Жұртты жұмысқа орналастырамын деп алдаған алаяқ ұсталды

Алаяқтық жасаған әйел енді 2 жылға сотталуы мүмкін.
Маңғыстау облысындағы ірі мұнай компанияларында аспаз немесе құрылысшы болып жұмысқа орналасу құны 650 мың теңге. Осыншама сома ақшаға жоғары жалақылы қызметке тұрғызамын деп елді алдап келген Өзбекстан азаматшасы қолға түсті, деп жазады КТК телеарнасы.

Көрші елден келген 30 жастағы келіншек 20-ға жуық адамды жұмысқа тұрғызуға уәде беріп, жеме-жемге келгенде бәрін тақырға отырғызған.

Таңқаларлығы жай аспаз немесе құрылысшы болу үшін кейбірі 650 мың теңгеге дейін санап бере салған. Соған қарағанда мұнай компанияларында осы қызмет түрлерінің жалақылары өте жоғары болуы керек.

Айта кетерлігі, елді жұмыспен жарылқауға сөз берген келіншектің өзі өңірдегі бірде бір мұнай өңдейтін компанияда еңбек етпейтін әрі бұрын да істемеген болып шықты.

Екі қолға бір күрек іздегендерді тақырға отырғызған күдікті өзінің жасаған қылмысын толық мойындап отыр. Енді ол 2 жылға сотталуы мүмкін.

Фото: mgorod.kz
Следите за новостями zakon.kz в: