Баянауылда киіктер мен арқарларды қорғайтын тірек бекеті құрылды
Zakon.kz
Мамандар даланың аталған сұлу жануарларының санын алдағы бес жылда 10 мыңға жеткізуге болатынын айтады.
Баянауыл ауданында Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген жануарларды браконьерлерден қорғауға бағытталған тірек бекеті құрылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы агенттік тілшісіне Баянауыл тірек бекетінің топ басшысы Манарбек Садықов мәлім етті.
- Биыл наурыз айында ғана ашылған күзет мекемесі Астанадағы республикалық «Охотзопром» бақылау инспекциясының орталық филиалына қарайды. Бүгінде мұнда 10 инспектор екі ауысым бойынша жұмыс істейді. Біз Қарағанды облысының шекарасынан бастап, Баянауыл және Май аудандарының аумақтарын күзетеміз. Өйткені, ақбөкендер бір жерде ғана жайылмайды. Жануарлар сәуір айының аяғына қарай лақтайтын кезінде біраз бөлігі Семей аумағына қарай ауады да, жазда қайта Баянауылдың даласына келеді. Жалпы, бұрын Павлодардың қырында мұндай аңдар өте сирек болатын. Соңғы жылдары көбейіп келеді. Қазіргі таңда мұнда шамамен 4000-дай киік бар екенін анықтап отырмыз. Сонымен қатар, арқар, марал, бұлан секілді сирек кездесетін жануарлар да мекен еткен, - дейді Манарбек Садықов.
Мамандар даланың аталған сұлу жануарларының санын алдағы бес жылда 10 мыңға жеткізуге болатынын айтады. Ол үшін дала байлығын заңсыз отайтын браконьерлерге қарсы мемлекеттік инспекторлар да қауқарлы жұмыс жасауы керек.
- Киік өте тез өсетін жануар. Оның үлкендерінің көбі егізден төлдейді. Сонымен қатар, Баянауылдың табиғаты да мұндай аңдарға қолайлы. Өздеріңіз білесіздер, таулы жерде боран аз болады, жайылымын қар көп ұстамайды. Қатты аяз кезінде де паналайтын жер көп. Тек аңшылардың оғынан аман сақтасақ болғаны. Қазір бізде браконьерлермен күресуге бар жағдай жасалған. Екі топқа GPS навигаторларымен жабдықталған бес техника берілген. Сондай-ақ, күзет инспекторлары соңғы үлгідегі қарулармен, фото және бейнекамералармен қамтамасыз етілген, - дейді инспектор.
Тілеуберді Сахаба
Фото: Рavlodarnews.kz
Поделиться новостью
Читайте также
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript