Шымкентте «еңлікгүл» орталығы бой көтереді

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 18.03.2017 02:29 Zakon.kz
Шымкент қаласы бас жоспарының өзектендіру жұмыстарының 1-ші және 2-ші кезеңі орындалып қабылданғанын, енді 3-ші кезеңнің жұмыстарын жүргізу 2017 жылдың наурыз айына жоспарланғанын жеткізді.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен Шымкент қаласының сәулеттік келбеті бойынша өткен мәжілісте айтылды. Жиынға салаға қатысы бар басқарма басшылары мен Шымкент қаласы әкімдігінің тиісті сала жетекшілері қатысты.

Аймақ басшысы, ең алдымен, Шымкент қаласын аралау барысында болған бірқатар кемшіліктерге тоқталып, Арғынбеков көшесі, Темірлан тас жолы және басқа көшелердегі орын алып жатқан тұрғын үйлердің қасбеттері мен аулаларының сәулеттік келбеттері талапқа сай еместігін, біркелкі сәулеттік стильдің жоқтығына назар аударды. Сондай-ақ, бас жоспар бойынша жасалып жатқан құрылыс жұмыстарының жүйелілігінің тиісті мамандар тарапынан қадағаланбауының салдарынан қала келбетінің келеңсіз жағдайда қалып отырғанын атап өтті. Әр басқарма өз саласына қатысты тиісті жұмыстарын уақытылы және сапалы атқаруы қажеттігін талап етті.

«Шымкент қаласының Бас жоспарындағы тұжырымдамаға сәйкес, қала аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының басты бағыттарын анықтап, бір жүйеге түсіру амалдарын қарастыру бүгінгі мәжілістің күн тәртібіне қойылған. Д.Қонаев гүлзарын Ташкент бағытына шығару, қала орталығындағы Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру және "Ескі қалашық" аумағын реттеу жұмыстарының барысында анықталған мәселелер осындай мәжілістерде талқыланып, оң шешімін табуы тиіс. Қазіргі таңда қалалық Қала құрылысы Кеңесінің және облыстық Қала құрылысы Кеңесінің арасында болып жатқан алшақтықтың салдарынан жоғарыда айтылған кемшіліктер орын алып отыр. Осыған байланысты, облыстық Қала құрылысы Кеңесінің құрамын қайта қарап, жұмысын жандандыру бірінші кезектегі мәселе», - деді Ж.Түймебаев.

Басқосуда аймақ басшысы жоғарыда айтылған мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, республикамыздың басқа қалаларында, әсіресе, Астана және Алматы қалаларында іске асырылып жатқан заманауи сәулеттік жобалардың авторларын өңірге шақырып, тәжірибе алмасу жұмыстарын жолға қою қажеттігін ескертті.

Осы тұрғыда Алматыдан арнайы шақырылған "Эффект" ЖШС-нің директоры Жандос Нұрбековтың 3D форматындағы екі жобасының бейнеролигі таныстырылды. Оларды талқылау барысында "эдельвейс" немесе "еңлікгүл" гүліне ұқсас етіп жасалған ойын-сауық орталығының (аумағы 4-6 га жерді қамтиды) жобасын Шымкент қаласында, атап айтқанда, бүгінгі таңда игеріліп жатқан «Тұран» шағын ауданына салу ұсынылды. Ал тарихи-этнографиялық туристік нысан ретінде таза қазақ ауылын елестететуді мақсат тұтып, көрсетілген екінші жобаны Түркістан қаласына салудың мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

Айта кететін жағдай, еңлікгүл үлгісіндегі мұндай нысан ТМД елдерінде жоқ. Ал Түркістанда салынуы тиіс жобаның ерекшелігі – оның бағзы заманның шынайы көрінісін қалыптастыруында. Яғни, рухани астанада аталған жоба бой көтеретін болса, автокөлік, электр бағаналары сияқты бүгінгі өркениеттің қажеттіліктері болмайды.

Кездесуде Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов шаһардың сәулеттік келбеті бойынша баяндама жасап, Шымкент қаласы бас жоспарының өзектендіру жұмыстарының 1-ші және 2-ші кезеңі орындалып қабылданғанын, енді 3-ші кезеңнің жұмыстарын жүргізу 2017 жылдың наурыз айына жоспарланғанын жеткізді.
Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: