Қызылордада кәмелетке толмағандарға арналған балама әділ сот орталығы ашылды

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 20.05.2016 17:39 Zakon.kz
Орталықта 2 психолог, 2 әлеуметтік қызметкер, 4 дамыту маманы жұмыс істейді.

2016 жылғы 20 мамырда Қызылордада «Сыр Ұландары» қоғамдық бірлестігі негізінде Заңға қайшы әрекет жасаған кәмелетке толмағандарға арналған балама әділ сот орталығының салтанатты ашылуы Қызылорда облысы Әкімінің орынбасарының және Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Өкілінің қатысуымен өтті. Орталықты ашу барысында шараға қатысушыларға Қызылорда облысы әкімдігінің, Еуропалық Одақтың және Қазақстандағы ЮНИСЕФ ұйымының бірлескен бағдарламалары аясында жабдықталған кабинеттер көрсетілді, деп хабарлайды BNews.kz.

Орталықтың басты міндеттері – балама әділ сот тетігін қолдану мүмкіндігін іс жүзінде сынау, балама әділ сот жұмысын жүзеге асыру кезінде мүдделі тұлғалардың өзара әрекеттестігін ұйымдастырудың жағымды және ұнамсыз тұстарын анықтау, сынама жоба негізінде балама әділ сот жұмысын ұйымдастырудағы тәжірибені бір жүйеге келтіру, сонымен қатар, Қазақстан Республикасында балама әділ сот институтын енгізу тұрғысынан заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныс-кеңестер жасап шығару.

Ресми статистикаға сәйкес, ұлттық деңгейде де, Қызылорда облысында да кәмелетке толмағандардың жартысы дерлік қылмысты топтасып жасайды. Осылайша, қылмыстың санына қарағанда, қылмыс жасаған балалардың саны көбірек. Нақтырақ айтсақ, Қызылорда облысында 2013 жылы 190 бала қылмыс жасаған. 2015 жылы бұл көрсеткіш 125-ке азайған.

Дөңгелек үстелге қатысушылар «Сыр ұландары» ҚБ Қызылорда облысында жүзеге асырып жатқан балама әділ сот бағдарламасының жұмысымен танысып шықты. Орталықтың директоры Сәуле Әбілдаева көпшілік мақұлдаған бағдарлама аясында балаларға психологпен дербес кеңесу, әлеуметтік қызметкердің қатысуымен жасөспірімнің отбасындағы әлеуметтік мәселелерді шешу, бос уақытын сапалы өткізу: пікірталастар, футболдан, волейболдан спорт үйірмелері, жаттығу залдары, репетитормен жұмыс жасау, құқықтық мәселелер жөнінде кеңес беру сынды әртүрлі мүмкіндіктер ұсынылатынын айтты.

«Орталығымызда 2 психолог, 2 әлеуметтік қызметкер, 4 дамыту маманы жұмыс істейді. Олардың жұмысын менеджер және есепші қамтамасыз етеді. Біз баланың әлеуметтенуін, оның қоғамға қайта оралуын және қоғам өміріне қайта қосылуын қалаймыз. Сонымен қатар, біз оның өз іс-әрекеттері үшін, өзі үшін және өз өмірі үшін жауапкершілікті өз мойнына алғанын қалаймыз», - дейді Сәуле Әбілдаева.

Фото:today.kz

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: