Павлодарда қалалық жағажай су астында қалды

Судың жалпы деңгейі 669 см болса, қауіпті деңгей 800 см-ді құрайды.

Павлодарда шомылу маусымы тағы да белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Себебі қалалық жағажай екінші рет Ертіс өзенінің ернеуінен асуына байланысты су астында қалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, осы демалыс күндері Шүлбі су қоймасынан жіберілген судың көлемі тәулігіне орташа есеппен секундына 2500 текше метрді құраған.

- Бұл жағдай Қытайдың шекарасынан келетін Қара Ертістің жоғарғы ағысындағы жауын-шашынның көптеп түсуімен байланысты. Қазіргі таңда Бұқтырма су қоймасында су жиналып жатыр. Бүгінде аталмыш гидрологиялық құрылғыда судың көлемі 49404 миллион текше метрді құрап отыр. Жобалық қуаттылық көлемі - 49620 миллион текше метр, - дейді бөлімнің бас маманы Динара Алипова.

"Қазгидромет" РМК-ның мамандары мұндай жағдай соңғы рет 1966 жылы орын алғанын айтады. Судың жалпы деңгейі 669 см болса, қауіпті деңгей 800 см-ді құрайды. Сондықтан су деңгейі 800 см-ге көтерілсе, қалаға су кіруі ықтимал.

Фото: pavlodarnews.kz.

Следите за новостями zakon.kz в: