Лента новостей
0

Медиация - билер сотынан бастау алатын құқықтық институт

zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 22.11.2017 15:02 Фото: zakon.kz

Қарағанды облысының

мамандандырылған ауданаралық

экономикалық сотының судьясы

Дияз Мұстафин

 

 

Медиация - билер сотынан бастау алатын құқықтық институт

 

Қазақтың билер соты өзінің шынайылығымен халыққа ең жақын құқықтық орган болған. Құқықтық құрылымы және сот ісін жүргізуде өзіндік қалыптасқан бай тарихы бар, әлемдік үлгідегі классикалық соттарға қай жағынан да үйлесе алатын бірегей сот жүйесі екеніне дүние жүзіндегі ғалымдар нақты көз жеткізді.

Қазақ елінің мыңдаған жылдардан бері ғасырдан - ғасырға ұласып келе жатқан мемлекеттік билігінде билер сотының алар орны ерекше. Шынайы халықтық үлгіде құрылып, ежелден елді кәдет-ғұрыпқа негізделген дәстүрлі құқық нормаларын берік ұстанған бұл сот жүйесі ұлттық санамыздағы ұзақ жылғы даму эвалюциясында тек әділдік пен ақиқаттың айқын көрінісі ретінде мызғымай келді. Ұлтымыздың өзіне тән осындай құқықтық мәдениеті, оның халық алдындағы беделі мен рөлінің жоғары болуына билер сіңірген өлшеусіз еңбекті барлық қырынан танып білу қажет. Оның тарихи тұлғасын көне заманнан келе жатқан Рим, Эллада, Египет, Вавилон сынды елдер жеткендей құқықтық дәрежеге көтеруді осылай ғылыми тұрғыда тиянақтау өте орынды, әр іеліміздің құқық тарихы үшін өте қажетті нәрсе.

Қазақтыӊ билері әділ шешімдерімен елді аузына қаратып, дауласқан екі тараптыӊ да көӊілінен шығатын жүйелі билігімен ел құрметіне бөленгендігі найту қажет.

Билер даулы мәселелерді қарау кезінде барынша ашықтық принципті басшылыққа алып, тараптардыӊ мүмкіндігі нешектеу қоймай, екі жақты бітістіруге күш салған. Ел ішіндегі үнемі болып тұратын түрлі дау-дамайларды шеше отырып, қазақтыӊ дана билері кәсіби жағынан шыӊдалып, тәуелсіз сот билігіретінде ғасырлар бойы қалыптасты. «Билік айтқан би емес, бітістірген би» деген принципте содан қалса керек. Яғни, билік айтудыӊ мұраты жазықтыны жазалау емес, дауласқан тараптарды бітістіріп, дауды ушықтырмай шешу, ел ішініӊ бірлігі мен бүтіндігін сақтауға қызметету болған.

«Алдыңа келсе адамның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспейді» деген нақыл сөздер қылмысқа төрелік етуде де кешірімділік орнайтындығын аңғартады. Сондай-ақ «Дау мұраты - бітім» деген ұғым да, билер сотының жазалау мен құн төлету мақсатында емес, әділеттің орнауына қызмет еткендігіне дәлел бола алады.

Мысалы, «Жебенің ұшы» (Әнет бабаның Қалқаманға байлаған байламы), «Жылқының құйрығы» (Кеңгірбайдың Кебекке қиған жазасы) сияқты биліктер бірінші кезекте ел бірлігі мен ұлт тазалығын қорғау үшін қызмет атқарған. «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деп, билер кей майда бұзақылықтарды сыртқа шығармай ауыл, ру ішінде басып отырған.

Қазақ қоғамында билердің даңқы әділ ісімен, тапқыр шешімдерімен ғана артқан. Қара қылды қақ жарған билердің атақ-абыройы бүкіл елге тарап, мыңдаған шақырымдардан даушылар іздеп келіп, төрелігін сұраған. Сол себепті, билер соты кәсіби тұрғыдан әбден шыңдалған, тәуелсіз сот билігі ретінде сақталып келді. «Тура биде туған жоқ» деген ұғым да осыдан қалса керек.

Қазақты ежелден мәмілегер халық деп атаймыз. Кез келген мәселені келісіммен шеше білгендігін тарихтан, ауыз әдебиеттерінен білеміз. Қазақ халқы үшін бітімгершілік - билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласы билігінің белгілі дара тұлғалары - Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез-келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбішілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғаны баршамызға белгілі. «Медиация туралы» заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Бүгінгі жазылған заңға ғана сүйенетін заманда екі жақтың мәселесін мәмігерлік жолмен шешіп берудің ұтымды жолын ойластырып, арнайы заң да қабылданды

Біздің пікірімізше, қазіргі таңда бірінші кезекте құқықтық, азаматтық құқықбұзушылық қатынастардан туындайтын даулар бойынша соттан тыс реттеп, шешу, соттардан тыс тәртіппен жүргізу институттар жүйесін және оның оң тәсілдері мен тетіктерін дамыту тәжірибесін енгізуді және жүзеге асыруды қолға алған дұрыс. Сот жүктемесінің мейлінше жеңілдетуі мен дауласушы тараптардың өсім салмағын төмендетуі үшін «Медиация туралы» заңның соттан тыс тәртіппен жүргізіліп, шешілу тәжірибесінің оң тәсілдері мен тетіктерін қалыптастыру институтын дамыту қажет.

Сот өндірісінде қаралып, аяқталған барлық санаттағы істердің саны жыл сайын төмендемей, еселеп көбейіп жатқаны соттардың статистикалық көрсеткіштерінен-ақ белгілі. Әрбір туындаған даулар сот өндірісіндегі істер бойынша ғана тиімді пайдаланылып, оң шешімін тауып жатқанын көруге болады. Алайда, тараптар арасында туындаған даулардың соттан тыс реттеліп, шешіліп жатқаны туралы іс жүзінде бейхабар екеніміз рас. Өйткені, тараптар арасында туындаған даулардың, «Медиция туралы» заңға сәйкес, соттан тыс реттеліп, шешілгені жөнінде статистикалық деректер мүлдем жоқ десек қателеспейміз. Соттарда істер айлап, кейде жылдап қаралатын болса, медиаторға 30 күн ғана уақыт беріледі. Соттардан ең басты айырмашылығы - медиатор тараптармен болатын келіссөздерге кез келеген уақытта, кез келген жерде қатыса алады. Ал, судьяға араласпаушылық принципі бойынша мұндай келіссөздерге қатысуға заң бойынша рұқсат етілмейді. Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады.

«Би болмасаң-болма, би түсетін үй бол» дегендей, сот ісін жүргізу ханның отыратын жерінде, алаңында, бидің үйінде немесе белгіленген жерлерде, көбінесе рулардың көшпелі мекендерінде өтті. «Шын би сөзіне бағады, сұм би көзіне бағады», «Шешендік күші шындық», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар», «Турашыл би елін оздырады, тумашыл би елін аздырады» деген халықтың даналы сөздері арқылы, біздер билер сотында бидің тіл шешендігі мен сөз тапқырлығы нəтижесінде талай шиеленіскен істер бітімкершілікпен, екі ру арасын татуластырумен бітіп жатқанын, көшпелі қазақ даласындағы билердің ел қамын ойлаған данышпан азаматтар болғаны байқалады. Егер, іс күрделі болмаған жағдайда талап қоюшы мен жауапкердің қатысуымен бір ғана би істі шешіп отырды.

«Ит құтырса иесін табар, дау құтырса биін табар», «Жер дауы мен жесір дауы бітпейді», «Дауың жоқ болса кепіл бол» деген қазақтың мақалдарынның терең түп мағынасына ой жүгіртсек даудың шешімін билер сайысушылық іс-əрекеттер арқылы шеше білген.

Қазақтардың əдеп - ғұрып құқықтарының табиғатын анықтай келе, академик Салық Зиманов былай деп жазды: «Қазақтардың құқық əлемі мен құқықтық дүниетанымы тереңде жатыр.Қазақтар жəне олардың ата-бабалары өмір сүрген Орталық Азия мен Еуразия кеңістігінде сан империялар мен əлеуметтік-саяси жүйелер бірін-бірі толассыз алмастырумен болды.

Қазақтың көшпелі қоғамы аясында, оның дүниені жəне құқықты тануда

өзіндік ерекшеліктері болды.Адамгершілік құндылықтарға негізделген дала демократиясының институттары кең құлаш жайған көшпелі қоғамда пікірталас қисындылығының құралы ретінде əділ сот пен шешендік ділмарлықтың рөлін өте жоғары қойып, өзін-өзі басқару еркіндігіне деген ұмтылыс айқын сезілді»

«Сөз шындыққа тоқтайды, пышақ қынына тоқтайды», «Шешендіктің күші шындық», «Əділдікке жығылмайтын адам жоқ» деген мақалдардың мағынасында, билердің адамдардың өзара қарым қатынастарында тəртіптілікті реттейтін дəстүр мен əдет-ғұрып заңдарын негізге ала отырып шындықты шешуінің тарихи рөлі зор болды. Қазақтардың əдет-ғұрып дəстүрлі ережелері мен құқықтық күші бар əдет-ғұрып заңдары арасында белгілі бір белгі болған жоқ. Қоғамның саяси өмірінде ел бірлігін сақтау мақсатында билер соты жариялығымен, əділдігі жəне шешендік данышпандылықтары арқылы екі жақты татуластырумен бітімгершілікке көп мəн беріп отырды.

Бұған халықтың келешегі мен елдің ертеңін болжай білетін, жаман қылығын жазбай танып, сын тезіне салатын көрегендік қасиетімен ұлт тағдырын темір қазықтай тура болжап беретін кемел ойлы білгірлігін, көрегендігін қосыңыз. Ел мүддесі мен бірлігі үшін атқарған бұл қызметтің ауқымы кең, мәні зор болған. Сонымен бірге, ел ішіндегі бүкіл қоғамдық қарым-қатынастағы құқықтық нормаларға, ұлттық мінез-құлыққа тән әдет-ғұрыптар мен салт-санаға қылау түсірмей сақтау, жетілдіру, қазіргі тілмен айтқанда құқықтық тұрғыдан тәлім-тәрбие беру, заң ретінде жүзеге асыру сынды ұлттық идеология мен патриоттыққа баулу да билерге жүктелген.

 

 

Следите за новостями zakon.kz в:
Поделиться
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Будьте в тренде!
Включите уведомления и получайте главные новости первым!

Уведомления можно отключить в браузере в любой момент

Подпишитесь на наши уведомления!
Нажмите на иконку колокольчика, чтобы включить уведомления
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: