Ақпараттық технологиялардың сотта дамуы
Ақпараттық технологиялардың сотта дамуы
Қазақстан Республикасы Президенті өзінің 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауыда әлемнің Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келе жатқанын атап айтқан болатын.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс екеніне баса назар аударды..
Орта мерзімді перспективада Қазақстан Республикасы экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа даму траекториясына көшіруге жағдай жасау мақсатында елімізде 2018-2022 жылдар аралығында іске асырылуы тиіс «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Бағдарламада Электрондық азаматтық істерге көшу және электрондық сот залын құру секілді іс-шаралар жоспары қарастырылған.
Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасының сот жүйесінде «Төрелік» ақпараттық жүйесі қолданылысқа ие. Бұл жүйені қолданудың негізгі мақсаты, ол соттар алдында тұрған барлық функционалдық мақсаттаға қол жеткізумен тығыз байланысты. Ақпараттық жүйені қодану келесі мақсаттарды, яғни: судья мен сот қызметкерінің жұмыс орнын автаматтандыру; сот отырыстарын дыбыс, -бейне жазба жүргізу; электрондық базалар мен құқықтық ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасу, соттардың жұмысы туралы ақпараттарға азаматтардың қолжетімділігін арттыру, сот қарауындағы істер туралы ақпаратты және сот шешімдерін Интернет-сайтта жариялау сияқты мақсаттарды көздейді.
Сот жүйесін цифрландыру бағытындағы реформаларының мәні тәуелсіз сот төрелігіне сенім арттыру мен сот жүйесінің тек қана азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, заңдылықты қатаң сақтауға және құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған.
Сот төрелігі бүгінде мүмкіндігінше ашық, жария түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағытта жасалынып отырған үлкен қадам, ол сот отырыстарын дыбыс, -бейне жазба құрылғылларын қолдану арқылы жүргізу. Мұндай амал, сот отырысының хаттамасына қандай-да бір өзгертулер еңгізуге мүмкіндік бермейді. Бұл, сондай-ақ судьяларды және сот отырысына қатысушыларды тәртіпке шақырады, сот процесі мен сот қабылдаған шешімнің объективтілігін қамтамасыз етеді.
Халықпен жұмыс жасаудағы перспективасы зор ақпараттық сервис - ол «Сот кабинеті» сервисі.
«Сот кабинеті» арқылы сотқа электронды түрде талап арыз, шағым, өтініш беруге, мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлеуге, сот құжаттары мен жалпы сот ісіне қатысты барлық құжаттарды осы сервис арқылы сотқа ұсынып, істің қозғалысын қадағалап отыруға болады. Бұл қызмет аясында жаңа заман талабына сай бдыбыс-бейнежазбаны енгізіп, сот отырысының электронды хаттамасы қалыптастырылады. Жасалған хаттаманы сот отырысының қатысушылары ғаламтор арқылы «Сот кабинетінен» көруіне болады. Пайдаланушының қалаған уақытында сот құжаттарын қарауға, іс бойынша сот актілерін басып шығарып алуына мүмкіндігі бар. Үйінен шықпай ақ адвокатына, заңды өкіліне сенім хат осы сервис арқылы жолдауға болады, сонымен қатар егер нотариустың қызметі ақылы болса, сервис арқылы жолданған сенімхат үшін мемлекетік баж төленбейді.
Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану сот қызметінің қолжетімділігі, ашықтығы мен тиімділігі тәсілдерінің бірі болып табылғандықтан ақпараттық сервистерді қолдану сот кеңсесі қызметкерлерінің ғана емес, сотқа жүгінетін адамдардың да уақытын үнемдемек.
Қарағанды облысының
мамандандырылған ауданаралық
экономикалық сотының судьясы
Самат Мырзахметов