Қылмыстық жауаптылыққа жататын адамдар
Фото: zakon.kz
Қылмыстық жауаптылыққа жататын адамдар
ҚР ҚК-нің 15 бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта он алты жасқа толған есі дұрыс жеке тұлға қылмыстық жауаптылыққа жатады. Қылмыс жасаған уақытта он төрт жасқа толған адамдардың адам өлтіргені (99-бап), зорлағаны (120-бап), сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері (121-бап), терроризм актісі (255-бап), терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырғаны (256-бап), террористік топ құрғаны, оған басшылық еткені және оның әрекетіне қатысқаны (257-баптың бірінші және екінші бөліктері), террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландырғаны және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік (258-бап), қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқырғаны не қорқытып алғаны (291-бап), есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді жымқырғаны не қорқытып алғаны (298-бап) және т.б. үшін қылмыстық жауаптылыққа жатады. Алайда, егер кәмелетке толмаған адам осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген жасқа толған болса, бірақ психикасының бұзылуына байланысты емес психикалық дамуы жағынан артта қалуы салдарынан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта өзінің әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамға қауіптілігін толық көлемде ұғына алмаса не оларға ие бола алмаса, ол қылмыстық жауаптылыққа жатпайды. Яғни, ҚР ҚК-нің 16-бабына сәйкес, қоғамға қауіпті іс-әрекетті жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, ақыл-есінің кемдігі немесе психикасының өзге де дертке ұшырауы салдарынан өзінің әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамға қауіптілігін ұғына алмаған немесе оларға ие бола алмаған адам қылмыстық жауаптылыққа жатпайды. Ал, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған уақытта психикасының бұзылуы салдарынан өзінің әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамға қауіптілігін толық көлемде ұғына алмаған не оларға ие бола алмаған есі дұрыс адам қылмыстық жауаптылыққа жатады. Бұл жерде ескеретін мән-жай, есі дұрыс емес деп танылған адамға сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануы мүмкін, сондай-ақ, есінің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психиканың бұзылуын сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алады және ол медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау үшін негіз бола алады. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмысты алкогольді, есірткі, психотроптық заттарды немесе басқа да есеңгірететін заттарды пайдалану салдарынан мас күйінде жасаған жағдайда да қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдар шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, сеніміне, қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына, тұрғылықты жеріне немесе өзге де кез келген мән-жайларға қарамастан заң алдында тең.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер
жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
сотының кеңсе бас маманы-сот отырысының хатшысы А.Марат