Қазақстан республикасының сот жүйесі: ұғымы мен қазіргі кездегі ерекшеліктері
Фото: zakon.kz
Қазақстан республикасының сот жүйесі: ұғымы мен қазіргі кездегі ерекшеліктері
Гильманова Динара Мугаппаровна
№2 Ақтөбе қаласының №2 сотының судьясы
Құқықтық демократиялық қоғамда барлық даулы мәселелер сот арқылы шешімін табатыны белгілі. Осыған орай, азаматтардың құқығын қорғауда сот төрелігінің атқарар міндеті мен оған жүктелер жауапкершілігі күн санап өсіп келетінін айта кету керек.
Құқықтық демократиялық қоғамда барлық даулы мәселелер сот арқылы шешімін табады. Осыған орай, азаматтардың құқығын қорғауда сот төрелігінің атқарар міндеті мен оған жүктелер жауапкершілігінің молая түспегін айта кеткен жөн.
Жыл өткен сайын сот қарайтын істер қатары көбейіп, судьяларға жүктелер міндет ауырлап келе жатқанын статистикалық деректерге көз жүгіртсек анық байқаймыз. Қаралатын істер саны және судьяға жүктелер жауапкершілік те барған сайын ауырлап баратынын айта кету жөн. Осыған байланысты, судьяның қателесуге қақысы жоқ деген түсінік берік орнығып келеді. Осының барлығы судьялардың жұмысының қаншалықты ауыр екенін және жауапкершіліктің үлкендігін анық байқатады.
Қазақстан Республикасы өзінің егемендігін жариялаған күннен бастап жүзеге асырыла бастаған саяси, әлеуметтік және құқықтық өзгерістер ұлттық құқықтық жүйенің, соның ішінде сот жүйесі мен сот ісін жүргізудің қалыптасуына жол ашты. Сол уақыттан бастап сот саласында мемлекеттік биліктің өз алдына дербес бір тармағы ретінде - сот жүйесі қалыптасты.
Қоғам бір орында тұрмайды, ол әрдайым өсіп, дамып отырады. Сол қоғаммен бірге, қоғам ішіндегі органдар жүйесі де заман талабына сай әркез өзгеріп, дамып келеді. Соған байланысты, Қазақстанның сот жүйесі өз тәуелсіздігін алған жылдардан бері көптеген реформаларды жүзеге асырды. Сол реформалар сот жүйесінде орын алған қайшылықтарды жойып, одан әрі жетілдіруге бағытталды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылдан бергі сот жүйесінің дамуын мынадай кезеңдерге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең: Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясының қабылдануы. Ол сот билігінің ұйымдастырылуы мен қызметінің негізгі қағидаларын бекітіп берді. Осы Конституция бойынша Конституциялық сот, Жоғарғы Сот, Жоғары төрелік сот пен төменгі сатыдағы соттар сот төрелігі органдарына жатқызылды.
Екінші кезең: 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етудің қажетті кепілдіктерінің болуын қарастырды[1, 15б]. Төрелік соттар жүйесі таратылып, олардың функциялары жалпы юрисдикция соттарына берілді. Бұл Конституцияның қабылдануы қоғамды әрі қарай демократияландырудың шынайы қажеттілігі, тәуелсіз Қазақстанның конституциялық дамуының жаңа кезеңінің бастауы болды.
1995 жылы 25 желтоқсанда қабылданған Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесі туралы» №2694 Конституциялық заң күші бар Жарлығы соттар қызметінің негізгі қағидаларын, соның ішінде судьялардың құқықтық және әлеуметтік кепілдіктерін айқындап берді. Сот жүйесінің одан әрі дамуы 2000 жылғы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануына орай жаңа қарқын алды. Конституциялық заң сот-құқықтық реформасының кезекті кезеңіне жол ашты.
Үшінші кезең: 2002 жылы сот жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған мемлекеттік Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылдануы еді. Тұжырымдамада сот жүйесін жетілдірудің, судьялардың тәуелсіздігін нығайтудың негізгі критерийлері тағы да айқындалды. Сот жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында экономикалық, әкімшілік, ювеналдық (кәмелетке толмағандар ісі бойынша) және басқа да арнаулы соттар институтын дамыту мәселесін қарастыру, сондай-ақ азаматтық-құқықтық дауларды шешудің балама әдістерін, мысалы, аралық соттардың қызметін заңмен реттеу, оларды халықаралық стандарттарға жақындата отырып, қарастыру көзделді. Сот жүйесіндегі құрылымдық өзгерістерге орай, сот ісін жүргізудің де заңнамалық тұғыры жасалды[2, 20б]. 2006 жылғы 16 қаңтарда «Алқабилер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қабылданып, аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық істерді қарауға алқабилердің қатысуы қарастырылды. Сонымен қатар, азаматтық құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізу мақсатында 2004 жылғы 28 желтоқсанда «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» заңдар қабылданды. Бұл заңдар дауларды соттан тыс шешу тәртібін қарастырады[3, 45б].
Төртінші кезең: Құқықтық саясат тұжырымдамасының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналып белгіленген қағидаттарын жүзеге асыру - елімізде сот жүйесін одан әрі дамыту деңгейін жаңа сатыға көтеруге және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сенімді қорғалуына кепілдік береді.
Мемлекеттік биліктің үш тармағының бірі - сот билігіне қатысты болған өзгерістердің бірі, ол 2011 жылғы 5 тамызда заңды күшіне енген «Медиация туралы» Заңның қабылдануы болатын. Медиация тараптардың ерікті келісім бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиаторлардың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.
Құқықтық мемлекеттің бірден-бір белгісі бұл - заңның үстемдік етуі. Соған орай Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде алдағы уақытта «Мемлекеттік құрылыстың одан арғы 100 нақты қадамы» атты Ұлт Жоспарын ұсынатынын айтқан болатын. Елбасының бұл жоспары халықтың назарына Ұлт Жоспары - «100 нақты қадам» деген тақырыппен ұсынылды.
2015 жылдың 31 қазанында Елбасы Парламентпен қабылданған Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасына қол қойған болатын. Заң 2016 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді.
Жаңа азаматтық іс жүргізу кодексі азаматтардың конституциялық құқықтарын және бостандықтарын сотпен тиімді қорғауды қамтамасыз ету үшін азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мақсатында қабылданған. Жаңа кодекс азаматтық процестің тым қағазбастылығын алып тастауға, сотқа жүгінген тұлғалар үшін, сонымен бірге аталған заң аясында сот әділдігін жүзеге асыруды қамтамасыз ететін соттар үшін де қолдану қолайлылығына бағытталған.
Іс жүргізу кодексінің жаңашылдықтарының бірі азаматтық сот өндірісі міндеттерінің қатарына — қоғамда заңға және сотқа құрмет көрсету қатынастарын қалыптастыру болып табылады. Аталған жаңашылдық судьяларға процесс қоғамда заңға және сотқа құрмет көрсету қатынастығын қалыптастыруда тәрбиелік мәнге ие болатындай азаматтық сот өндірісі аясында әділ сотты жүзеге асыруға міндеттейді. Бұл ең алдымен судьялардың өздерін тәртіпке шақырады, оларды жоғары кәсібилікке, процесс жүргізу барысында этикалық нормаларды қатаң сақтауға міндеттейді.
Сонымен бірге азаматтық сот өндірісі міндеттеріне дауларды бітімгерлік жолмен реттеуде ықпал етуде жаңашылдық болып табылады. Қазіргі уақытта қолданыстағы процессуалдық заң барынша сотпен даудың мән-жайы бойынша шешім қабылдауға бағытталған. Жаңа кодексте процесте тараптарды бітімгерлікке келуге ықпал етуге басымдылық берілген. Сот тараптарды татуластыру үшін барлық шараларды қолданады, процестің барлық сатысында дауларды реттеуге ықпал етеді. Процессуалдық жаңашылдық ретінде заңмен дауды бірінші немесе апелляциялық сатыдағы судьяларының медиация рәсімін жүргізу жолымен дауларды шешу мүмкіндігі қарастырылған. Оның ішінде дауларды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу жолы да бар.
Жаңа кодексте бітімгерлік шараларына жеке тарау арналған. Азаматтық сот өндірісі аясында тараптар өзара талаптарын бітімгерлік келісім бекітумен, медиация тәртібінде дауларды реттеу туралы келісім немесе партисипативтік рәсім тәртібінде дауларды реттеу туралы келісім толық ауқымда болмаса ішінара реттей алады.
Дауды медиация тәртібінде және партисипативтік рәсім тәртібінде реттеу, бұл — азаматтық процессуалдық құқықта мәні бойынша екі жаңа институт.
Тараптардың бірінші, апелляциялық, кассациялық сатыдағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін медиация тәртібінде дауларды реттеу туралы өтініш мәлімдеуге құқықтары бар. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда медиацияны соттан тыс медиатор (кәсіби, кәсіби емес), сонымен бірге судья жүргізе алады. Тараптар медиация тәртібін өзі таңдайды. Кассациялық сатыда судьямен медиация жүргізу қарастырылмаған әрі медиация бұл сатыда қосымша әрекеттерді және істі қарауды тоқтатуды талап етпеген жағдайда ғана мүмкін.
Дауды партисипативтік рәсім тәртібінде реттеу бұл біздің процессуалдық құқықтағы мүлде жаңа институт. Бірақ бұл тағы да дауды шешудің тәсілдерінің бірі, бұл енді кәсіби адвокаттардың көмегімен болмақ.
Дауларды реттеудің мұндай тәсілдері көп болған сайын, процессуалдық заңнаманың міндеттерін жүзеге асыру — дауды бейбіт жолмен реттеуге септігін тигізу нәтижелі деп ойлаймыз. Партисипативтік шараны енгізу процестегі адвокаттың рөлін арттырады.
Сонымен бірге, медиация және партисаптивтік рәсімдер институтын енгізудің біздің қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін елеулі маңызы бар. Мәні бойынша, бұл — өмірге қоғам мүшелерінің арасында дауды реттеудің өркениетті әдістерін енгізу болып табылады.
Жаңа азаматтық процессуалдық кодексті қабылдаумен тараптарды бітімгерлікке келістіру бойынша дауларды реттеу мүмкіндіктеріне бағытталған өзгерістерді және осыған байланысты кейбір заңдарға өзгеріс қарастырылғанын атап кеткен жөн болар.
Жаңа қабылданған процессуалдық кодекстегі тағы бір жаңа институт — жеңілдетілген өндіріске тоқталған жөн. Бұл соттың процессуалдық әрекеттерін жүзеге асыруға бөлінетін бюджеттік қаражаттарды, сонымен бірге сот қызметкерлері мен процеске қатысушылардың жұмыс уақытын үнемдеуге мүмкіндік беретін азаматтық процессуалдық құқықтың жаңа институты. Жеңілдетілген өндіріс азаматтық процесте біздің елімізде жүзеге асырылатын сот реформаларының мақсаттары және міндеттеріне жауап беретін азаматтық процессуалдық заңнаманың дамуында заманауи қадам болып табылады.
Көбіне азаматтық істерді қарайтын бірінші сатыдағы соттарда даусыз болып табылатын, күрделілік тудырмайтын даулар көптеп саналады. Аталған санаттағы істерді жеңілдетілген өндіріс тәртібінде шешу әуре-сарсаңды және істерді ұзақ уақыт бойы қарауды болдырмау мүмкіндігін береді.
Жеңілдетілген (жазбаша) өндіріс тәртібіндегі істер судьямен арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде қаралады. Істі қарау мерзімі ұзартуға жатпайды. Жеңілдетілген өндірісі тәртібінде істерді қараудың келесі ерекшеліктері бар. Талап арыз түскеннен кейін, сот оны өз өндірісіне қабылдап, тараптарды хабардар етеді, жауапкерлердің талап арызға наразылық білдіру үшін өздері негізделген құжаттары мен дәлелдемелерін тіркеп, наразылық беру үшін он бес жұмыс күнін белгілейді. Сот белгілеген мерзім өткен соң, сотқа түскен пікір, дәлелдеме және басқа құжаттар, егерде оларды сотпен белгілеген мерзімде ұсыну мүмкін еместігі және олар сотпен шешім шығарылғанға дейін түскендігі негізді болса, қабылданады. Сот істі пікір, дәлелдеме және басқа құжаттарды ұсынудың сотпен белгіленген мерзімі өткеннен кейін тараптарды шақырусыз жеңілдетілген өндіріс тәртібінде қарайды. Сот тараптар ұсынылған құжаттарды зерттеп, шешім қабылдайды. Жауапкер талап арызды сот өндірісіне түскені туралы және істі жеңілдетілген өндірісте қарау тәртібі туралы тиісті жолмен хабардар болмаса, шешімді алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сотқа шешімді жою туралы арыз беруге құқылы.
«Ұлт жоспары — 100 нақты қадамда» көзделген елдегі құқықтық жүйені дамыту мәселелері бойынша әділ соттың үш деңгейлі жүйесіне (бірінші, апелляция, кассация) өту болып табылады.
Істерді апелляциялық сатыда жалпы ережелер бойынша қарау судьялардың тақ санында (кем дегенде үш) алқалы құрамда жүзеге асырылады.
Жергілікті соттардың заңды күшіне енген сот актілеріне шағымданудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда жалпы ереже бойынша кассациялық тәртіпте қайта қарауға жатпайды. Заң бірінші сатыдағы соттардың сот актілеріне міндетті түрде шағымдануды қарастыратындықтан, оларды әрі қарай ҚР ЖС кассациялық алқасына шағымдануға, бірінші сатыдағы соттың шешіміне апелляциялық шағым беруге мемлекеттік баж төленбейді.
Соттардың тәжірибесіне тұрақты мониторинг жүргізу үшін отставкадағы судьяларды жұмысқа тарту арқылы облыстық (қалалық) соттардың ұйымдастыру-талдау бөлімдерінің жұмысын күшейту дұрыс бастама. Іс санаттары бойынша жалпы сот тәжірибесін тоқсан сайын үйлестіру қажет. Сот тәжірибесінде тұтастылықты қамтамасыз ету мақсатында оқыту шараларын ұйымдастырып, әрбір судьяның өзіндік білімін жетілдіру үшін және оқу орталықтарының жұмысын жандандыру орынды болар еді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы (30.08.1995) - АСТАНА: «Елорда», 2012.
2. «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» 2000 жылғы 25 желтоқсандағы №132-II Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы // Параграф құқықтық жүйесі
3. Мақұлбеков Б.Д. Қазақстан Республикасының сот билігі: оқу құралы - Алматы: Айдана, 2003. - 146 бет.
4. Нарикбаев. М.С. Казахстан: Судебно-правовая реформа и дальнейшие пути ее совершенствования // Жинақта: Проблемы реализации судебно-правовой реформы в постсоветских государствах: опыт и суждения. Астана, 1998, 7-бет
5. Г.Сапаргалиев.Конституционное право Республики Казахстан - Алматы. 2008.401-437с.
6. ҚР-ның Азаматтық процесстік кодексі (31.10.2015) - Алматы: Юрист, 2016.