94 жастағы майдангер бақша өсіріп, мал бағып жүр

Қабақ ата шапшаң қимылдап, анық сөйлейді. Үйінің ауласына еккен жеміс ағаштарын күтіп баптайды. Арасында қорадағы малға да жем-шөп береді.
Бекарыстан би ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Қабақ Смағұлов бақша өсіріп, мал бағып отыр. Жасы 94-ке келген қарияның көңілі сергек әрі ширақ қимылдайды. Baq.kz порталының Қызылорда облысындағы тілшісі ақсақалға сәлем беріп, жүздесіп келді.

Қабақ ата шапшаң қимылдап, анық сөйлейді. Үйінің ауласына еккен жеміс ағаштарын күтіп баптайды. Арасында қорадағы малға да жем-шөп береді.

«Қарағым, әр нәрсе өз тұсында ғой. Біздің жалындаған жастық шағымыз қиыншылығы мол кезеңмен қабаттаса өтті. Бірақ «көппен көрген ұлы той» демекші, барлығына тәубашылық етеміз. Фашизм деген ел басына қара бұлтты үйірді ғой. Мен 1942 жылы бардым соғысқа. Мұндай соғыс енді болмасын. Құдай маған денсаулықты берді, шүкір. Осы уақытқа дейін тынбай еңбек етіп келдік. Қанша шақырым жаяу жүр десең де, жүре берем. Былтыр жеміс ағаштарының артық бұтақтарын қиып тастағам. Биыл кесетін ештеңесі қалмапты. Алма, алмұрт, қара өрік, сары өрік еккенбіз, балалар жейді ғой жемісін. Ауламызда шағын бақшамыз бар. Соларға қарап, ермек қыламын. Ал қазір өткен малға күнде қараймын деп айта алмаймын, балалар өздері бағады. Бірақ арасында мойын бұрып тұратыным бар», – деді қария.

Ақсақалдың қолындағы ұлы Төлеу мен келіні Жанардың айтуынша, Қабақ ата күн сайын мерзімді басылымдарды оқып, елдің тыныс-тіршілігімен танысып отырады.

«Атамыздың санасы сергек, сөзі түзу, көзі жақсы көреді, құлағы да жақсы естиді. Кемпірі екеуі газеттердің әр санын жібермейді. Атамыз 1923 жылғы, ал апамыздың жасы 86-да. Екеуі де әлі тың, бақуатты. Үй ауласындағы бақшаға өзі қарайды. Жаяу жүрсе, шаршауды білмейді. Тоғыз баласынан 21 немере, 20 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр», – дейді Жанар.

Айта кетейік, Қабақ Смағұлов Отан қорғау жорығына 1942 жылдың маусым айында алынып, Орынбор қаласы маңында әскери жаттығудан өтеді. Содан кейін Мәскеу бағытындағы майдан даласында жауға қарсы шығады. 1942 жылдың желтоқсанында қолбасшы Рокоссовский басқарған ІІІ екпінді армия сапында Тула қаласын азат етуге қатысқан. 1943 жылдың ақпанында Орел қаласын жау құрсауынан босату жолында ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға түседі. 1943 жылдың қарашасында медициналық комиссияның ұйғарымымен соғысқа жарамсыздығына байланысты елге оралады.

Соғыс аяқталысымен әскери комиссариат арқылы Қарағанды қаласын қалпына келтіру жұмысына араласады.

Майдангер Қабақ Смағұлов Отан қорғау жолындағы борышын адал атқарғаны үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені және «Ерлігі үшін», «КСРО Қарулы Күштеріне – 70 жыл», маршал Г.К.Жуков атындағы медальдармен марапатталған.

Ибраш Әли

Фото: baq.kz
Следите за новостями zakon.kz в: