Өмірдің өзі сабақ
Өмірдің өзі сабақ
Шыр етіп, дүниенің есігін ашқаннан кейін, шіркін тіршілік басталады.
Өмір деген аумалы-төкпелі, қызық та қыңыр, бірде жоғары көтерілесін бірде төмен түсесің.
Алайда, әр адамның өмірінде кездесетін ерекшеліктер болады.
Сол сияқты, мен де осы өмірде өз орнымды таптым, жанұялы болдым, балаларым бар, Елбасының Жарлығымен жоғары лауазымға ие болдым.
Қол жеткізген жетістігім де, жеңісім де осы!
2003 жылы Батыс өңірі Атырау қаласында судьялық қызмет жолымды бастадым.
Әрине, алғашқыда көптеген қиыншылықтарға кездестім, үй болмай, пәтерлер жалдап, отбасыммен көшіп-қонып, қызықты кездерді де өткіздім.
Би болу оңай емес, және бұл биік лауазымға ие болудың өзі - халықтың алдындағы жауапкершіліктен басқа, өзіңе есеп беруің, сен кімсің, саған қандай міндет жүктелді, сол міндетті алып жүре аласың ба? деген ойлар кетпей қойды.
Бірақ осы күні осы жолда болуым бекер емес екенін түсіндім.
Би тек қана шешім қабылдап, істің ақ-қарасын шешуші тұлға емес, адам тағдырын шешеді, өмірін өзгертеді, себебін тигізеді.
Менің қызмет жолындағы тәжірибемнен бір оқиға есімнен кетпейді.
Істің мән-жайы бойынша қысқаша айтқанда, қария кісі, жасы жетпістен асқан, өз баласын жауапкер ретінде сотқа беріп, үйді сыйға тарту шартын жарамсыз деп тану туралы талаппен сотқа жүгінген.
Өмір бойы бар жиған-тергенін үй салуға жұмсап, үлкен үй салады, қартаяды, жолдасы қайтыс болып, ұлы ер жетіп, үйленіп, балалы-шағалы болады.
Бір күні ұлы әкесіне үй жөнінде әңгімесін қозғап, арадан көп уақыт өтпей, сыйға алу арқылы әкесінің үйіне ие болады.
Сол күннен бастап, қарт әкесінің өмірі күрт өзгереді.
Келіні қисайып, атасына мінез көрсетіп, үйде тұруға еш мүмкіндік болмайтындай жағдай жасайды.
Әкесі мен әйелінің ортасында қалған ұл, әйелінің сөзін сөйлеп, «үй менікі» деп, әкесін үйінен қуып шығады.
Жылап-сықтап әкесі туған-туысқандарының үйін жағалап кетеді.
Арадан бір жыл өтеді. Қария сотқа арыз береді. Сыйға тарту шартын жарамсыз деп тануды сұрайды. Іс маған түседі.
Заңға сүйенетін болсақ, әрине, оны жарамсыз деп тануға негіз жоқ, қария өз еркімен үйді ұлына сыйға тартып жіберген.
Алайда, бұл жантүршігерлік жағдайға немқұрайлықпен қарау мүмкін емес.
Істің мән-жайы анықталып, үйді сыйға тарту шарты жарамсыз деп танылып, үй қарияға қайтарылып берілді.
Шешімді жария еткеннен кейін, сол қарт кісінің екі қолын бетіне басып, кішкентай баладай жылағанын көрсеңіз ғой! Көздің жасын ұстап тұру сол жерде бәрімізге де оңай болған жоқ.
Бұл қуаныш па, әлде өкініш пе, үлкен сұрақ?!
Сол кезде қарт кісінің айтқаны әлі есімде: «Қызым, сен жассың, өмірің алда, алдыңнан қанша адам өтеді, қанша тағдырды көресің, өмір деген өзен, ағып кете береді. Мен бүгін жеңілдім, шешім менің пайдама болса да, менің қуануға құқығым жоқ. Саған ризамын, әділ шешіп бердің, алайда, осы жасқа келгенде түсінгенім, ұлыма дұрыс тәрбие бермегенім, дұрыс жолға қоймағаным, өмірім өтіп кетті, қартайған шағымда өз ұлыммен соттасамын деген ой болмапты, мұның бәрі менің кінәм. Адам баласы өмір жолын бастағанда, мақсаты - болашақ ұрпаққа өнегелі тәрбие беру, ата-ананы сыйлау, мейірімді және кішіпейіл болу, білімге баулу, соны ұмытпа, баланы тәрбиелеуде уақытты өткізіп алмау керек, олар біздің болашағымыз, мемлекетіміздің тірегі» деді.
Бұл сөздің астарында үлкен бір мағына жатырғанын түсіндім.
Әрине, өмір болғасын әртүрлі жағдайдар орын алып жатады.
Осы бір жағдай менің өміріме, лауазымды қызметіме зор ықпалын тигізді. Біз бүгінгі ғана күнмен өмір сүрмей, болашақ өмірімзге де көз салуымыз керек, өйткені, біздің балаларымыз - өмірдің жалғасы ғана емес, еліміздің саналылығы, мемлекетіміздің мызғымас күш-қайраты.
Адамның тағдырымен ойнауға болмайды, немқұрайлықпен қарауға болмайды, өйткені, алдыңа келген әрбір адамның артында қаншама адамның өмірі жатыр. Сот шешімі адам өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін, осы орайда, шешім қабылдамай тұрып, істі жан-жақты зерделеп, таразыға салып, ертеңгі күні жауап беруге дайын болатындай шешім қабылдауымыз тиіс.
Әрбір қаралған істен өзіме сабақ алып отырамын, білгенімізден білмегеніміз көп. Өмірдің өзі - сабақ.
Сот қызметіндегі жетістігім - өмірге, айналаға көзқарасымның өзгеруі, шыңдалуым, тәрбиеленуім, адам тағдырын шешуде билік тұлғасы емес, сол проблеманың жеке басымдағы проблема ретінде қарап, әділ шешімін табуға тырысатын тұлға ретінде қалыптасуым.
Бұл мен үшін үлкен жетістік!
Судья - ақыл-парасатпен, жылы жүрекпен адам тағдырын шешуші тұлға. Оған жүктелген талаптың да, жауапкершіліктін де жоғары екенін білеміз.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау мақсатында талай жұмыстар жасалып жатыр.
Сот жүйесінде сот төрелігін әділ және мінсіз атқарып келе жатқан, белсенді қоғамдық қызметімен ерекшелінетін, құрметке ие болған судьялар арамызда өте көп, олардың жұмыстары жөнінде, өнегелі тәрбиелік мәні бар қызықты істері жөнінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізіп отыру керек.
Халық өз бағасын береді, судьяның еренді еңбегімен танысып, сотқа деген жалпы көзқарасы өзгереді.
Жұмыс болғасын, кемшіліктер болмай тұрмайды, оны бәріміз же жақсы білеміз.
Қазіргі таңда инновациялық технологиялардың сот жүйесіне енгізілуіне сәйкес, жұмыс барысы оңтайландырылып, өз нәтижелерін көрсетіп жатыр.
Сот билігінің беделі әділ төрелігімен өлшенеді деген сөз бар. Ал сот төрелігін әділ және мінсіз атқару - бұл судьяның салауаттылығының жоғары болуы.
Сондықтан, мемлекетімізде сот жүйесін тек әділдікке негіздеп, заңға ғана бағынатын заман талаптарына сай қалыптастыруымыз керек.
«Адамға тән үш қасиет бар: «Қайтпас қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», осы үш қасиеттің барлығы да билер бойында орын алса, көптің ризашылығына ие болары анық, әр адам әрқашан адал болып, адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырса, мәртебесі биік, тұлғасы өр болатынына күмән жоқ.
Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы С.О.Каракузиева