Сот төрелігінің сапасын арттыруда тағы бір қадам
Сот төрелігінің сапасын арттыруда тағы бір қадам
Қазіргі таңда Жоғарғы Сотпен «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы Парламенттің қарауына ұсынылып отыр.
Жобаның басты мақсаттары сот процесінде істің толық және уақытылы қаралуын қамтамасыз ету, соттағы цифрландыруды одан әрі дамыту, артық сот рәсімдері мен шығындарын азайту және процеске қатысушылардың жауапкершілігін арттыруды көздейді.
Мәселен, АПК-нің 15-бабына енгізілетін өзгеріске сәйкес, соттың өз бастамасы бойынша дәлелдемелерді жинау бойынша жекелеген іс-әрекеттер жасауға, сондай-ақ сот отырысында өзінің құқықтық ұстанымын білдіруге мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, сот процесінде коммуникацияның жаңа тәсілі ұсынылып отыр. Бұл тараптардың ұстанымдарын уақтылы нақтылауға және дауды объективті шешуге септігін тигізеді.
АПК-нің 34-бабының 5-бөлігін екі тарап сот белгілеген соттылықпен келіскен жағдайда, ұйғарымға шағым беру мерзімінің аяқталуын күтпестен олардың жазбаша өтініші бойынша істі бір соттан екіншісіне беру ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жүргізілу қарастырылған. Яғни, соңғы нысанда дайындалған күннен бастап ұйғарым заңды күшіне енгенге дейін күту талап етілмегендіктен уақытты үнемдейді.
Жобада сот процесіне виртуалды қатысуға аса мән беріліп отыр. ҚР Жоғарғы Сотының Төрағасы Ж.Қ. Асановтың «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының негізінде «SMART сот» пилоттық жобасы басым жобалардың бірі болып табылады. Сотқа қатысу уақытын, қаржысын жұмсамай-ақ сот процесіне толыққанды қатысуға мүмкіндік беретіндіктен қазіргі таңда ол өзінің тиімділігін толық дәлелдеуде. Мысал ретінде Ақтөбе облысы соттарында аталған пилоттық жоба арқылы 2018 жылы 100-ге жуық іс қаралса, 2019 жылы 621 іс қаралғандығын атап өтуге болады.
АПК-нің 81-бабының 2-бөлігінде куә айғақтарын тыңдау тәртібін жеңілдету мақсатында тиісті жағдайларда телефон байланысы немесе қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану мүмкіндігін қарастыру ұсынылған. Бұл куәнің процеске қашықтықтан толыққанды қатысу мүмкіндігі деген сөз.
Бүгінде аудио-бейнежазба қысқаша хаттамаға тіркеледі және оның хаттама мәртебесі жоқ. Кодекс 133-бап 4-бөлікпен толықтырылып, сот талқылауының аудио-бейнежазбасы электрондық хаттама деп танылады. Толықтығын, құрылымын және сапалы қайта шығаруды қамтамасыз ететін электрондық хаттамаға қойылатын техникалық талаптарды осы Кодекстің талаптарын ескере отырып, соттар қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган айқындайды.
Сот жүйесінде заманауи технологиялардың қолданылуы сот өндірісін жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді жою, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей байланысын азайту жолымен сыбайлас жемқорлықтың орын алу ықтималдығын төмендетуге септігін тигізеді және еліміздің тұрғындары үшін сот жүйесінің ашық әрі қолжетімді болуына барынша мүмкіндік туғызады. Қорытындылай келе, жобада ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар халықтың сотқа деген сенімін арттырып, сот төрелігінің сапасын одан әрі жақсарта түсетіндігіне сенімім мол.
Заң жобасының маңыздылығын ескере отырып, баршаңызды талқылау процесіне белсенділік танытуыңызды шақырамын. Жобамен толығырақ https://zan.kz/kaz/docs/P1900000373 сілтемесі арқылы танысуға болады.
Ақтөбе облыстық сотының азаматтық
істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Е. Канапиев