұл біздің тұғырлы тарихымызға, дәстүрімізге, мызғымас мемлекетімізге арналған мәңгілік белгі. Баршаңызға белгілі, Керей мен Жәнібек хандар қасиетті Қозыбасы жерінде Қазақ деп аталатын хандықтың алғашқы қадасын қақты. Алтын Орданың заңды мұрагері ретінде Шу мен Сырдың арасында бой көтерген қазақ ордасы уақыт өте келе ұлан-ғайыр далаға иелік етті.

Осынау байтақ даланың иесі екенімізді сезініп, рухымызға серпіліс жасайтын кез келді.Қазақ елінің әр-бір азаматы өз халқының шежіресін, аумалы-төкпелі замандарда бірліктің арқасында қандай ел болғанын, хандық жүйенің құрылу себебін, билердің еліне деген қызметін біліп өсуі тиіс.

Мемлекеттің негізін қалаған қазақ мемлекетін одан әрі дамытып, ішкі, сыртқы саясатын шебер жүргізіп, әлеуметтік, саяси, экономикалық жүйені реттеп отыратын жарғылар, ережелер қабылданған.

Қазақ хандарының бірі Қасым хан есімі тарихта «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталатын заңдар жинағымен белгілі. Бұл көне жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт ережелерін байыптайды, жеке адамдар арасындағы ру-тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін реттейді.

Мемлекетті нығайтып, заң үстемдігін күшейткен келесі ханымыз - Есім хан. Оның билігі тұсында Қазақ хандығының жағдайы айтарлықтай күрделенді. Мемлекеттің ыдырауының алдын алу жолы - халықты ортақ мүддеге жұмылдыру, біріктіру мақсатында. «Есім ханның ескі жолы» деген атпен танымал өзінің құқықтық ережесін жасады.

Тәуке хан тұсында қоғам өмірінің сан-саласын қамтыған «Жеті Жарғы» ережесі дүниеге келді. Қазақ хандығының, ел-жұртының тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған конституциялық құжат болды. «Жеті Жарғыда» әдеттік құқықтың басымдылығы қазақ халқының басын біріктіріп, Қазақ хандығының нығаюына жұмыс істеді.

Ғұлама ғалым С. Зимановтың сөзімен айтқанда, қазақ құқығының ерекшелігі - оның көшпелі мәдениет шеңберінде туып, сол дәуірдің ең құнды сипатын иеленуінде.

Қазақ хандығындағы билер соты - дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік жүйесіндегі демократиялық биліктің маңызды буыны.Би халық түсінігінде: сот, төреші; шешен; бітістіруші,елші ретінде ұғынылды.

Билер ел бірлігіне, ұлт тұтастығына нұқсан келтірер дауларды шешумен қатар көрші мемлекеттермен қарым-қатынас жасауда хандарға кеңесші болған. Абылай ханның Ресеймен қарым-қатынаста Нияз би Тілеуліұлы тәрізді билерді жанына ертіп жүруі, олардың ақыл-кеңесіне арқа сүйеуі соны дәлелдегендей. Қазақтың қабырғалы үш биінің бірі Қаз дауысты Қазыбек 1742 жылы ойраттың қолына түскен Абылай сұлтанды құтқарып алу үшін елшілікке барады. Содна Хонтайжының қоңыр ордасының қақ төрінде отырып, былай деп сөз бастайды:«Біз, қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, басымыздан құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз, достықты сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз», - деп тақпақтай сөйлегеніне Қалдан Серен разы болып, Абылай ханның басына азаттық береді. Осындай оқиғаларға байланысты қазақ халқында «Жауластырмақ - жаушыдан, елдестірмек - елшіден», «Елшісіне қарап елін таны» деген қағиданың қалыптасқаны анық.

Мемлекеттік басқару жүйесінде билердің мынандай кейбір айрықша құқықтары болды. Сот төрелігін жүзеге асырып, соған байланысты ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, наным-сенімін терең білуге тиісті болды. Билер ру-тайпаның басшысы болғандықтан, әкімшілік қызметті де қоса атқарды, өз қауымының тәртіп, талабына жауапты болды.

Қазақ хандығында Еуропа елдерінің парламентімен деңгейлес институт - билер кеңесі болды. Ол жылдың бір мезгілінде, әдетте ел жайлауға көшіп болған соң өткізілген, оған хан, сұлтандар, үш жүздің елге сыйлы, «қара қылды қақ жаратын» әділдігімен танылған билері, батырлар қатысқан. Билер кеңесінде мемлекеттік маңызы бар мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер алынған. Билер шешімдерін ешкім бұза алмаған, хан да, қара да оны орындауға міндетті болған. Тәуке хан қалыптастырған осы демократиялық-құқықтық қағиданы кейінгі қазақ хандары қатаң ұстанған.

Ол туралы зерттеуші ғалым Қ.Сәтбаев былай дейді: «Ханда қырық кісінің ақылы болса, биде қырық кісінің ары мен білімі бар». Қазақ сияқты көпшіл елде қашанда ханнан гөрі бидің қадір-қасиеті басым болған. Ханның арқа сүйеуі, жарасымы бимен табылған.

Бүгінгі күнде сот билігі - мемлекеттік билік тармақтарының бірі болып айқындалды.

Елбасымыздың әрбір жолдауында сот жүйесіне деген назарын байқауға болады.Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезінде сөйлеген сөзінде: « сот жүйесі әлемдік дейгейдегі сот жүйесімен бірдей болуы керек. Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы - Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы» - деп айтылды.

Сот жүйесін дамытудың маңызды бағыттары 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында бекітілді. Сот билігін жаңғырту еліміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындалғандай үдемелі дамуының ажырамас бір бөлігі болып табылады.

Еліміз тәуелсіз болу үшін қандай қиын кезеңдерді бастан өткергені үшін біз, ҚАЗАҚ ЕЛІ аянбай қызмет еткен хандарымыз бен батырларымыздың, және де данагөй билеріміздің алдында мәңгілік борыштармыз.

 

 

Астана қаласы Алматы аудандық сотының

судьясы Жетібаев Жандос Көпжасарұлы

 

 

 

zkadm
Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: