Қостанайда қайнап тұрған суға күйіп қалған 10 айлық сәби шетінеп кетті

Сәби 18 қыркүйек күні шетінеп кетті.
Қостанай облысының Амангелді ауданында 10 айлық қыз бала қайнап тұрған шәйнектегі суға күйіп, шетінеп кетті. Аяғын енді ғана басуға талпыныс жасап жүрген сәбидің өлімі облыс тұрғындарын дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Baq.kz.

Қайғылы оқиға 14 қыркүйек күні болыпты. Қайнап тұрған суға күйіп қалған бүлдіршінді Амангелді аудандық орталық ауруханасына жатқызған. Кейін сәби 3 дәрежелі күйік жарақатын алғанын анықтаған жергілікті дәрігерлер оны Қостанай қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізеді.

«Күйіп қалған бүлдіршін Амангелді аудандық ауруханасынан оқиға болған күннің ертеңінде бізге жеткізілді. Бізге ол «А» және «Б» дәрежелі күйікпен келді. Ол облыстық ауруханаға жеткізілгенде жағдайы өте ауыр болды. Сәби 18 қыркүйек күні шетінеп кетті», – дейді Қостанай облыстық балалар ауруханасының бас дәргерінің міндетін атқарушы Игорь Белобржицкий.

Аталмыш сәбидің өліміне қатысты тергеу-тексеру жұмыстары да басталып кеткен екен. Оны біз Амангелді аудандық ІІБ хабарласқанымызда білдік.

«Қазіргі таңда қайнап тұрған шәйнектің суына күйіп, шетінеген 10 айлық сәбидің өліміне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Нақты нәтижесін осы жұмыстар аяқталған соң хабарлаймыз», - дейді Амангелді аудандық ІІБ көшекші бөлімінің қызметкері.

Мешіт Ғазиз

Фото: Baq.kz
Следите за новостями zakon.kz в: