Алматыда дәрігерлік кәсіпті атадан балаға мұра еткен отбасы тұрады
Zakon.kz
Асылхан Жұматаев қазақтың атақты археологы Әлкей Марғұланның көз жанарын емдеп, жарық дүниені қайта көруіне себепші болған дәрігер.
Алматыда сүйікті кәсібін атадан балаға мирас етіп, үлгілі үрдісті үзбеген дәрігерлер отбасы тұрады. Әулеттің үлкені Асылхан Намазбекұлы Жұматаев - отандық офтальмологияның негізін қалаған тұлға. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын ол ұл-қыздары мен немерелерін де бала кезінен дәрігер мамандығына баулыды, деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.
Асылхан Жұматаев қазақтың атақты археологы Әлкей Марғұланның көз жанарын емдеп, жарық дүниені қайта көруіне себепші болған дәрігер. Епті қолдардың иесі жас кезінде әскер қатарында қызметін жалғастырып, ағаш шебері болуы да мүмкін еді. Алайда, суретшілік талант пен табандылық оны медицинаның маржаны саналатын офтальмология саласына әкелді.
Асылхан Жұматаев, жоғары дәрежелі дәрігер-офтальмолог:
- Мен операцияның барлық түрлерін жасадым. Соңында пластикалық хирургияны таңдадым. Бұл салаға баратындар сирек. Бастаған ісін орта жолдан тастап кететіндер болды. Ал мен көнпіс оқушыдай жалғастыра беретінмін.
Ең бастысы ол қиындықтан қорықпай, ең қиын деген операцияны жасауға жүрексінбейді.
Зәуре Жұматаева, Асылхан Жұматаевтың қызы, медицина ғылымдарының докторы:
- Әкем операция залында бірнеше сағат отыратын. Жұмыстың ауырлығына шыдамай, медбикелер есінен танып жататын. Ал ол болса, өз ісінің нәтижесіне риза болып, қуанып шығатын.
Асылхан ағаның жолын бүгінде балалары мен немерелері жалғастырып жүр. Қызы Зәуре медицина ғылымдарының докторы, көздің су қараңғылығын емдейді. Баласы Эрик – пластикалық хирург. Оның көз аурулары институтындағы қабылдауына дертіне дауа іздегендер бірнеше ай бұрын жазылып қояды екен. Қазір отандық офтальмологтардың көбі Асылхан Намазбекұлының шәкірттері. Оның көзді емдеу әдістері әлемдік деңгейде қолданылады.
Ғұмаржан Қазанқапов, Асылхан Жұматаевтың немересі, дәрігер-офтальмолог
- Бала кезден дастархан басына жиналғанда офтальмология туралы айтылған әңгімелерді қызыға тыңдайтынмын. Дәрігерлер династиясын жалғастыру - екі есе жауапкершілік жүктейді.
Асылхан Жұматаев 40 жыл бойы көзге операция жасап, көптеген шәкірт тәрбиеледі. 1996 жылы зейнеткерлікке шыққан соң жанына жақын суретшілік өнерін қайта қолға алған. Талай жанның жанарына сәуле берген ерен еңбегінің қайтарымы болар, қарт дәрігер 80 жаста болса да көзі жақсы көреді.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Полина Чихичина
Фото: Pavon.kz
Поделиться новостью
Читайте также
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript