Премьер-Министр мал қорымдарын күзету мәселесін шешуді тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкімет отырысы кезінде мал қорымдарын күзету мәселесін шешуді тапсырды. Ол сонымен қатар ірі қара малға ветеринарлық қадағалауды жүргізу сапасына көңіл бөлуді тапсырды. Бұл туралы zakon.kz, pm.kz жариялаған ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
«Біз кеше Қарағанды облысында түйнеме ауруының тіркелуіне байланысты кеңес өткіздік. Қалыптасқан жағдайдан байқағынымыз, бізде мал қорымдарын күзету мәселесі бақылаусыз қалған», - деді Премьер-Министр.
Кәрім Мәсімов бұл мәселені түбегейлі шешу керектігін атап өтті. Бұл мәселені Премьер-Министр ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің бақылауына тапсырды.
Кәрім Мәсімов мал қорымдары сенімді күзетке алынуы тиіс екенін мәлімдеді.
«Бұл мақсатқа қаржы бөлінген, сол ақшаның қайда кеткенін білу керек», - деді ол. Премьер-Министр күн тәртібіне қойған екінші мәселе – ірі қара малға ветеринарлық қадағалау жүргізу болды.
«Менің ойымша, ветеринарлық қадағалау бойынша бақылау жеткіліксіз: қай жерде екпе салынады, қай жерде салынбайды, олар қайда сақталады және қайда қойылады, анық емес», - деді К.Мәсімов.
Фото: vk.com