Қарағандыда жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтпек
Қарағанды облысында жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу бойынша жұмыстарды күшейтпек. Бұл туралы жастар саясаты бойынша облыстық басқарма басшысы Мирас Құттыбай мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат ХАА.
«Бүгін Қарағанды облысы орталық мешітінің жастар ісі бойынша бөлімімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоямыз. Құжат мақсаты - жастар арасында дәстүрлі діни сананы қалыптастыруға бағытталған діни экстремизмнің алдын алу бойынша кешенді шараларды жетілдіру», - деді М. Құттыбай келісім жасау шарасында.
Ол радикализм, экстремизм және терроризмге қарсы күрес Елбасының «Қазақстан-2050 стратегиясы»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауындағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік орган мен теологтар, дін саласындағы сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс орнатылды.
Сонымен қатар, дін істері бойынша облыстық басқарма жанынан өңірлік конфессияаралық қатынастар мәселелерін зерттеу және сараптау орталығы құрылды.
Меморандумды жүзеге асыру үшін қатысушылар шаралардың нақты жоспарын жасайды.
Статистика органдарының ақпаратынша, 2016 жылдың басында Қарағанды облысында 14 пен 29 жас аралығындағы 315 мың жас тұрды. Бұл өңір тұрғындарының 23% құрайды.
Фото: www.inform.kz