Латын графикасының ережесі дайын болса, халықтың қорқынышы басылады – тіл маманы

Ардақ Бейсенбай «Ц»-ның жазылуына қатысты да пікірін білдірді.
Латын әліпбиі қабылданғаннан кейін міндетті түрде емле ережесі дайындалуы керек. Латын графикасының ережесі дайын болса, халықтың қорқынышы басылады. Бұл туралы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Филология факультеті қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі Ардақ Бейсенбай мәлімдеді, деп xабарлайды Baq.kz.

«Еуразия ұлттық университетінде де латын әліпбиіне көшу мәселелесі талқыланды. Пікірлер мен ұсыныстар жұмыс тобына жеткізілді. Бірінші нұсқаға қарағанда апострофы бар нұсқа тиімді екені анық. Мұнда қосарланған дыбыстар жоқ. Көзіміз әлі үйренбегендіктен, дәйекшеге байланысты пікірлер туындап жатыр. Жаңа әліпбиге қатысты кірме сөздер, қос сөздер, біріккен сөздер қалай жазылу керегі көрсетілген орфографиялық ережелер шығады. Елбасы жарлыққа қол қойса да, бірден көшеміз деп тұрған жоқ. 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшеміз. Міндетті түрде, емле ережесі жасалуы керек. Оны әзірлеуге әр өңірден филологтар мен компьютер мамандары тартылуы тиіс. Өйткені біз әлібиді компьютерге енгіземіз. Емле ережесі дайын болған соң, халық арасында туындаған қорқыныштар басылады», - деді Ардақ Бейсенбай.

Тіл маманы латын әліпбиіне қатысты мәселелер емле ережесінен кейін жеңілдейді деп отыр. Берілген ұсынысты пайдаланып, бір ереже шығаруы керек.

Сондай-ақ, Ардақ Бейсенбай «Ц»-ның жазылуына қатысты да пікірін білдірді.

«Ц»-ны қалай жазамыз дейді. Менің айтатыным – бұл қазақ ұлтына тән дыбыс емес, бұл әріпті t мен s, немесе t мен h арқылы беруге болады", - деді ол.

Фото: Baq.kz
Следите за новостями zakon.kz в: