94 жастағы ардагер жүзумен үзбей шұғылданып жүр

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 06.06.2017 16:22 Zakon.kz
Ұлы Отан соғысының ардагері, тоқсанның төртеуіне келген қария Бүркіт Есжанов суда жүзсе, әй, анау-мынау жүзгішке дес бермейді-ау!
Жасы жүзге бет алған адам­ның суда балықша жүзгеніне басқа түгіл, ол кісіні бұрыннан білетін жақындары мен таныс­тары да таңдай қағуларын қоймайды. Ақсақалдың жүзумен үзбей шұғылданып жүргеніне он жылдан асыпты, деп жазады Егемен Қазақстан газеті.

Күн сайын жаттығумен айналысып, екі сағаттай жаяу жүріп, серуен құрады екен. Майқұдықтағы №77 орта мектептің бассейніне жұмасына екі рет барады. Суға бір сүңгігенде алты жүз метр­дей қашықтықты артқа тастап қайтады. Жаттығудан ешқашан қалған емес, ол өзі тұрақты дағды­сына айналған. Ақсақалдың айтуынша, сергек жүруі мен әлдеқайда жас көрінуі де осы пайдалы әрекеттерінің арқасы екен.

Ал жаттықтырушылар болса, бұл кісінің табандылығына дән риза. Осынша жасқа келгенде, денеге күш түсіру тұрмақ, әшейін жүріп-тұрудың өзі мұң болатыны кімге де болсын белгілі жайт емес пе.?

– Мен Бүркіт Есжанұлымен осыдан он жыл бұрын танысып едім, – дейді ардагердің жаттық­тырушысы Сергей Кокарев.

– Сол кезде оның тірек-қимыл жүйесі едәуір шаршаған сыңайда еді. Өзі әлжуаз көрінді. Бұлшық ет­тері болбыраған, тамаққа да тә­беті нашар. Біздің бассейнімізді көргеннен кейін келіп, жаттығып тұруға өтініш білдірді. Содан беріде өткен он шақты жыл ішінде, көріп отырғандарыңыздай, бұл адам ғажап өзгерді. Әр жаттыққан сайын шаршаудың орнына, қайта серги түседі. Бұлшық еттері де қатайып, өзін әлдеқайда жақсы сезінетін болды. Далада серуен­деу уақытын көбейтіп, суда жүзу қашықтығын біртіндеп ұзарта берді. Кейбір жайсыз ауа райында немесе белсенді түрде шұғылданатын қоғамдық қызметіне қатысты болмаса, жаттығулардың бірде-бірінен себепсіз қалған емес. Ол жастарға ғана емес, барлық адамдарға үлгі болатын тұлға, ол – біздің мақтанышымыз! Ақсақал жатты­ғуларға кейде өзінің ардагер жол­дастарын да ерте келеді. Бәрі қосылып, балаларға өнеге айтады, жол сілтейді.

Бүркіт Есжанов соғысқа 1942 жылы он тоғызға енді толған бозбала шағында аттанған. Сол кезде ол Ленинград авиациялық училищесінің курсанты еді. Бастапқыда Мәскеу түбінде бесінші атқыштар дивизиясының құрамында соғысыпты. 1943 жылы Курск түбінде болған шайқастарға да қатысқан. Сол ұрыстарда ауыр жараланып, госпитальға түседі. Қайсар жас көп ұзамай қатарға қосылып, жауынгерлік жорығын жалғас­тырады. Соғыс біткеннен кейін де елге оралмай, Солтүстік-Шығыс Қытай мен Моңғолияны жапон басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысқан. Туған жер, өскен ортасына тек 1948 жылы ғана оралады. Елге келгеннен кейін өз алдына отау тігіп, отбасын құрған.

Содан беріде жетпіс жылға жуық уақыт өтіпті. Бүркіт ақсақал мен Күмісжан әжейдің бауырынан шыққан сегіз баладан үлкен бір әулетті құраған немере-шөберелер өрбіген. Балаларының ортаншысы Бейбіт Есжановты көпшілік былғары қолғаптың айтулы шебері ретінде біледі. Кезінде осы Бейбіт КСРО чемпионатында топ жарып, Әлем кубогы сынының финалында өнер көрсеткен. Бертінде «Астана арландары» кәсіпқой бокс клубында жаттықтырушы болып қызмет етті.

– Курск түбіндегі шайқаста бізге фашистің миллионан астам әскері тап берді ғой, – деп еске алады Бүркіт ақсақал. – Бірақ олар соншама күшпен алпыс шақырымнан артық аттап баса алмады. Қарсы атойлап, шекараға дейін қудық. Танкілермен, зеңбіректермен қаруланған кеңес әскерлері не деген жанкешті еді!? Жауынгерлеріміз де, офицер­леріміз де қарсы шабуылға әбден машықтанған, әскери ұрыс қимыл­дарын жіті меңгерген шақ еді ол. 10 тамыз күні біз Орел қаласын жаудан азат еттік. Тура сол қала үшін болған ұрыс кезінде мен ауыр жараланып, Алексин қаласының госпиталінде екі ай жаттым. Кейін жауынгерлік сапқа қайта тұрдым. Оңай болған жоқ, бірақ біз бәріне де төзе білдік! Қазір ғой, мамыражай заман. Бүгінгі жастарда бәрі бар. Олар осындай бейбіт елде тұрып жатқандарына қуануы керек. Өскелең ұрпақ Қазақстандай елі барына тәубасын айтып, керек уақытында оны бір кездегі біздер сияқты қорғай білсе екен деймін!

Жыл сайын жеңіс мерекесінің қарсаңында майдангер ақсақалға облыс пен қала әкімдері, журналист ағайынның «маза» бермейтіні бар. Құтты қонақтар келген ондай жағдайда алпыс бес жыл отасқан бәйбішесі Күмісжан шешейдің дастарқаны жиылған емес. Ал қатал тағдыр отқа салса жанбаған, суға салса батпаған Бүркіт ақсақалдың әңгімеден аянып қалған жері жоқ. Мұндай сәттерде жүзге қадам басқан қария­ның жүзі нұрланып сала береді. Жүріс-тұрыс – ширақ, ой – сергек, жадта бәрі сайрап тұрған соң жүректі нұрландырған оттың жарығы қайдан көмескі тартсын?!

Қайрат Әбілдинов

Фото: Егемен Қазақстан газеті

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: