Таразда студенттерге қызмет көрсететін психологиялық орталық ашылды
Zakon.kz
Кабинет оңтайлы психологиялық климатты қалыптастыруға бағытталған аудио жазбалар мен түрлі ақпараттық көрнекі құралдармен жабдықталып, жүргізілетін жұмыс талаптарына сәйкес бірнеше аймақтарға бөлінген.
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Relax» психологиялық қызмет көрсету орталығы ашылды. Мұнда ұстаздар мен студенттер үшін психологиялық диагностика, кеңес беру, психологиялық түзету мен дамыту және ағарту жұмыстары жүргізілмек. Бұл туралы zakon.kz ТарМПИ-дың Ақпараттық-имидждік қызметі берген ақпаратқа сілтеме беріп хабарлайды.
– Кабинетті ашудағы мақсатымыз – тұлғаның шығармашылық мүмкіндігі мен қабілетінің дамуына, психикалық тұрғыдағы саулығына қолдау көрсету. Сонымен қатар, азаматтардың психологиялық ерекшеліктерін терең зерттей отырып, тұлғалық өсуіне ықпал ету, студенттердің психологиялық дайындықтарының сапасын жоғарылату, оқу үрдісін практикамен ұштастыру және ғылыми-зерттеу жұмыстарын іске асыру. Өкінішке орай, бүгінде жастар арасында орын алып жатқан суицид сияқты келеңсіз жайттар артып отыр. Осы тақілеттес оқиғаларды болдырмау үшін ата-аналар, ұстаздар, психологтар мен жастар бірлесе жұмыс атқаруы тиіс. Ең алдымен алдын алу жұмыстары жүйелі жасалуы қажет. Институттағы білікті педагог-психологтар орталықта жастардың тұлға ретінде жетілуі және олардың бойындағы қарым-қабілеттің артуы бағытында жұмыс атқармақ, – дейді Психология және акмеология кафедрасының меңгерушісі Клара Сматова.
Кабинет оңтайлы психологиялық климатты қалыптастыруға бағытталған аудио жазбалар мен түрлі ақпараттық көрнекі құралдармен жабдықталып, жүргізілетін жұмыс талаптарына сәйкес бірнеше аймақтарға бөлінген. Әр аймақта өз қызметіне байланысты кеңес беруге арналған орындықтар, релаксациялық жаттығуларға арналған арнайы жұмсақ кресло, құм, түйме арт-терапиясы құрылғылары, сенсорлық жолақшалар, кинетикалық құм және психодрама ойыншықтарымен қамтамасыз етілген.
Кабинетте институттың оқытушылары мен студенттері үшін «Отбасылық қарым-қатынас психологиясы», «Стресс: шығу жолдары», «Ерлер мен әйелдердің психологиясы», «Кәсіби қарым-қатынас», «Студенттердің оқуға деген мотивациясы», «Стресстің алдын алу» және тағы басқа психологиялық тақырыптарда дәрістер, тренингтер мен семинарлар өткізіледі.
Поделиться новостью
Читайте также
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript