Дауларды медиация тәртібінде реттеу
Дауларды медиация тәртібінде реттеу
Медиация сөзі ағылшын тілінде кез келген дауды оған ешқандай да қатысы жоқ үшінші бір адамның медиатордың араласуы арқылы альтернативті түрде реттеу деген мағынаны білдіреді. Яғни, медиатор дегеніміз - өзара жанжалдасушы немесе дауласушы тараптардың арасында орын алған даулы мәселелерді олардың өздерін қатыстыра отырып, тараптарға тиімді жағдайда шешуді жүзеге асыратын тұлға. Жалпы қарапайым тілмен айтқанда медиатор бітімгер немесе белгілі бір мәмілеге әкелуші деп айтуға да болады.
Медиацияның түп-тамыры ерте заманнан басталады. Адамдар арасында алғашқы дау қай кезде пайда болса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған. Тарихшылардың айтуы бойынша медиация халықаралық, этносаралық дауларды шешу барысында және келіссөздер нәтиже бермей, екі жақ тығырыққа тірелген кезде қолданылған.
Мұның түп-тамырын ежелгі Финикия мен Вавилоннан тапқан. Өйткені олардың саудасы жақсы дамыған болатын, сол себепті даулар да тиылмайтын. Одан кейін бітімгершілік институты Грекияда дамығанға ұқсайды. Ал, ежелгі Римде медиаторлар ережесі алғаш рет заңды тұрғыда бекітілген. Ежелгі Русьте делдал қызметін діни қауым өкілдері атқарған.
Алайда, қазіргі күйіндегі медиация институты ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та қалыптасты. Дәл осы кезде АҚШ экономикасында даулардың жаңа түрі -кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер орын ала бастады. Оларды шешу үшін арнайы федералды қызмет құрылды. Ол әлі күнге дейін жұмыс істейді. Кейін медиация тек еңбек дауларына ғана емес, отбасындағы, коммерциялық саладағы келіспеушіліктерді де реттеу үшін қолданыла бастады.
2011 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Аталған заң медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді. Бүгінгі таңда еліміздің соттарында дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Медиацияның негізгі мақсаты кінәліні тауып анықтау емес, ортақ шешімге келу арқылы дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу болып табылады.
Жалпы айтатын болсақ медиация қазақ халқының қауымына жат рәсім емес. Ежелден ата-бабамыз құрметті ақсақалдардың, билердің көмегіне жүгіну арқылы дау жан-жалдарды шешудің дәстүрі болатын. Бүгінгі медиторлар бұл дәстүрді заң шеңберінде, қазіргі заманға сай қайтадан жаңғыртуда.
Қазіргі таңда соттарда медиация тәртібімен шешілген даулардың саны күн санап артуда сәйкесінше, сот тәртібімен қаралатын даулардың саны қысқаруда. Яғни, бұл пилоттық жобаны жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыс атқарылғанның нәтижесі.
Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай аудандық соты бұл жобаны БҰҚ-на пресс-релиздер, сұхбаттар, мақалалар, тұрғындармен әртүрлі кездесулер өткізу, мекемелерде дәріс оқу, медиаторлармен кездесу арқылы әрдайым насихаттауда. Сондай-ақ бұл бағытта атқарылып отырған жұмыс әр қарай жалғастырылады, өйткені дауларды сотқа дейін реттеу ол қазіргі заман талабы, қазіргі замандағы дауларды жылдам шешу тәсілі.
ШҚО Катонқарағай аудандық сотының бас маманы К.Н.Самарханов