Ақмола облысында 26 елді мекенді су басу қаупі бар

Zakon.kz, фото - Новости Zakon.kz от 24.03.2017 16:47 Zakon.kz
96-шы разъезге қыста екі метр биіктікте қар түсті. Мұндағы үйлердің шатыры әрең көрінеді.
Арқа жұртына көктем өз әбігерін ала келеді. Күн жылынып, қар ери бастағанда Ақмола облысында тасқын судың алдын алуға қатысты іс-шаралар күшейтіліп, табиғаттың тосын мінезіне қарсы дайындық пысықталады. Себебі бір ғана Целиноград ауданындағы 26 ауылдық елді мекен қызыл судың астында қалуы мүмкін, деп жазады Хабар 24 арнасы.

96-шы разъезге қыста екі метр биіктікте қар түсті. Мұндағы үйлердің шатыры әрең көрінеді. Тау боп үйілген қар көктемде еріп, елді мекенді су басуы мүмкін. Алаңдаған жұрт қалың қардан қауіптенеді. Жыл сайын тасқынмен алысатын ауыл тұрғындары табиғаттың тосын мінезіне қазірден дайындалып жатыр.

Сейітжан Бекболатов, 96-шы разъезд тұрғыны:

- Қатты қар да еріп тұрған жоқ. Негізінде орталық көшенің жанындағы каналдан қарларды алып жатыр. Бер жақ көшеге әлі ешкім көңіл бөліп тұрған жоқ. Тағы да айту керек оның шындығын.

Орынай Құлахметова, 96-шы разъезд тұрғыны:

- Биыл мінекей былтырғыдан да қарымыз көп. Енді білмеймін қалай. Біз көктем ғана қиын емес, бізде қыста да қиын. Боран болғанда біздің балалар қайда балабақша жаққа машиналарды қойып үйге баратын. Балалар сабаққа барады сонда да қиын.

Жалпы Целиноград ауданындағы 26 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр. Мұндағы 36 мың тұрғынның алаң көңілін айтпаса да белгілі. 2015 жылы аудандағы 300 үй қызыл судың астында қалып, жұртты біраз әбігерге салған еді. Биыл жергілікті әкімшілік мұндай апатқа жол бермейміз дейді.

Малгаждар Тәткеев, Целиноград ауданының әкімі:

- 77 арнайы техника жұмыс істеуде. Мынау төтенше жағдайдың алдын алу үшін аудандық бюджеттен 18 миллион 600 мың теңге қарастырылған. Соған міне, 70 мың литр жанар-жағармай 10 мың ыдыс-қапшық сатып алынды. 540 куб инерттік материал дайындалды. Сонымен қатар аудандық бюджеттен тағы да 40 миллион теңге резервтік қаралған.

Қазір Целиноград ауданында қардан тазарту науқаны қызу жүріп жатыр. Аудандық әкімдік қызметкерлері осы уақытқа дейін бюджеттен 42 миллион теңге қаражат бөлініп, елді мекендерден 111 мың текше метр қар шығарылғанын айтады. Сонымен қатар республикалық және аудандық тас жолдардағы 234 су өткізу құбыры тазартылып, тасқын суға қарсы дайындық күшейтілді.

Авторлары: Қанат Базылхан, Жанар Дулатова, Ерзат Зайтхан

Фото: 24.kz

Поделиться новостью
Следите за новостями zakon.kz в:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Сообщите об ошибке на странице
Ошибка в тексте: