Алматыда заңсыз дүңгіршіктер сүрілді

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 13.04.2016 23:00 Zakon.kz
Жабайы сауданың тамырына балта шабу үшін жыл басынан бері Алмалы ауданында 60 рейд жүргізіліп, 125 адамға әкімшілік хаттама толтырылған.

Жабайы саудаға жол жоқ. Алмалы ауданының құзырлы орган өкілдері мен табиғатты қорғау полициясы кезекті рейд ұйымдастырып, қаланың көркін бұзып тұрған заңсыз сауда нүктелерінің көзін жойды. Жерді заңсыз иемденіп, саудасын қыздырғандарға айыппұл салынды, деп хабарлайды Алматы телеарнасы.

Алматының ажарына жауапты мамандар талай жылдан бері қаланың сәулетін бұзып тұрған жабайы саудамен күресіп келеді. Алайда тәртіпке бағынбай, өз бетімен жерді заңсыз басып алып, табыс тауып отырғандардың қатары азаяр емес. Кезекті тексеріс барысында Абай даңғылының бойындағы дүкенге жапсарласа орналасқан мына дүңгіршек көзге түсті. Тұтқиылдан келген тәртіп сақшыларын көрген құжатсыз саудагер әуелде әбден састы, кейін тауарларын сыртқа таси бастады.

Жылға жуық заңсыз жұмыс жасаған бұл дүңгіршектің бүгін күл-талқаны шықты. Құзырлылар кәсіп иесіне талай мәрте ескерту жасап, саудасының заңсыз екендігін айтқан. Алайда адам аяғы көп жүретін тура орталықтан пайда көзін тапқан кәсіпкер ескертудің біріне де құлақ аспапты. Нәтижесінде, табиғатты қорғау полициясы мен құзырлылар заңсыз дүңгіршекті сүріп, иесіне айыппұл арқалатты.

"Бізге ешкім ешқандай ескерту жасаған жоқ. Осында сауда жасап тұрғаныма 5 ай болды. Бірақ мынауың заңсыз деп бір адам келген емес",- деді заңсыз дүңгіршек иесі Әлішер Айтов.

Заңға қайшы болса да, шаһардың сәнін кетіретін келеңсіз сауда нүктелері әлі де қанат жайып отыр. Тексеріс барысында Мақатаев көшесінің бойында орналасқан мына киоск те назарға ілінді. Жеміс-жидек сатып тұрған саудагер рұқсатты маңайдағы дүкеннің қожайынан алдым деп ақталды. Бірақ дереу олқылықты жойып, дүңгіршектің көзін құртуға уәде берді. Тәртіп сақшылары саудагерге ескерту жасап, айыппұл салды.

"Жыл басынан бері осындай заңсыз тұрған 7 дүңгіршек алынды. Оларға заң бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 204-бабымен және 505-бабымен айыппұлдар салынды. Айыппұлдың мөлшері заңсыз саудаға 204- бабымен 5 айлық көрсеткіш, ол 10605 теңге. Ал, 505 баб бойынша көріктендіру заңнамасын бұзғаны үшін 20 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады",- деді Алматы қаласы Алмалы аудандық табиғатты қорғау полициясының басшысы Алмас Шегебаев.

Жабайы сауданың тамырына балта шабу үшін жыл басынан бері Алмалы ауданында 60 рейд жүргізіліп, 125 адамға әкімшілік хаттама толтырылған. Оларға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 286 мың 385 теңге болса, қазіргі кезде оның 201 мың теңгеден астамы өтелген. Құзырлылар жабайы саудамен күрес әлі де күшейетінін жеткізді.

Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев

Фото: kazanfirst.ru

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: