ОҚО-да 4 млн теңгенің малын ұрлағандар ұсталды

2 жыл бұрын Атамекен ауылы маңындағы жайылымнан 6 бас жылқыны алып кеткен.
Оңтүстік Қазақстан облысында полицейлер екі жыл ішінде 10 рет мал ұрлаған қылмыстық топ мүшелерін қолға түсірді. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушілерге 4 млн теңге көлемінде шығын келтіргені анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА.

Топ мүшелері қылмыстарын белгілі бір жүйемен жасаған. Яғни, мал иелерінің жоқтығын пайдаланып, үй жануарларын айдап әкетіп отырған.

Мәселен, екі жыл бұрын Атамекен ауылы маңындағы жайылымнан 6 бас жылқыны алып кеткен. Осылайша мал иесіне 1,5 млн теңге шығын келтіргені анықталды.

Ал өткен жылдың күзінде Көктөбе ауылы тұрғынының ауласынан құны 200 мың теңге тұратын сиырын ұрлап кеткен.

Дәл осындай қылмысты олар бірнеше рет жасапты. Ұрланған малдарды сатып, ақшаларын өз қажеттіліктеріне жұмсап отырған. Қазіргі таңда, аталған жайттар бойынша «Ұрлық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, айғақты заттар тәркіленген.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары соңғы кезде мал ұрлығы деректері азайғанын айтады.

Мәселен, былтырғы жылы Мақтарал ауданы бойынша 46 мал ұрлығы тіркелген болса, ағымдағы жылы барлығы 11 қылмыс жасалған. Бұл ретте «Мал ұрлығына тосқауыл» жобасы бойынша жергілікті тұрғындарға жайылымдармен аулаларында өз малдарын бақылауда ұстау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді екен.

Сондай-ақ тұрғындар тарапынан төрттүлікті ұстайтын жерлерге дабыл жүйесін, бейнекамералар орнату, жарық құрылғыларымен қамту туралы және малдарға ен салу, есепке алу жағы қолға алыныпты.

Фото: inform.kz
Следите за новостями zakon.kz в: