Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі институты: Ресімдеудегі бірізділік мәселесіне
Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі институты:
Ресімдеудегі бірізділік мәселесіне
Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайының қажетті бір элементі қызметтік тәртіп болып табылады. Сондықтан кез келген мемлекеттік қызметші қызметтік міндеттерін заңнама талаптарына сай орындауға тиіс. Заңнама талаптарына кейбір жағдайларда, мемлекеттік қызметшінің өз құқықтарын пайдалануын да кіргізуге болады. Өйткені мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметте тек қана міндеттік сана-сезімде ғана емес, сонымен қатар берілген және кепілдендірілген құқықтарды орынды пайдаланушы да бола білуі қажет. Осындай жағдайларда ғана мемлекеттік қызметтің заңдылығы мен тиімділігі жоғары болатыны анық.
Кез келген егемен мемлекет сияқты Қазақстан Республикасы да мемлекеттік қызметшілерге жоғары талаптар қояды. Қазіргі уақытта қызметтік талаптарға қоса, жаһандық: тиімді мемлекеттік басқаруға (good governance) бағытталу, әлемдік бәсекелестікке қабілеттілік, қоғам мен мемлекетті цифрландыру, адами капиталды дамыту сияқты түбегейлі өзгерістер трендттері заманында мемлекеттік қызметшілерге қосымша талаптар да қойылуда. Оларды тиісті деңгейде орындау - кез келген мемлекеттік қызметші үшін абыройлы міндет әрі әлеуметтік статус. Қисын солай. Ал олай болмаған жағдайда, ұлттық заңнамада көрсетілген жауапкершілік институтының тетіктері іске қосылады.
Қазақстан Республикасының: мемлекеттік қызметінде, дипломатиялық қызметінде, құқық қорғау қызметі мен арнаулы органдағы қызметтегі жауапкершілік институты осы төрт саланы реттейтін салалық заңдармен реттеледі. Оларға қоса Қазақстан Республикасының Конституциясы мен түрлі заңдары, мемлекет деңгейіндегі заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер, салалық, ведомстволық нормативтік құқықтық актілер де өз пәндері бойынша қоғамдық қатынастарды тиісінше құқықтық реттейді.
Мақала тақырыбына сай, әрбір заң көрсетілген мемлекеттік қызметтердің ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін айқындайды. Яғни, жалпы құқықтық нормалармен бірге ерекше нормалар да мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін реттейді. Осыған орай, мақала объектісіне мысал ретінде түрлі атауларына қарамастан табиғаты мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын реттейтін төрт заң қарастырылды. Атап айтқанда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңдары. Жоғарыда көрсетілгендей, бұл заңдарда құқықтық жалпы ережелермен қатар, салалық ерекшеліктер де айқындалған.
Ұжымдық басқару шешімі ретінде қабылданатын бұл заңдарға, қажетті сапада әзірленгеніне қарамастан, өзіндік кемшіліктер тән. Сонымен қатар, олардың аудармаларында тілдік кемшіліктік ерекшеліктерге де жол берілген.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында бүгінгі уақытта бір қызмет, бір норма, бірдей жалпы жағдай қалыптастырылғанына қарамастан, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі институтын реттеуде бірқатар мәселелер орын алып отыр. Солардың бірі - құқықтық нормалардағы ұғымдық алшақтықтар немесе бірізділіктің жетіспеуі.
Мақала, аталған мемлекеттік қызметтерді реттеуші заңнамадағы тілдік алшақтықтарға, яғни бірізділіктің болмауына, нақтырақ айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігіне арналған. Мақала объектісі ретінде аталған жағдаяттың алынуының объективті себептері бар. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашасындағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 43-бабының 1-тармағы бойынша «мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта[1] болады». Осыған ұқсас норма Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» және 2012 жылғы 13 ақпандағы «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңдарының тиісінше 19 және 21-баптарында бекітілген. Көрсетілген үш заңның 1-тармақтары бойынша «Өзінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қызметкерлер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртіптік жауаптылықта болады».
Көрсетілген баптардың басты айырмашылығы олардың атауларында орын алған. Біріншісінің атауы «Қызметкерлердің жауапкершілігі», екіншісінікі - «Қызметкерлердің жауаптылығы». Бұған қоса, заңдардағы жауаптылық түрлерінің реттік бекітілуінің өзгешелігі олардың ауыртпалығына қарай ресімделуі қызметтік ерекшеліктерге қатысты болар. Осы «тәртіптік жауапкершілік» ұғымы «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңында екі нұсқада бекітілген. Орыс тіліндегі «дисциплинарная ответственность» ұғымы 8-баптың 12) тармақшасында «тәртіптік жауаптылық», ал 62-баптың 4-тармағында -«тәртіптік жауапкершілік» деп бекітілген (басқа баптарда да осылай). Дәл осындай жағдай «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 5-1-бабының 3) тармақшасы мен 1-бабың 14) тармақшасында кездеседі. Яғни екі заңда да ұғымдық бірізділік сақталмаған. Оларға қоса, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында бекітілген ұғым - «тәртіптік жауаптылық». Ал, «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы» Заңының 22-бабының 3-тармағы бойынша «Дипломатиялық қызмет персоналына тәртіптік жаза қолдану Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады». Яғни заң «жауаптылық» ұғымына саяды, бірақ осы 22-баптың атауында «жауапкершілік» ұғымы қолданылған.
Жоғарыда аталған заңдардан бірқатар бірізділіктік кемшіліктік мысалдары келтіруге болады. Олардың орыс тіліндегі бірдей тіркестері мен ұғымдарының қазақ тіліндегі түрлі нұсқалары салыстырмалы түрде кестеден айқын көрінеді (мақала көлеміне орай бап нөмірлері қойылмады. Мысалдардағы қазақ тіліндегі алшақтықтарды ерекше көрсеткен мен. - Н.П.).
«О государственной службе Республики Казахстан» / «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» |
«О дипломатической службе Республики Казахстан»/ «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы»
|
«О правоохранительной службе» / «Құқық қорғау қызметі туралы» |
«О специальных государственных органах Республики Казахстан» / «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» |
За совершение дисциплинарного проступка на государственных служащих налагаются следующие виды взысканий: 1) замечание; 2) выговор; 3) строгий выговор; 4) предупреждение о неполном служебном соответствии или понижение в государственной должности; 5) увольнение с занимаемой государственной должности
|
К персоналу дипломатической службы применяются следующие дисциплинарные взыскания: 1) замечание; 2) выговор; 3) строгий выговор; 4) задержка в присвоении дипломатического ранга до одного года; 5) понижение в должности или в дипломатическом ранге; 6) лишение дипломатического ранга; 7) предупреждение о неполном служебном соответствии; 8) увольнение |
За неисполнение или ненадлежащее исполнение служебных обязанностей на сотрудников могут налагаться следующие виды взысканий: 1) замечание; 2) выговор; 3) строгий выговор; 4) предупреждение о неполном служебном соответствии; 5) освобождение от занимаемой должности; 6) понижение в специальном звании, классном чине или квалификационном классе на одну ступень; 7) увольнение из правоохранительного органа |
В отношении сотрудников могут применяться следующие дисциплинарные взыскания: 1) замечание; 2) выговор; 3) строгий выговор; 4) предупреждение о неполном служебном соответствии; 5) снижение в специальном звании на одну ступень; 6) увольнение со службы по отрицательным мотивам
|
Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай жаза түрлері қолданылады: 1) ескерту; 2) сөгіс; 3) қатаң сөгіс; 4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе мемлекеттік лауазымын төмендету; 5) атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару
|
Дипломатиялық қызмет персоналына мынадай тәртіптік жазалар қолданылады: 1) ескерту; 2) сөгіс; 3) қатаң сөгіс; 4) дипломаттық дәрежені беруді бір жылға дейін кідірте тұру; 5) лауазымын немесе дипломаттық дәрежесін төмендету; 6) дипломаттық дәрежесінен айыру; 7) қызметке сәйкес еместігі туралы ескерту; 8) жұмыстан босату |
Қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін қызметкерлерге: 1) ескерту; 2) сөгіс; 3) қатаң сөгіс; 4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту; 5) атқаратын лауазымынан босату; 6) арнаулы атағын, сыныптық шенін немесе біліктілік сыныбын бір сатыға төмендету; 7) құқық қорғау органдарынан шығару |
Қызметкерлерге қатысты мынадай тәртіптік жазалар қолданылуы мүмкін: 1) ескерту; 2) сөгіс; 3) қатаң сөгіс; 4) қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту; 5) арнаулы атағын бір сатыға төмендету; 6) теріс себептер бойынша қызметтен шығару |
|
|
1) назначение вне очереди в наряд (за исключением назначения в наряд по обеспечению охраны подразделения); 2) лишение очередного увольнения из расположения организации образования правоохранительного органа |
2) назначение в наряд вне очереди (за исключением назначения в наряд по обеспечению охраны подразделения); 3) лишение очередного увольнения из расположения специального (военного) учебного заведения |
|
|
1) нарядқа кезектен тыс тағайындау (бөлімшенің қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі нарядқа тағайындаудан басқа); 2) құқық қорғау органының білім беру ұйымы орналасқан жерден кезекті босатудан айыру |
2) кезектен тыс нарядқа қою (бөлімшені күзетуді қамтамасыз ету бойынша нарядқа қоюды қоспағанда); 3) арнаулы (әскери) оқу орнының орналасқан жерінен кезекті шығуынан айыру |
Осы кестеде көрсетілген заңдарда бекітілген «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» деген тіркес тура мағынасында түсінілетін болса, ол туралы «ескертуді» былай қойғанда, ондай адамды мемлекеттік қызметке мүлдем жақындатуға болмайтын болып шығады, өйткені ол тіркес қайтадан орыс тіліне аударылатын болса, «предупреждение о полном служебном не соответствии» деген балама болар еді. Сондықтан «толық» деген сөзді «толықтай» деген сөзге ауыстырса болатын сияқты. Сонымен қатар, соңғы екі заңның орыс тіліндегі нұсқаларында «назначение вне очереди в наряд» және «назначение в наряд вне очереди» деп ресімделген екі нұсқасын бірдей етуге болады. Сонда заңның қазақ тіліндегісінде де екі нұсқа шықпас еді.
Бірізділік мәселесі осы заңдардағы «расследование» сөзінің баламаларына да қатысты. Мысалы, «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 58-бабының атауы «Қызметтік тергеу», ал оның 1-тармағында «Қызметтік тергеп-тексеру» деген ұғым қолданылған. Дәл осы институттың не рәсімнің «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңның 65-бабының 1-тармағында бекітілген нұсқасы - «қызметтік тексеру». Ал, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңында қолданылған балама - «тергеп-тексеру».
Мақала объектісіне қатысты аудармалық бірізділіктің жетіспеуіне келесі мысалды «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңнан келтіруге болады. 56-баптың 1-тармағы бойынша «Құқық қорғау органдарындағы тәртіптік жазалар тәртіптік жауапкершілік шарасы болып табылады» (орыс тіліндегісі: Дисциплинарные взыскания в правоохранительных органах являются мерой дисциплинарной ответственности). Бұл мысалдан тілдік қатемен қатар, қисындық қатені де байқауға болады.
Мақалада көрсетілген мысалдарды талдай келе, мынадай қорытындыға келуге болады: қолданыстағы заңнамаға тән кемшілік - бірізділіктің болмауы - мемлекеттік қызметті құқықтық реттеуде де орын алып отыр. Олардың арасында аударуы күрделі, терминдік алуандылық, тілдік конструкцияға тәуелді сөз тіркестері мен ұғымдарды сақтау сияқты объективті себептермен қатар, аударуда қарапайым аудару мен бірізділікті сақтауға әбден мүмкін болатын нормалар да жеткілікті. Сондықтан кезекті реформалар мен заңдарға толықтырулар мен түзетулер енгізуді жүргізгенде заңнаманы бірізділендіруге бағытталған жұмыстарды да қатар жүргізген орынды. Сол кезде жалпыға да, мемлекеттік қызметшілерге де түсінікті нормалар мен сапалы заңнама қалыптасады.
Қолданылған әдебиет
1 Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы: Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңы // «Әділет» АҚЖ. (15.05.2018)
2 Құқық қорғау қызметі туралы: Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы Заңы // «Әділет» АҚЖ. (15.05.2018)
3 Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы: Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыздағы Заңы // «Әділет» АҚЖ. (15.05.2018)
4 Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы: Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 13 ақпандағы Заңы // «Әділет» АҚЖ. (15.05.2018)
5 Қазақстан Республикасының прокуратура органдарының кейбір мәселелері туралы: Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 қазандағы № 563 Жарлығы // «Әділет» АҚЖ. (15.05.2018)
6 О государственной службе Республики Казахстан: Закон Республики Казахстан от 23 ноября 2015 года // ИПС «Әділет». (15.05.2018)
О правоохранительной службе: Закон Республики Казахстан от 6 января 2011 года // ИПС «Әділет». (15.05.2018)
7 О дипломатической службе Республики Казахстан: Закон Республики Казахстан от 7 марта 2002 года // ИПС «Әділет». (15.05.2018)
8 О специальных государственных органах Республики Казахстан: Закон Республики Казахстан от 13 февраля 2012 года // ИПС «Әділет». (15.05.2018)
Н.М. Примашев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының доценті, з.ғ.к.
[1] Қолданыстағы заңнамада бірізділіктің жоқтығының бір мысалы. «Жауаптылық», «жауапкершілік» деген нұсқалардың орысша - «ответственность» деген жалғыз нұсқасы бар.