Баянауылдық ақсақал туристерді қабылдау үшін этноауыл құрмақ

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 22.05.2017 23:45 Zakon.kz
Өнерпаздар ұлттық өнер және ойын түрлерін де ұсынады.
Баянауыл ауданы Торайғыр ауылының тұрғыны Жұмагелді Дүйсекеев Торайғыр көлінің жағасына этноауыл құру үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2,5 млн теңге грант алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ауыл тұрғынының айтуынша, алдағы маусым айының бірінен бастап, көл жағасына туристерді қабылдау үшін бес киіз үй орналастыру жоспарланған.

- Мақсатымыз – Баянауылдың табиғатын қорғау, ұлттық туризмді дамыту. Өздеріңіз білесіздер, өңірімізге шетелден және еліміздің басқа облыстарынан келген саяхатшылардың көбі Жасыбай көліне барады. Ресми деректерге сүйенсек, мұнда бір жылда жаздың үш айында 150-200 мың адам келеді екен. Бірақ Жасыбайдағы демалыс аймағының көлемі бойынша 35-40 мыңнан артық адам қабылдауға болмайды. Демек, бұл шамадан 4-5 есеге артық қабылдап жатырмыз деген сөз. Мұндай жағдай табиғатқа кері әсерін тигізіп, көлдің суының бұзылуына, лайлануына әкеп соғады. Сондықтан саяхташыларды Баянауылдың аумағындағы басқа көлдер мен демалыс аймақтарына тартуымыз керек, - дейді Жұмагелді Дүйсекеев.

Жұмагелді ақсақалдың сөзінше, көл жағасына құрылатын киіз үйлердің үшеуі қонақжай үй ретінде жұмыс істейді. Яғни, келген саяхатшылардың күндіз кіріп демалуына, шәй-тамақ ішуіне арналады. Ал, қалған екі киіз үйдің бірі қазақтың ұлттық тағамы насихатталса, екіншісіне ұлттық археологиялық бұйымдарымыз көрмеге қойылады. Сонымен қатар, этноауылға келген қонақтарды катамаранмен, велосмипедпен және атпен қыдырту қызметтері көрсетіледі.

Өнерпаздар ұлттық өнер және ойын түрлерін де ұсынады. Жоспар бойынша этноауылды маусым айының біріне дейін орнатып, халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай ашылу салтанаты өтеді.

- Павлодардағы бірнеше туристік фирмамен келісімшартқа отырдық. Олар алыс-жақыннан келген саяхатшыларды бізге алып келетін болады. Тапсырысты алдын ала қабылдаймыз. Яғни, қанша адам қанша күн болады және қандай тағам әзірлеу керек дегенді бір күн бұрын айтып қою керек. Туристік орталықта қонақтарға қызмет ету үшін 8-10 адамды жұмысқа шақыруды көздеп отырмыз дейді, - кәсіпкер ақсақал.

Тілеуберді Сахаба

Фото: Рavlodarnews.kz
Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: