Г.Әбдіқалықова БҰҰ-ның Қазақстандағы резидент-үйлестірушісі Н.Шимомурамен кездесті

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 07.04.2016 19:07 Zakon.kz
Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова жаңадан тағайындалған БҰҰ-ның Қазақстандағы резидент-үйлестірушісі – БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты өкілі Норимаса Шимомурамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті, деп хабарлайды zakon.kz, Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сілтеме беріп.

2015 жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун және бірқатар арнаулы агенттіктердің басшылары Қазақстанға іссапармен келді. Былтыр күзде Қазақстан Президенті БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясының жұмысына және жоғары деңгейдегі тақырыптық саммиттерге қатысты.

Мемлекеттік хатшы «Қазақстан-2050» стратегиясының, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» мемлекеттік бағдарламасының және Бес институционалдық реформаның негізгі бағыттары БҰҰ Бас хатшысының Бесжылдық іс-қимыл бағдарламасының басымдықтарымен, Мыңжылдық Даму мақсаттарымен (МДМ) және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) үйлесімді екендігін атап өтті.

Г.Әбдіқалықова маусымда Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланған жағдайда адамзат алдындағы сын-қатерлерді шешу ісіне қомақты үлес қосуға, сонымен қатар Орталық Азия өңірі мәселелеріне халықаралық қауымдастықтың назарын аударуға дайын екенін айтты.

Мемлекеттік хатшы БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесе қаржыландырылатын жобалар аясында Астанадағы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өңірлік хабты дамыту, Алматыдағы Көпжақты дипломатия орталығын заңнамалық түрде рәсімдеу, «KazAid» дамуға қолғабыс көрсету жөніндегі агенттігі жұмысын ілгерілету, сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық бойынша барлық бағытта серіктестікті жалғастыруға қызығушылық танытты.

Г.Әбдіқалықова Қазақстанның гендерлік теңдікке және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері аясын жүйелі түрде кеңейтіп келе жатқанын атап өтті. Биыл наурыз айында қазақстандық делегацияның Нью-Йорктегі БҰҰ Әйелдер жағдайы жөніндегі комиссиясының 60-шы сессиясына қатысуы – соның жарқын дәлелі.

Мемлекеттік хатшы кездесу соңында Қазақстан мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасындағы диалог пен өзара түсіністікті нығайту жолында Н.Шимомураға табыс тіледі.

Фото:shalkarfm.kz

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: