Ағысы қосылмайтын қос арна Алматының көрікті жеріне айналуы мүмкін

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 28.04.2016 16:32 Zakon.kz
Оқушылар аталмыш жобаларын Алматының 1000 жылдық мерейтойына арнаған. Жан-жақты қолдау тапса, 15 сәуірде аталып жүрген Ғашықтар мерекесінің символына айналса дейді.

Ағысы қосылмайтын қос арна. Алматылық оқушылар табиғаттың таңқаларлық құбылысын тапты. Әуежай маңындағы екі өзеннің тоғысуы оқушылардың қызығушылығын тудырып отыр. Екі арнадан құйылған екі судың түсі екі түрлі болса да, бір-бірімен араласпай ағып жатыр. Тіпті бұл өзен туралы ежелгі аңыз да бар екен. Мектеп оқушылары бұл мекеннің туристік орынға айналғанын қалайды, деп жазады Алматы телеарнасы.

Табиғаттың бұл ғажайыбын жергілікті тұрғындардың өздері де біле бермейді. Білсе де, аса мән бермесе керек. Әуежай маңында орналасқан Кіші Алматы өзенінің бұл ерекшелігін осында оқитын оқушылар байқап, қызығушылық танытқан. Әлия мен Инна тіпті арнайы жоба да әзірлепті.

«Біз құрбым екеуміз осы жерге жақын мектепте оқимыз. Осы маңнан күнде өтеміз. Осы жер өзінің ерекшелігімен бізді қызықтырды. Екі өзен суы бір-бірімен араласпайды. Жоғары сыныпқа өткеннен кейін бұл өзенді зерттеп, Алматының 1000 жылдығына орай ғылыми жоба әзірледік. Өйткені біз мұны кішкентай кезімізден зерттеп келеміз», - деді №44 мектеп-гимназия оқушысы Әлия Бейсембаева.

Оқушылар өздерінің жобаларын жасауда халық арасында сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде бұл жер туралы ешкім білмейтін болып шығыпты. Алайда, бұл өзен туралы халық арасында тараған аңызды тапса керек. Әрине, ол аңыз - екі ғашықтың махаббаты туралы.

«Ертеде байдың қызы мен кедей баласы бір-бірін ұнатып қалады. Бірақ олардың қосылуына жастардың ата-аналары қарсы болған екен. Соған қарамастан олар жасырын кездесіп жүрген осы жерде. Кейін қыздың әкесі біліп қойған, сол кезде мейірімді сиқыршы екеуін бір-біріне қосылмайтын өзенге айналдырып жіберген деседі. Мұның өзі Алматының біз білмейтін тұстары барын дәлелдейді», - деді №44 мектеп-гимназия оқушысы Инна ЛИ.

Табиғаттың мұндай ерекшеліктері әлемнің көптеген елдерінде кездесетін құбылыс. Ағысы қосылмайтын өзендерді тамашалау үшін туристер арнайы ат басын бұрады. Кіші Алматы мен Жарбұлақ өзендері түйіскен, ғажайып орынды да демалыс бағына айналдыруға болады дейді, шәкірттердің ғылыми жетекшісі. Себебі әуежай аумағында бақтар мен саябақтар жоқтың қасы.

«Ғылыми жоба базасында біз шаһарымыздың беймәлім тұстарын аштық деп ойлаймын. Оқушылармен келіп, осында тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Болашақта бұл өзен қаламыздың көрікті жеріне айналып, бақ немесе демалыс орны болса жақсы болар еді. Бұл жерді көріп, естігеннен кейін аудан әкімдігі де тыс қалмасы анық», - деді №44 мектеп-гимназияның тарих пәні оқытушысы Болат Мунбаев.

Фото:www.youtube.com

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: