Азаматтық процесте мемлекеттік бажды қайтару

Азаматтық процесте мемлекеттік бажды қайтару

 

К.Ермаганбетова

Астана қаласы Есіл аудандық сотының судьясы

 

Соттар азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқару кезінде сот шығындарымен байланысты мәселелерді Қазақстан Республикасының Азаматтық  процестік кодексінің  8-тарауының ережелеріне, Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы»  Кодексінің  79-тарауының 1-параграфына, сондай-ақ ҚР-ның Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығындары туралы заңдарды қолдануы туралы» N 9 Нормативтік қаулысымен және  басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес шешіледі.

АПК-тің  107-бабы  бойынша мемлекеттік бажды қайтару тәртібі «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде  айқындалады.

Салық кодексінің 548-бабының ережелеріне сәйкес   азаматтық іс бойынша төленген мемлекеттік баж сомалары    қайтарылады, егер     талапкер өз талаптарын азайтатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік баж осы Кодекс бойынша талап етілгеннен көбірек мөлшерде енгізілгенсе;  іс төрелікке берілсе;   іс бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда тараптардың татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен аяқталған жағдайда - толық көлемде, кассациялық сатыдағы сотта - сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат берген кезде төленген соманың 50 пайызы мөлшерінде;    іс жүргізу тоқтатылған немесе, егер іс соттың қарауына жатпайтын болса, сондай-ақ талапкер осы істер санаты үшін белгіленген дауды алдын ала шешудің тәртібін сақтамаған не талап қоюды әрекетке қабілетсіз адам табыс еткен жағдайда талап қою қараусыз қалдырылған;  мемлекеттік бажды төлеген адамдар заңдық мәні бар іс-әрекеттерді жасаудан немесе осы заңдық мәні бар іс-әрекеттерді жасаған органға жүгінгенге дейін құжатты алудан бас тартқанда;  сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы кассациялық шағым немесе өтінішхат қайтарылса, сонымен қатар  Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген өзге де жағдайларда ішінара немесе толық қайтарылған жағдайларда.

 Салық кодексінің   541-бабында соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылған тұлғалар  көрсетілген. 

Атап  айтқанда, Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет еткен) және Ұлы Отан соғысы жылдары тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жастан мүгедектердің ата-аналарының бірі - барлық істер мен құжаттар бойынша; талапкерлер - еңбекке ақы төлеу сомаларын өндіріп алу туралы талап қою және еңбек қызметіне байланысты басқа да талаптар бойынша;  алименттерді өндіріп алу туралы талап қою бойынша;   мертігуге немесе денсаулығына зақым келтірілуге, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянды өтеу туралы талап қою бойынша;  қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген материалдық залалды өтеу туралы талап қою бойынша және   де    басқалар.  

Салық кодексі бойынша мемлекеттік баж төлеуден босатылған тұлғалар   сотқа   жүгінгенде    заңның талабын білмегендіктен  мемлекет   баж төлеп  жатады.  Сондықтан, мемлекеттік  баж төлеуден басатылғандарға  төлеген  баждың сомасы  бюджет есебінен қайтарылады.

Мемлекеттік баж  талапкер талап қоюдан бас тартқан;  талапкер өз талаптарын азайтқан  және  сот бұйрығы күшін жойған жағдайларда қайтарылмайды.

Атап айтқанда,   АПК-нің 137-бабы  бойынша  өндіріп алушы төлеген мемлекеттік баж сот бұйрығының күші жойылған кезде қайтарылмайды. Өндіріп алушы борышкерге талап қою ісін жүргізу тәртібімен талап қойған кезде ол төленуге жататын мемлекеттік баж есебіне есептеледі.

 Салық органы мемлекеттік бажды қайтару үшін негіз болып табылатын тиісті мемлекеттік органның құжатын, сондай-ақ мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжатты салық төлеушіден алғаннан кейін, егер аталған құжаттар салық органына мемлекеттік баж сомасы бюджет есебіне жазылған күннен бастап үш жыл мерзім өткенге дейін табыс етілген болса, төленген мемлекеттік баж сомасын қайтару туралы салықтық өтінішті қарайды.  

 Бюджетке төленген мемлекеттік баж сомасын салық төлеушінің банктік шотына қайтаруды салық органдары оның мемлекеттік баж сомасын төлегені туралы төлем құжаты қоса берілген салықтық өтінішінің, сондай-ақ тиісті органның оны қайтару үшін негіз болып табылатын құжатының негізінде жүргізеді.

Сот оның пайдасына іс бойынша тарап болып табылатын мемлекеттік мекемеден мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім шығарған төлеушіге мемлекеттік баж сомасын қайтаруды салық органы мемлекеттік баждың бюджетке төленгені туралы төлем құжаты мен заңды күшіне енген сот шешімі қоса берілген мемлекеттік баж төлеушінің салықтық өтініші негізінде жүргізеді.

Бюджетке төленген мемлекеттік баж сомасын қайтаруды ол төленген жердегі салық органдары, қайтаруға салықтық өтініш берілген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік баж сомасы есебіне жазылған бюджеттік сыныптаманың тиісті кодынан жүргізеді.

Следите за новостями zakon.kz в: