Алматыда 10 мыңнан астам текше метр қоқыс сыртқа шығарылды

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 19.04.2016 17:38 Zakon.kz
Баум тоғайындағы артық өскен бұталар кесіліп, қап-қап қоқыс шығарылды. Тазалық шарасына белсенді қатысқан құзырлыларға қала тұрғындары алғыстарын жаудырды.

Көктем жаңару мезгілі. Жылдың осы уақытында табиғат оянып, барлық тіршілік жанданып, адамдар айналасын күл-қоқыстан тазартуды бастайды. Апта соңында алматылықтар бір кісідей жұмылып, жалпықалалық сенбілікке шықты. Олар қала көшелерін, аулалар мен көпшілік көп жүретін орындарды, өзен, су арналарын, бақтар мен демалыс орындарын мұнтаздай етіп тазартты. Маңызды іс-шараға шамамен 300 мың адам қатысқан. Олардың қатарында әкімдік қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, елге белгілі мәдениет қайраткерлері мен спорт саңлақтары да бар. Шара кезінде шаһар басшысы Бауыржан Байбек бастаған белсенділер, Түрксіб ауданындағы Баум бағының аумағына қылқан жапырақты 50 түп ағаш екті. Алматы қаласы әкімдігі сенбілікке қатысушылардың бәрін қажетті құрал-саймандармен қамтамасыз етті, деп жазады Алматы телеарнасы.

Алматыда ұйымдастырылған сенбілікке қалалықтар көтеріңкі көңіл-күймен белсене қатысты. Олар жер-жерде қарқынды түрде тазалық жұмыстарын атқарып, нәтижесінде алып шаһар аумағы айтарлықтай жаңарып қалды. Қаланың түкпір-түкпірінде жүргізілген қызу тазалық жұмыстарынан соң, көшелер мұнтаздай болып тазарды. Тұрғындар өз аумақтарынан қоқыс-қалдықтарды шығарып, ағаш түптерін әктеді. Сыры кетіп, тозығы жеткен қоршауларды қайта бояп, бір кісідей атсалысты. Әрі жасыл желек санын көбейтуге де қол ұшын созды.

"Қала әкімінің бастамасыменен "Алматы- қала тұрғындары үшін" деген бағдарламалар болып жатыр. Қала әкімінің шешіміменен үлкен қалалық сенбілік, осыған қатынасу үшін біздің Алмалы ауданынан еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатысып жатыр деп айтуға болады. Қалған жұртшылықтар үйлерінің маңайында көшелерді тазалауға атсалысып, халықтың игілігі үшін, біздің халқымыз дұрыс демалыс болып, таза ауа жұту үшін көптеген жұмыстар жүргізіп жатыр",- деді Алматы қаласы Алмалы аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жақсылық Әмірханов.

Шаһардың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында 8 ауданның барлығында көшелер мен саябақтардағы орындықтар, қоқыс жәшіктері және қоршаулар сырланды. Сенбілік кезінде қала аумағына 16 мың түп ағаш отырғызылды. Ортақ үйіміздің әсемденуіне қалалық тұрғындардан бөлек, мемлекеттік қызметкерлер де белсене атсалысты.

"Алматының тазалығын бәріміз қолдап, тазалықты сақтау керек және оны ары қарай қорғай білу керек деген ниетпен келіп отырмыз. Кез келген тұрғын және мемлекеттік қызметкер осындай сенбіліктерге жиі қатысып тұрса дұрыс деп ойлаймын",- деді Түрксіб аудандық мәдениет басқармасының басшысы Қанат Әлімбетов.

Түрксіб ауданындағы Баум бағын тазалауды тұрғындарынан бөлек, қалалық әкімдік қызметкерлері мен өнер қайраткерлері қолға алды. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек өзі бастап тал егіп, ағаш түптерін қопсытып, тазалық жұмыстарына атсалысты. Қала әкімі Алматыны абаттандыру үшін жасыл желек санын арттыруға басты назар аударылатынын қадап айтты. Сенбілік барысында Баум бағының аумағына қылқанжапырақты 50 түп тал отырғызылды. Елге белгілі өнер иелері мен спорт саңлақтары да екі қолға бір күрек алып, игі іске білек сыбана кірісті.

"Мен мұндай шараларға қатысқанды жақсы көремін. Біздің сүйікті қаламыз әрдайым таза болуы керек. Өзге өңірлерден, шетелден келген қонақтар біздің Алматымыздың тазалығы мен табиғатына әрдайым тамсана қараса игі болар еді. Сондықтан тазалық шарасын әр сенбі сайын өткізсек те артық етпейді. Жалпықалалық сенбілікке кез келген тұрғын, әсіресе жастар өте белсенді атсалысып, қоғамдық жұмыстан қашпауы тиіс",- деді Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева.

Баум тоғайындағы артық өскен бұталар кесіліп, қап-қап қоқыс шығарылды. Тазалық шарасына белсенді қатысқан құзырлыларға қала тұрғындары алғыстарын жаудырды.

"Жаңа әкім келгелі қаланы көркейтуге арналған әртүрлі бағдарламалар қабылданып, соның аясында бірқатар жұмыстар белсенді атқарылып жатқандығын көрдік. Оған өте қуаныштымыз. Халықтың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Саябақтар мен үй аулаларында балалардың ойын алаңының, жаттығуға арналған алаңдардың саны артып отыр. Біз өте қуаныштымыз",- деді қала тұрғыны Татьяна Абрамова.

300 мыңға жуық тұрғын қатысқан жалпықалалық сенбілік тұтастай алғанда жоғары дәрежеде өткізілді. Әрбір азамат айтулы шараға жауапкершілікпен қарап, қала тазалығына бей-жай қарамайтындықтарын дәлелдеді. Бұл күні коммуналдық қызмет жүйесі 853 бірлік арнайы техника шығарып, қатысушылардың күшімен 10 мың 265 текше метр қоқысты жинады.

Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов

Фото:radiotochka.kz

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: