Павлодарда 500 келіге жуық есірткі затын сатуды көздеген қылмыстық топ қолға түсті

Қолға түскен екі адамға қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Павлодарлық полицейлер «Көкнәр» есірткіге қарсы операциясын өткізу барысында үш адамнан құралған қылмыстық топтың жолын кесті. Қылмыскерлерден 500 келіге жуық «марихуана» және екі келіге жуық «гашиш» өнімі табылған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, заңсыз айналымнан алынған көк шөптің жалпы құны шамамен 30 млн. теңгені құраған.

- Күдіктілерге қарсы ұзақ уақыт бойы жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, оң нәтижесін берді. Ер адамдар көрсетілген есірткі заттарын біздің аумақта сатуды көздеген. Осы фактіге қатысты ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, - дейді мамандар.

Көрсетілген бап бойынша санкциялау, мүлікті тәркілеу арқылы 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.

Қолға түскен екі адамға қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы санкцияланды, үшіншісіне қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Фото: Рavlodarnews.kz
Следите за новостями zakon.kz в: