Астана көшелеріндегі қателер азаяр емес

zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 03.08.2016 15:18 Фото: zakon.kz
Қазіргі уақытта басқарма Астанадағы 50 жарнама агенттігімен тікелей жұмыс жүргізіп отыр. Қаладағы жарнама тілін реттеп, бір ізге түсіру үшін оларға әдістемелік көмек көрсетіледі.

Астана көшелеріндегі жарнамалар мен жазбалардағы өріп жүрген қателер азаймай отыр. Биылғы жылдың басынан бері сыртқы жарнама және көрнекі ақпараттың 1059 нобайы сараптамадан өтіп, жарнама мәтіндеріндегі 342 қате түзетілген. Елорда көшелеріндегі қазақша қате жазылған жарнамаларды жөндеу бағытында жасалып жатқан жұмыс жөнінде BNews.kz тілшісіне берген сұхбатта Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев әңгімеледі.

Басқарма басшысының айтуынша, қаладағы сыртқы жарнамалар, көрнекі ақпараттардағы қате жазылған мәтіндерді анықтау үшін қалада күнде рейд жүргізіледі. Осы жұмыстың нәтижесінде биылғы жылдың алты айында 1059 жарнама нобайы сараптамадан өткізіліп, 342 қате түзетілген.

«Қателер өте көп. Өйткені, қалада жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай күнде бір нысан ашылады. Бірі дүкен, бірі дәмхана, енді бірі тігін шеберханасын ашады. Олар рұқсат қағазын алады да, атауын қоя салады. Заң жүзіндегі тәртіпті білмейді. Оның дизайнын сәулет басқармасында келісіп, қателерін біз қарауымыз керек. Қателерді анықтау үшін күн сайын көшелерді аралап, қарап, суретке түсіреміз», - дейді Тілеуғали Қышқашбаев.

Бұдан бөлек, қаладағы кейбір нысандар маңдайшаларын мемлекеттік және орыс тілінде ресімдегенімен, көрнекі ақпараттарды тек орыс тілінде безендіреді екен. «Тіл туралы» заңды бұзған тұлғаларға, ең алдымен, ескерту жасалады. Олар 10 күннің ішінде қатені түзетуі қажет. Егер осы уақытта қате жөнделмесе, қала әкімшілігі нысанның иесін сотқа береді.

«2016 жылдың бірінші және екінші тоқсанында Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша 10 көшеде орналасқан 150 нысанға, Алматы ауданы бойынша 15 көшеде орналасқан 170 нысанға, Есіл ауданы бойынша 8 көшеде орналасқан 40 нысанның басшылығына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бас көлік прокуратурасының тапсырмасына сәйкес, Астана қаласында орналасқан 40 авиаагенттік, авиатурагенттікке рейдтер жүргізіліп, әуе билеттерін ресімдеу кезінде жіберілген заң нормаларына қайшы келетін кемшіліктер анықталып, түзетілді», - дейді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта басқарма Астанадағы 50 жарнама агенттігімен тікелей жұмыс жүргізіп отыр. Қаладағы жарнама тілін реттеп, бір ізге түсіру үшін оларға әдістемелік көмек көрсетіледі.

«Биыл басқарманың жанынан жарнама мәтіндерінің мемлекеттік, орыс және басқа да тілдерде ресімделуінің сапасын жақсарту, талдау және мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ, жастар қоғамы бар, олар бізге үлкен көмек көрсетеді. Көшедегі қателерді фейсбук, пошта арқылы жіберіп отырады. 2-3 ай сайын олармен кездесіп, осы бағыттағы жұмысымызды талқылаймыз», - дейді Т.Қышқашбаев.

Бұдан бөлек, қалалық әкімдіктің интернет-ресурсындағы «Халықтық бақылау» бөліміне де сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттарға қатысты өтініштер түседі. Басқарма басшысының айтуынша, қала тұрғындары белсенділік танытып, көшеде көрген қателерді хабарлап отырса, жұмыс сапалы әрі тез жүреді.

Айымгүл Әбілева

Фото: BNews.kz

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: